Соңғы бірер күнде әлеуметтік желіде шу болып, жұрт талқылап жатқан бір мәселе, ол – 9 мамыр күні Алматы шаһарының көшесінде кешегі кеңестік туды көлігіне іліп желбіретіп бара жатқан өзге ұлт өкілдерін тоқтатып, туды жұлып алып тастаған намысты қазақ жігітінің іс әрекеті.
Ол азаматтың сойы Жанболат Шайзада екен. Оның тәуелсіз мемлекеттің көшесінде кешегі қанды қол қызыл империяның туын желбіреткісі келгендерге тосқауыл болуы құптарлық тірлік. Бір өкініштісі сол Жанболатты бес күнге қамауға алыпты. Не үшін? Өз елінің намысын жыртқаны үшін бе? Кеңестік ту көтерген өзге ұлт өкілдері неге жазадан тыс қалған? Әділдік қайда? Әлде Мәскеуден әліде ығамыз ба? Түсініксіз.
Әлбетте, айтқым келгені бұл емес. Мұндай бүйректен сирақ шығаратын жағдайлар дәл осы 9 мамыр мейрамы кезінде жылда қайталанып жатады. Неге? Біріншіден, ең бастысы бұл жерде ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ жоқ! Егер Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдерін бір мүддеге ұйыстыратын, бір мақсатқа жұмылдыратын идеология болғанда әлгіндегідей келеңсіз оқиғалар боламас па еді? Екіншіден, билік 30 жыл бойы өзге ұлттың алдында иісі қазақты жығып беріп келді. Есімізге, қазақ –шешен, қазақ күрд, қазақ ұйғыр, қазақ дүнген текетірестерін алайық. Бәрінде билік қазақты кінәләп келді. Жаңа, әділетті Қазақстан тұсында сол ұстаным өзгере ме десек, өзгермеген екен. Баяғы сарын, баяғы жартас, сол жартас қалпында қалыпты. Бұған куә кешегі жағдай. Елдің намысын қорғағысы келген Жанболаттың қамауға алынғаны. Ал өзге ұлт өкілдерінің мерейін үстем етіп, талтаңдатып қоюуы. Егерде, өз елімізді, жерімізді, тілімізді қорғайтын өр мінезді, патриоттық рухы басым, ұлтын сүйетін азаматтарды жөнсіз, жазықсыз қамай берсек, қысым жасасақ, ертең Қазақстанды қорғайтын, ұлттың намысын жыртатын азаматтарды қайдан табамыз? Бұл ойланатын мәселе.
Азаматхан Әміртай «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы