Home Жаңалықтар Өзге елдің нөмірімен жүрген көліктер қалай тіркеледі?

Өзге елдің нөмірімен жүрген көліктер қалай тіркеледі?

56

Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті шетелдік нөмірлермен жүрген көліктерді онлайн тіркеудің тәртібін түсіндіріп берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

 

Комитет төрағасының орынбасары Әлібек Кеңісбаев баспасөз маслихатында қазіргі уақытта елімізде Ресей, Армения және Қырғызстанның тіркеу нөмірлерімен жүрген көліктердің көп екенін жасырмады.

Тіпті ондай көліктердің нақты саны да белгісіз екен.

«Өкінішке қарай, біз ол көліктердің иесін және кім қолданып жүргенін білмейміз. Тіркеу жүйелері жол жүру ережесін бұзу фактісін тіркесе де, көлік иесін анықтай алмайды. Себебі камераға өзге елдің нөмірі түседі. Әкімшілік хаттаманы да толтыра алмаймыз«, –  деді Кеңісбаев.

Төрағаның орынбасары өткен жылы осы санаттағы көліктердің иесі 40 мыңнан аса жол ережесін бұзса, ағымдағы жылы алты айдың ішінде аталған көрсеткіш 42 мыңнан асқанын жеткізді.

Осыған байланысты шетелдік нөмірлермен жүрген көліктерді уақытша тіркеуді онлайн режимде енгізу бастамасы көтеріліп отыр екен. Кеңісбаевтың сөзінше, аталған шара тегін жүргізіледі.

«Ешқандай құжат алудың қажеті жоқ. Біз көліктердің тіркелгенін өзіміздің ақпараттық базамызда көретін боламыз. Аталған деректер әрбір полицейдің планшетіне шығарылады. Осылайша, өзге елдің нөмірімен жүрген көліктер тіркеуге алынады. Соның арқасында жол қауіпсіздігін ғана емес, сан алуан қылмыстарды да анықтауға мүмкіндік болады«, – дейді Әлібек Кеңісбаев.

Осы бастаманың аясында кеден қызметі мен ішкі істер органдарының ақпараттық базаларын интеграциялау жоспарланып отыр. Осылайша, полицейлер Қазақстанға кірген көліктерді көріп отырмақ.

Алдыңғы жазба«Абай өлеңдерін оқу»: Президенттің баспасөз хатшысы эстафетаны Зайытовқа жолдады
Келесі жазбаЛатын әліпбиіне көшу тағы 10 жылға созылатыны рас па?