Home Басты жазба Сақтансаң — Құдай да сақтайды: Қазақстан армиясына қандай реформа қажет?

Сақтансаң — Құдай да сақтайды: Қазақстан армиясына қандай реформа қажет?

39

Каспий теңізінде болған қайғылы оқиға елімізді  дүр  сілкіндіргені белгілі.  Оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметшінің теңізге кетіп, оның 14-інің қаза болуы – жай ғана төтенше жағдай емес. Бұл – әскердегі қауіпсіздік жүйесінің, командалық шешімдердің, жауапкершілік мәдениетінің және әскери дайындықтың сапасына қатысты өте маңызды мәселе.

Бас прокуратураның мәліметінше, оқиға бойынша ондаған әскери қызметші жауапқа тартылып, құжаттар мен бейнематериалдар алынып, бірнеше сараптама тағайындалған. Қауіпсіздікті қамтамасыз етпеді және құтқару жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмады деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар да анықталған. Бұл тергеудің жай ғана формальды тексеру емес екенін көрсетеді.

Бірақ тергеу бір немесе бірнеше адамның кінәсін анықтаумен аяқталмауы керек. Егер командир қателессе – неге қателесті? Егер бұйрық дұрыс берілмесе – неге оны жоғары тұрған штаб бақыламады? Егер қауіпсіздік талаптары бұзылса – оны кім және қалай бақылаған? Егер құтқару құралдары жеткіліксіз болса – оны кім қабылдады? Егер метеорологиялық жағдай туралы ақпарат болған болса – ол командирге дер кезінде жетті ме?

Міне, осы сұрақтардың жауабы Қазақстан армиясының бүгінгі жағдайын көрсетеді.

Президенттің шешімімен Қорғаныс министрлігін кешенді тексеретін комиссияның құрылуы да сондықтан маңызды. Комиссия құрамына тек әскери сала өкілдері емес, Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі, Қаржы министрлігі, Жоғары аудиторлық палата, Ұлттық экономика министрлігі және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Оларға қысқа мерзім ішінде қорытынды әзірлеу тапсырылды.

Бұл жерде бір нәрсені анық түсіну керек: комиссияның міндеті Каспийдегі оқиғаның себебін ғана анықтау емес. Ол Қазақстан армиясының қауіпсіздік жүйесіне, басқаруына, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне және қаржыны пайдалану тиімділігіне кеңірек қарауы тиіс.

Өйткені мәселе бір күнде пайда болған жоқ.

Қазақстан жыл сайын қорғаныс саласына орасан зор қаржы бөліп келеді. Мысалы, 2025 жылғы бюджетте Қорғаныс министрлігіне 1 триллион теңгеден астам қаржы қарастырылды. Бірақ сол жылдың соңына қарай министрлік бойынша 105 миллиард теңгеден астам қаражат игерілмегені көрсетілген. Оның ішінде жауынгерлік және жұмылдыру дайындығы, сондай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысы бойынша да қомақты сома игерілмей қалған.

Бұл деректің өзі қандай да бір заң бұзушылық болды дегенді білдірмейді. Бірақ мемлекет пен қоғам үшін өте маңызды сұрақ туындайды: осынша қаржы бөлініп жатқанда, оның нақты нәтижесі қандай?

Қаржы игерілді ме, жоқ па – бұл бір мәселе. Одан да маңыздысы – оның қандай нәтижеге жұмсалғаны.

Әскери бөлімге бөлінген әрбір теңге сарбаздың қауіпсіздігіне, әскери техниканың жарамдылығына, байланысқа, медицинаға, құтқару жүйесіне, жаттығудың сапасына, әскери инфрақұрылымға айналуы керек.

Мысалы, әскерге сатып алынған техника саны қанша? Оның қаншасы нақты әскери бөлімдерде жұмыс істеп тұр? Құтқару құралдары қандай стандартқа сәйкес? Медициналық қамтамасыз ету деңгейі қандай? Байланыс жүйесі қаншалықты сенімді? Әскери кемелердің, көліктердің, ұшақтардың техникалық жағдайы қандай? Қандай жабдықтың мерзімі өтіп кеткен? Қандай сатып алулардың нәтижесі жоспарланған көрсеткішке жетпеді?

Мұндай сұрақтар әскери құпияны ашуды білдірмейді. Құпия болып қалуы тиіс нәрсе құпия күйінде қалсын. Бірақ бюджет қаражатының тиімділігі мен қауіпсіздік талаптарының орындалуы қоғам үшін түсінікті болуы керек.

Әскердің ең әлсіз жері кейде қарудың жоқтығы емес, проблеманы жоғарыға айтуға қорқу болуы мүмкін.

Егер сарбаз қауіпті жағдайды көріп тұрып үндемесе, егер офицер жоғары тұрған командирдің шешіміне күмән келтіре алмайтын болса, егер командир оқу-жаттығудың жоспарын орындауды қауіпсіздіктен жоғары қойса – мұндай жағдайда ең заманауи техника да толық қорған бола алмайды.

Сондықтан Қазақстан армиясына тек қару-жарақ емес, жаңа қауіпсіздік мәдениеті қажет.

Кеңес дәуірінен қалған әскери басқару жүйесінің кейбір элементтері Қазақстан армиясында әлі де бар екені жасырын емес. Ол кезеңдегі армия үшін тәртіп, бұйрықты мүлтіксіз орындау, қатаң иерархия бірінші орында тұрды. Бұл қағидалардың бәрін жоққа шығаруға болмайды. Әскерде тәртіпсіздік болуы мүмкін емес.

Бірақ XXI ғасырдың армиясы тек «бұйрықты орындау» қағидасымен өмір сүре алмайды.

Қазіргі әскери басқару жүйесінде командирдің міндеті – тапсырманы орындау ғана емес, тәуекелді бағалау және жеке құрамды сақтау.

Мысалы, НАТО стандарттарының бәрін сол күйінде Қазақстанға енгізу дұрыс болмас еді. Қазақстанның географиясы, әскери-саяси жағдайы, экономикасы мен ұлттық мүддесі бөлек.

Бірақ әлемнің дамыған армияларының басқару тәжірибесінен үйренетін нәрсе көп.

Солардың бірі – әскери оқиғалардан сабақ алу жүйесі.

НАТО елдерінде оқу-жаттығу немесе операция аяқталғаннан кейін «бәрі жақсы өтті» деген есеппен шектелмейді. Не болды? Неге болды? Қай жерде қате кетті? Оның түпкі себебі қандай? Келесі жолы мұны болдырмау үшін не өзгеруі керек? Өзгеріс енгізілді ме?

Міне, осы сұрақтар жүйелі түрде қаралады.

Қазақстанда да әрбір ірі оқу-жаттығудан кейін осындай тәуелсіз талдау жасалуы керек.

Оқу-жаттығудың мақсаты тек сарбаздарға тапсырма орындату емес. Оның мақсаты – армияның әлсіз тұсын тауып, соны бейбіт уақытта түзету.

Өйткені соғыс басталғанда қателікті түзетуге мүмкіндік болмауы мүмкін.

Ал бейбіт кездегі оқу-жаттығу – сол қателікті қауіпсіз жағдайда табудың мүмкіндігі.

Каспийдегі трагедия дәл осы тұрғыдан өте ауыр сабақ болуы тиіс.

Әскерде қауіпсіздік жүйесі қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде жұмыс істеуі керек. Әрбір оқу-жаттығудың алдында тәуекел картасы жасалуы қажет. Ауа райы, техника, байланыс, медицина, эвакуация, құтқару құралдары, резервтік жоспар – бәрі есепке алынуы тиіс.

Төтенше жағдай кезінде кім бірінші шешім қабылдайды? Құтқару тобы қанша уақытта жетуі керек? Байланыс үзілсе, қандай резервтік арна бар? Медициналық көмек қанша уақытта көрсетіледі?

Мұның бәрі алдын ала ойластырылуы керек.

Өйткені төтенше жағдай кезінде жоспар ойлап табатын уақыт болмайды. Сол кезде тек алдын ала дайындалған жүйе жұмыс істейді.

Сондықтан армиядағы реформаның алғашқы бағыты – адам қауіпсіздігі болуы тиіс.

Екінші бағыт – командалық жауапкершілік.

Командирдің жауапкершілігі «бұйрық бердім, әрі қарай не болғанын білмеймін» дегенмен аяқталмауы керек. Бірақ керісінше, кез келген апат үшін ең төменгі деңгейдегі командирді ғана кінәлау да дұрыс емес.

Жауапкершілік нақты шешім қабылданған деңгейге дейін көтерілуі керек.

Үшінші бағыт – кәсіби сержант корпусын күшейту.

Сержант – армияның күнделікті өміріндегі ең маңызды буындардың бірі. Ол сарбазды күн сайын көріп, оның дайындығын, тәртібін, көңіл-күйін және нақты жағдайын біледі. Сондықтан кәсіби сержант корпусын дамыту әскердің сапасына тікелей әсер етеді.

Төртінші бағыт – әскери медицина мен психологиялық қолдауды күшейту.

Бесінші бағыт – әскери сатып алулардың тиімділігін арттыру.

Алтыншы бағыт – әскер ішіндегі кері байланысты күшейту.

Сарбаз қауіп туралы жоғарыға айтуға қорықпауы керек. Бұл тәртіпсіздік емес. Керісінше, кәсіби армияның белгісі.

Командирдің беделі оның ешқашан қателеспеуінде емес, қателікті дер кезінде мойындап, түзете алуында болуы керек.

Қазақта «Ауруын жасырған өледі» дейді.

Әскердегі мәселені жасыру да сондай.

Егер бөлімдегі кемшілікті есеп үшін жасырып қойсақ, ертең сол кемшілік үлкен трагедияға айналуы мүмкін. Егер сарбаздың шағымын «тәртіпсіздік» деп қабылдасақ, ертең оның артында қайғылы жағдай тұруы мүмкін. Егер командир техниканың жарамсыз екенін біле тұра жоғарыға айтпаса, ертең сол техниканың ішінде адам өмірі болуы мүмкін.

Сондықтан армияда шындықты айту мәдениеті қалыптасуы керек.

Әскери реформаның тағы бір маңызды бөлігі – тәуелсіз әскери қауіпсіздік инспекциясын құру мәселесін қарастыру.

Мұндай орган командалық вертикальдан белгілі бір деңгейде тәуелсіз болып, әскердегі ауыр жарақат, өлім, техника апаты және оқу-жаттығудағы төтенше жағдайларды жүйелі түрде зерттей алуы тиіс.

Оның мақсаты кінәліні жазалау емес, келесі өлімнің алдын алу болуы керек.

Ал кінәлі адам анықталса, заң аясында жауап беруі – бөлек мәселе.

Сондықтан Қорғаныс министрінің (27 қыркүйекте Президент Жарлығымен Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылды) ауысуы  – реформаның өзі емес. Бұл тек реформаны бастауға мүмкіндік.

Бірақ министрдің ауысуы мен армия реформасы – екі бөлек мәселе.

 Енді жаңа басшылық алдында өте үлкен міндет тұр.

Қазақстан армиясына жаңа қару ғана емес, жаңа басқару мәдениеті қажет.

Әскери бюджетке ғана емес, сол бюджеттен шыққан нәтижеге қарау керек.

Оқу-жаттығудың санына ғана емес, одан алынған сабаққа қарау керек.

Командирдің есебіне ғана емес, сарбаздың жағдайына қарау керек.

Тәртіпке ғана емес, қауіпсіздікке де қарау керек.

Ал ең бастысы – армиядағы әрбір адамның өмірі статистикалық көрсеткіш емес екенін ұмытпау керек.

Егер Каспийдегі оқиғадан кейін қауіпсіздік ережелері қайта жазылса, командалық бақылау өзгерсе, әскери сатып алу жүйесі тазарып, тиімділігі артса, оқу-жаттығулардың тәуекелі нақты есептелсе, сарбаздың сөзі жоғарыға жететін болса және әрбір жұмсалған теңге нақты әскери қабілетке айналса – онда бұл қаза болған азаматтардың алдында жасалған нақты жауапкершілік болмақ.

Әйтпесе кезекті комиссия келеді, кезекті баяндама жасалады, бірнеше адам жазаланады, біраз уақыттан кейін қоғам басқа мәселеге алаңдайды.

Ал жүйе сол күйінде қалады.

Мұндайға жол беруге болмайды.

«Сақтансаң – Құдай да сақтайды» дейді халқымыз.

Әскерде бұл сөздің мағынасы одан да терең.

Сарбазды сақтайтын – тек Құдайға деген сенім емес, адамның өз міндетіне адалдығы, командирдің жауапкершілігі, мемлекеттің дұрыс ұйымдастырылған жүйесі және әрбір азаматтың өмірін қорғауға деген нақты саяси ерік.

Каспийдегі 14 қаза Қазақстан армиясы үшін қаралы статистика болып қалмауы керек.

Ол армияны жаңартудың бастау нүктесі болуы тиіс.

Өйткені мықты армия – тек қаруы көп армия емес.

Мықты армия – өз қатесін мойындай алатын, одан сабақ шығаратын, қауіптің алдын алатын және ең бастысы, өз сарбазының өмірін қорғай алатын армия.

Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ»   Жасылдар партиясының  төрағасы

Алдыңғы жазбаКҮЛТЕГІН