Home Саясат «Шетелден 262 млрд теңгенің активі қайтарылды»

«Шетелден 262 млрд теңгенің активі қайтарылды»

28
19 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорданың мәліметінше, Берік Асылов Президентке берген өз есебінде екі мәселеге баса тоқталды:

  1. еліміздегі заңдылықтың сақталуы мен құқықтық тәртіптің жай-күйі, қадағалау органының басым бағыттардағы қызметі жөнінде мәлімет берді;
  2. инвестициялық жобаларды қолдау туралы баяндады:

Мәселен, ел экономикасына 8,3 триллион теңге қаржы құйған 445 инвесторға құқықтық көмек көрсетілген.

«Прокурорлық сүзгі» жобасы аясында мемлекеттік органдардың инвесторларға қарсы 500 шешімі бекітілген жоқ. Қабылданған шаралар инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттыра түсуге мүмкіндік берген.

Сондай-ақ Бас прокурор елге активтерді қайтару жұмыстары туралы айтты:

  • биыл прокуратура органдары жалпы құны 262 миллиард теңге, соның ішінде шетелден 205 миллион долларға бағаланған активтерді қайтарған;
  • активтерді басқару компаниясына кәсіпорындардағы құны 82 миллиард теңге болатын мүлік пен үлестер берілген;
  • жалпы сомасы 450 миллиард теңгеге тең активтерді қайтару туралы келісім мақұлданған.

Асылов Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған заңсыз берілген және пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы алқаптарын қайтару жөніндегі тапсырмасы орындалып жатқанын да жеткізді:

  • соңғы 4 жылда мемлекетке 17 миллион гектар жер қайтарылып, айналымға енгізілген;
  • жайылым тапшылығы 29 миллион гектардан 8 миллион гектарға дейін, яғни 4 есе қысқарған, жерге үлесі бар 11 мың адамның құқығы қорғалған;

Сонымен қатар Бас прокурор атышулы бірқатар қылмыстық істің тергелу барысынан мәліметтер ұсынды және есірткі қылмысына қарсы күрестің жай-күйі жөнінде ақпарат берді:

  • жыл басынан бері есірткі сатудың 1573 фактісі анықталған;
  • 15 тоннадан астам есірткі тәркіленген, соның ішінде 1 тонна синтетикалық есірткі бар;
  • 60-қа жуық есірткі зертханасы жойылып, 13 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылған.

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасында айқындалған «Заң және Тәртіп» бағдарын нығайту ісіне прокуратура органдарының күш-жігерін барынша жұмылдыруды, әсіресе, заңға қайшы кез келген әрекет үшін жазадан жалтаруға жол бермеуді тапсырды.

Алдыңғы жазбаТағы бір өлім: Аягөзде офицер өлі табылды
Келесі жазбаҚаза  болған  жауынгерлердің  обалы кімге?