Премьер-министр Әлихан Смайылов Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссияның отырысын өткізді.
Отырыс барысында тексеру шаралары басталатын жаңа тұлғаларды тиісті реестрге енгізу мәселелері талқыланды.
«Бұған дейін реестрге енгізілген кейбір тұлғалар бойынша кінәсін мойындау және заңсыз алынған мүлікті өз еркімен қайтару туралы процессуалдық келісім жасау жоспарланған.
Бұдан бөлек, реестрдегі жекелеген субъектілердің және оларға үлестес тұлғалардың шығу тегі түсініксіз мүлкін мемлекет кірісіне аударуды мәжбүрлеу туралы талаптар қойылады», – делінген хабарламада.
Премьер-министр Мемлекет басшысының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы шешімі – «Әділетті Қазақстанды» құру процесінің жалғасы екенін атап өтті. Соңғы 2 жылда елге жалпы сомасы 1 триллион теңгеге жуық активтер қайтарылды.