Home Қоғам Жасыл сана — кітаптан басталады

Жасыл сана — кітаптан басталады

8
Бүгін елімізде Ұлттық кітап күні атап өтілуде. Мемлекет  басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  бастамасымен бекітілген бұл күн — тек кітапты насихаттау емес, ұлттың ойлау мәдениетін, рухани бағытын айқындайтын маңызды қадам. Кітап — білімнің ғана емес, адамзаттың табиғатпен қарым-қатынасын да қалыптастыратын құрал. Атамыз  қазақ «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді. Бұл — жай сөз емес, тұтас экологиялық философия.
Бабаларымыз табиғатты тұтыну нысаны емес, аманат деп түсінген. Ал сол аманатты сақтау — бүгінгі ұрпақтың санасына байланысты.        Рас, қазіргі әлемде экологиялық мәселелер ушығып тұр. Климаттың өзгеруі, су тапшылығы, орман алқаптарының азаюы — бұлардың бәрі адам әрекетінің салдары. Осындай кезде «Судың да сұрауы бар» деген аталы сөз ерекше мәнге ие болады. Табиғаттың әрбір игілігі жауапкершілікті талап етеді.  Ал сол жауапкершілік қайдан қалыптасады? Әрине, білімнен. Ал білімнің бастауы — кітап.
     Кітап адамға тек ақпарат бермейді. Ол ойлануды үйретеді. Сезінуді үйретеді. Табиғат туралы ғылыми еңбектер адамға дерек берсе, көркем әдебиет жүрекке әсер етеді. Табиғатты суреттеген шығарма, жануар тағдырын бейнелеген оқиға оқырманды бейжай қалдырмайды. Сол арқылы адам табиғатқа сырт көзбен емес, жанашырлықпен қарай бастайды. Ұлттық кітап күні — осы тұрғыдан алғанда, тек әдеби мереке емес. Бұл — сананы тәрбиелейтін күн. Себебі экологиялық мәдениет дегеніміз — заңмен емес, ең алдымен, ішкі түсінікпен қалыптасатын құндылық.
    Жоғары экологиялық мәдениеті бар адам табиғатты пайдалану объектісі ретінде емес, тіршілік иесі ретінде қабылдайды. Ол қоқысты бейберекет тастамайды, суды үнемдейді, ағаш отырғызуды парыз санайды. Өйткені ол табиғатпен байланысын сезінеді. Ал бұл сезім — оқудан, танудан, түсінуден пайда болады. Бүгінде кітапханалар мен оқу орындары экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отыр. Түрлі көрмелер, танымдық кездесулер, ашық дәрістер — бәрі де қоғамға ой салады. Бірақ кез келген бастаманың түп негізі — оқырманның өз таңдауы. Кітапты қолға алу — бұл тек оқу емес, бұл — өзіңді өзгертуге деген қадам.
  «Жер — ырыстың кіндігі» деген түсінік те бекер айтылмаған. Жерге деген құрмет — өз болашағыңа деген құрмет. Ал сол құрметті қалыптастыратын ең қуатты құрал — кітап. Қорыта айтқанда, Ұлттық кітап күні — кітапқа құрмет көрсету күні ғана емес, саналы қоғам қалыптастыруға шақыратын маңызды мезет. Егер біз кітап арқылы тек білім алып қана қоймай, табиғатты аялауды да үйренсек, онда болашақтың да, табиғаттың да тағдыры сенімді қолда болады. Өйткені жасыл сана — кітаптан басталады.
Азаматхан  ӘМІРТАЙ,  «Байтақ»  Жасылдар  партиясының  төрағасы
Алдыңғы жазбаТабиғатты зерттеу – болашаққа қадам