«АЭС салу керек пе, әлде жоқ па?» деген сұрақты қоғам әлі қаузап жатқанымен, АЭС мәселесі елімізде шешіліп қойды деуге болады. Халық арасындағы талқылау бітті. Енді алдағы күзде референдум өтеді. Халық өз пікірін айтады. Ары қарай атом станциясының жұмысы басталмақ.
Әлбетте АЭС-ке келгенде Халықтың пікірі де қақ жарылған. Бірі – экологиялық тиімді, әрі арзан атом электр станциясының қызығын көріп отырған өркениетті мемлекеттерді алға тартса, екіншісі – оның аса қауіптілігін тілге тиек етіп, наразылық танытуда. Дегенмен билік алдағы уақытта энергия тапшылығы болуы мүмкін дегенді ескеріп, АЭС-тің керектігін мақұл көріп отыр. Жөн-ақ. Әлбетте, елімізде уақыт өткен сайын энергияны тұтыну зор қарқынмен өсіп келе жатқанын ескерсек, алдағы 10-15 жылда оның тапшылығын көре бастайтынымыз хақ. Ал, күннің көзінен, желден аламыз деген энергия сұранысты ақтайды деу қате пікір. Дегенмен, АЭС –ке оң көзбен қарағанымызбен, әлі де ойланатын нәрселер бар.
Біріншісі, Орташа қуатты атом станцияларында кем дегенде 2-3 мың маман жұмыс істеу керек. Өкініштісі, бізде атом саласында жұмыс істейтін мамандар жоқтың қасы.
Екіншісі, «Қауіп еткеннен айтамын» дегендей, АЭС салатын Балқаштың жағасындағы Үлкен ауылына жақын Ресей жалға алып отырған Сарышаған полигоны бар. Онда солтүстіктегі көршіміз әр түрлі қаруларды соның ішінде баллистикалық ракеталарды сынақтан өткізеді. Ресейдің Капустин Яр полигонынан атылған баллистикалық зымырандар осы Сарышағанда атып түсірілетіні белгілі. Әгәрәки, ракета ұшып келе жатқан өз бағытынан қиыс кетіп, АЭС –қа соқтықса не болмақ? Онда екінші Чернобыль орнады дей бер. Бұл мәселеніде жақсылап ойланғанымыз жөн.
Ал, «АЭС –ті кім салады?» дегенге келсек, қай елдікі бізге тиімді сол ел салып берері хақ. Әзірге, АЭС салуға үмітті EDF (Франция), Росатом (Ресей), CNNC (Қытай), KHNP (Оңтүстік Корея), NuScale Power (АҚШ), Hitachi (Жапония) деген шет елдік компаниялардың аттары аталуда. Қазақстан кімге сеніп артады, оны уақытында көре жатармыз.
Азаматхан ӘМІРТАЙ