Соңғы бір айда Қарулы күштеріміздің сапында жүрген 4-5 сарбазымыз кенеттен қайтыс болды. Ешқандай соғыссыз, қақтығыссыз, бейбіт күнде. Мұның себебі неде? Неге екені қайдам, әскерде жүріп дүниеден өткен сарбаздарымыздың көбін суицид жасаған деп жатады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
Мәселен, соңғы үш жылда үш жүзге тарта жауынгеріміз мерт болды деген дерек бар. Ащыда болса шындық осы. Бұл дегеніміз үш рота әскер немесе бір батальон солдат. Аз емес. Әскери қақтығыстар болып, елін-жерін қорғап қаза тапты десек бір жөн. Айдың күннің аманында, бейбіт күнде бір батальонға жуық әскердің көз жұмуын немен түсіндіруге болады? Қорғаныс министрлігі не қарап отыр? Дивизия, бригада басшылығы не істеп жүр? Әскердегі темірдей тәртіп қайда? Ұлын азаматтық борышын өтуге аттандырған шаңырақ неге қара жамылып қалуға тиіс? Мұның бәрі нақты тексеріліп, кінәлілер жазасын алып, сол оқиға болған әскери бөлімнің басшылығы орнынан кетіп, заң алында жауап беруге тиіс-ті.
Жалпы, әскеріміздің әлеуеті қандай, заманауи техникамен жарақтанған ба, оқыс оқиға бола қалса, елімізді қорғауға қауқарлы ма? Бұл жөнінде келесі жазбамда кеңірек тоқталатын боламын.
Азаматхан ӘМІРТАЙ