Home Жаңалықтар Табиғатты зерттеу – болашаққа қадам

Табиғатты зерттеу – болашаққа қадам

24

Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр кенті №24 лицейде  Жаратылыстану пәндері мұғалімдерінің ұйымдастыруымен дәстүрлі апталық бастау алды. «Табиғатты зерттеу – болашаққа қадам» атты тақырып аясында ұйымдастырылған бұл апталық оқушылардың  ғылымға деген қызығушылығын арттыруға, қоршаған ортаны тануға және экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

Апталық барысында лицейде түрлі мазмұнды іс-шаралар кең ауқымда өткізілді. Атап айтқанда, қызықты сайыстар ұйымдастырылып, «Құстар фестивалі» ерекше әсерге бөледі. Оқушылар табиғаттағы құстар әлемі туралы білімдерін ортаға салып, шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

Сонымен қатар «Ғылым әлеміне саяхат», «Тәжірибе әлемі» атты танымдық іс-шара барысында оқушылар жаратылыстану ғылымдарының қыр-сырымен танысып, тәжірибелік жұмыстар жүргізді. Лицей ауласын көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалмай, оқушылар табиғатты қорғау мен аялаудың маңыздылығын іс жүзінде дәлелдеді.

Апталық аясында өткізілген маңызды шаралардың бірі – ашық есік күні болды. Атап айтқанда, биология пәнінің мұғалімі Нүрия Қыстаубаеваның жетекшілігімен «Мидың құрылысы мен қызметтері» тақырыбында ашық сабақ өткізілді. Сабақ барысында оқушылар адам миының құрылымы, оның қызметтері туралы терең білім алып, белсенділік танытты.

«Мидың құрылысы мен қызметтері» тақырыбында өткен ашық сабақ жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыра түсті. Сабақтың басты мақсаты – адам миының анатомиялық құрылысын, негізгі бөліктерін және олардың қызметтерін жан-жақты түсіндіру, сондай-ақ оқушылардың сыни ойлау және талдау дағдыларын дамыту болды.

Сабақ барысында мұғалім түрлі әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланды. Алдымен оқушыларға ми туралы жалпы түсінік беріліп, оның орталық жүйке жүйесінің негізгі бөлігі екені айтылды. Кейін ми бөлімдері – үлкен ми сыңарлары, аралық ми, ортаңғы ми, сопақша ми және мишық жеке-жеке қарастырылып, олардың әрқайсысының атқаратын қызметтері түсіндірілді. Мысалы, үлкен ми сыңарлары ойлау, есте сақтау, сөйлеу және ерікті қозғалыстарды басқаруға жауап беретіні айтылса, мишық адамның тепе-теңдігін сақтауға және қозғалыс үйлесімділігін реттеуге қатысатыны нақты мысалдармен түсіндірілді.

Сабақта көрнекілік құралдар кеңінен қолданылды. Атап айтқанда, ми макеттері, слайдтар және бейнематериалдар арқылы оқушылар тақырыпты көзбен көріп, жақсырақ түсіну мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, топтық жұмыстар ұйымдастырылып, оқушылар ми бөліктерін сәйкестендіру, қызметтерін анықтау сияқты тапсырмаларды орындады. Бұл олардың бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырып, өз ойларын еркін жеткізуіне мүмкіндік берді.

Сабақ соңында кері байланыс жүргізіліп, оқушылар өз әсерлерімен бөлісті. Көпшілігі сабақтың қызықты әрі түсінікті өткенін атап өтті. Жалпы, бұл ашық сабақ оқушылардың теориялық білімін тереңдетіп қана қоймай, олардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, білімдерін өмірмен байланыстыра алу қабілеттерін дамытуға ықпал етті.

Жалпы, жаратылыстану апталығы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға үлкен үлес қосты. Осындай мазмұнды іс-шаралар оқушылардың болашаққа нық қадам жасауына негіз болары сөзсіз.

Нурия Қыстаубаева, № 24 лицейдің биология пәні мұғалімі.

Алдыңғы жазбаАспандағы жұмбақ пен жердегі шындық
Келесі жазбаЖасыл сана — кітаптан басталады