Соңғы жылдары белгісіз ұшатын нысандар туралы әңгіме қайта күшейді. Бұрын тек қиял мен фантастиканың еншісіндей көрінетін бұл тақырып бүгінде ресми мінберлерде де айтылатын болды. АҚШ-та бірқатар ғалымдардың жұмбақ жағдайда қаза табуы мен із-түзсіз жоғалуы қоғамда үлкен күдік туғызды. Бұл күдіктің бір ұшы бірден НЛО тақырыбына барып тірелді.
2022 жылдан бері ядролық физика, ғарыштық зерттеулер мен қорғаныс технологияларына қатысы бар бірнеше маман түрлі жағдайда көз жұмды немесе жоғалып кетті деген ақпарат тарады. Олардың қатарында NASA жобаларымен жұмыс істеген зерттеушілер де бар. Мәселен, астероидтарды зерттеумен айналысқан Майкл Хикстің кенеттен қайтыс болуы, оның әріптесі Фрэнк Майуолдтың белгісіз жағдайда көз жұмуы, Массачусетс технологиялық институтындағы плазмалық физика орталығының директоры Нуно Лоурейроның өз үйінде оққа ұшуы — бір-біріне ұқсамайтын, бірақ бір кезеңге шоғырланған оқиғалар.
Тағы бір жағдай — Калифорниядағы зертхана қызметкері Моника Резаның тауда жүрген жерінен жоғалып кетуі. Оның денесі табылмады. Ал Лос-Аламос ұлттық зертханасына қатысы бар бірнеше адамның бірінен соң бірі із-түзсіз кетуі күдікті күшейтті. Осындай оқиғалар тізбегі қоғамда «бұл жай кездейсоқтық емес» деген ойды қалыптастырды.
Тіпті антигравитация мен НЛО тақырыбын зерттеген Эми Эксридждің өлімі де осы қатарға қосылды. Ол тірі кезінде өзін біреулер бақылап жүргенін, құрылғылары бұзылатынын, белгісіз «энергетикалық әсерлерді» сезінетінін айтқан. Кейін оның бұл сөздері психикалық күйзелістің белгісі болуы мүмкін деген пікірлер де айтылды. Бірақ дәл осы екіұдайлық — бүгінгі НЛО тақырыбының өзегі.
Осындай деректер жарияланған сайын қоғамда бір сұрақ күшейе түседі: бұл шынымен байланысқан құбылыстар ма, әлде адам санасы өзі байланыс жасап отыр ма?
Адам баласы белгісізді ұнатпайды. Әрбір түсініксіз жағдайға ол міндетті түрде себеп іздейді. Егер нақты жауап болмаса, ол жауапты өзі құрастырады. Ал НЛО — сол бос кеңістікті толтыратын ең ыңғайлы тақырыптардың бірі.
1947 жылғы Розуэлл оқиғасы-нан бері «құлаған табақшалар», «жасырылған денелер», «құпия әскери базалар» туралы әңгімелер толастамады. Бұл тек ғылыми сұрақ емес, мәдени феноменге айналды. Тіпті кейбір ресми құрылымдардың өзі соңғы жылдары «анықталмаған әуе құбылыстары» туралы есептер жариялай бастады. Мұны кейбіреулер «ақиқаттың ашылуы» деп қабылдаса, енді бірі — жаңа ақпараттық ойын деп қарайды.
Шын мәнінде, жоғарыда аталған өлімдер мен жоғалуларға қарасақ, олардың әрқайсысының өз логикасы бар. Бірі — қылмыс, бірі — жазатайым жағдай, бірі — жеке психологиялық мәселелермен байланысты болуы мүмкін. Бірақ оларды бір желіге біріктіретін нақты дәлел жоқ. Ортақ нәрсе — тек олардың «құпия салаларда жұмыс істегені» және қоғамның осы фактіге ерекше мән беруі.
Мәселе дәл осы жерде. Біз оқиғаның өзінен гөрі, оның айналасындағы әңгімеге көбірек сенеміз. Ақпарат көбейген сайын, шындық анықталмай, керісінше көмескіленіп кетеді. Әсіресе НЛО сияқты тақырыптарда шекара мүлде жойылады: ғылым, болжам, сенсация, тіпті фантазия бір-бірімен араласып кетеді.
Бұл жағдайды саясат та айналып өтпейді. Мұндай тақырыптар қоғам назарын басқа мәселелерден бұруға да ыңғайлы. Белгісіздік әрқашан қызықты. Ал қызық нәрсе — тез таралады. Соның нәтижесінде нақты дәлелі жоқ оқиғалар да үлкен «құпияға» айналып шыға келеді.
Сонда біз нені көреміз?
Аспандағы жұмбақты ма, әлде жердегі адамның санасын ба?
Мүмкін, ең үлкен құпия — ғарышта емес, адамның өз ішінде шығар. Өйткені біз көбіне шындықты емес, өзіміз сенгіміз келетін дүниені көбірек іздейміз.
НЛО туралы сұрақ әлі де ашық: біз ғаламда жалғызбыз ба, жоқ па — белгісіз. Бірақ бір нәрсе анық: дәлелсіз сенсация шындықтың орнын баса алмайды. Ал ғылым — асықпайтын, бірақ адаспайтын жол.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
dodanews.kz

































