Украинадағы соғыс қазіргі заманғы әскери қақтығыстар туралы қалыптасқан көптеген түсінікті күл-талқан етті десек болатындай. Өйткені, кеше ғана соғыстың тағдырын алып армиялар, мыңдаған танкілер мен жүздеген ұшақтар шешеді деп ойласақ, бүгінде құны жүз мың доллардан аспайтын дрондардың миллиондаған, тіпті миллиардтаған долларлық стратегиялық нысандарды істен шығарып жатқанын көріп отырмыз.
Нақты мысалдар келтіретін болсақ, соңғы айларда Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына үздіксіз соққы беруде. Әңгіме шекара маңындағы нысандар туралы ғана емес. Украиналық дрондар Ресей аумағының тереңіне еніп, майданнан екі мың шақырымнан астам қашықтықтағы кәсіпорындарға дейін жетіп жатыр. Нәтижесінде кейбір зауыттар жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Ресейдің бірқатар өңірлерінде жанармай тапшылығы байқалып, билік экспортқа шектеулер енгізуге дейін барды.
Ең алдымен, қазіргі соғыста жанармайдың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Дизель болмаса танк жүрмейді. Бензин болмаса әскери техника қозғалмайды. Отын болмаса логистика күйрейді. Ал логистика күйреген жерде армияның қуаты да әлсірейді. Сондықтан бүгінгі күні мұнай өңдеу зауыттары әскери аэродромдар мен қару-жарақ қоймаларынан кем емес стратегиялық нысанға айналды.
Украина осыны жақсы түсінді. Ол Ресеймен танк санымен немесе әскери ұшақтар санымен жарысқан жоқ. Оның орнына ассиметриялық соғыс тәсілін таңдады. Яғни қарсыластың әлсіз тұстарын тауып, аз шығынмен көп зиян келтіруге тырысты. Дрондар, кибершабуылдар, ақпараттық операциялар, логистикалық тізбектерге соққы беру – мұның бәрі бүгінгі соғыстың жаңа қаруына айналды.
Бір қарағанда қарапайым ғана көрінетін дронның әсері кейде қанатты зымыраннан кем болмайды. Құны салыстырмалы түрде арзан аппарат бір мұнай өңдеу зауытының жұмысын тоқтатуы мүмкін. Ал мұндай зауыттың бірнеше күнге тоқтауының өзі миллиондаған доллар шығын әкеледі. Ең бастысы – армия мен экономиканы қамтамасыз ететін отын тізбегі бұзылады.
Украинадағы соғыс тағы бір ақиқатты көрсетті. XXI ғасырда стратегиялық нысан деген ұғым өзгерді. Кеше ғана әскери бөлімдер мен зымыран базалары басты нысана саналса, бүгінде мұнай өңдеу зауыты, электр стансасы, байланыс торабы немесе деректер орталығы дәл сондай маңызды объектілерге айналды. Қарсылас мемлекетті тізе бүктіру үшін оның астанасын басып алудың қажеті жоқ. Кейде бірнеше энергетикалық нысанды істен шығару жеткілікті. Өйткені отынсыз қалған экономика да, армия да ұзаққа шыдамайды.
Бұл жағдайдан біз қандай сабақ алуымыз керек? Қысқасы, Қазақстан энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне қаншалықты дайын?
Қазақстанда бүгінде үш ірі мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейді. Олар – Атырау мұнай өңдеу зауыты, Павлодар мұнай-химия зауыты және Шымкент мұнай өңдеу зауыты. Бұл кәсіпорындар елдегі жанармай өндірісінің негізгі бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Бейбіт кезеңде мұндай жүйе тиімді көрінуі мүмкін. Алайда қазіргі заманғы соғыстардың тәжірибесі көрсеткендей, стратегиялық маңызы бар өндірістердің санаулы нысандарға шоғырлануы белгілі бір қауіп тудырады.
Егер қандай да бір себеппен осы зауыттардың біреуі немесе бірнешеуі уақытша жұмысын тоқтатса, оның салдары бір өңірмен ғана шектелмейді. Жанармай тапшылығы туындайды. Баға өседі. Тасымал жүйесі бұзылады. Өнеркәсіпке қысым күшейеді. Ақыр соңында бұл бүкіл экономикаға әсер етеді.
Мәселе тек соғыста емес. Техногендік апат болуы мүмкін. Кибершабуыл болуы мүмкін. Диверсия болуы мүмкін. Табиғи апат болуы мүмкін. Қауіптің түрі көп. Бірақ нәтиже біреу: бірнеше стратегиялық нысанға шамадан тыс тәуелділік ұлттық қауіпсіздіктің әлсіз тұсына айналады.
Сондықтан Қазақстан мұнай өңдеу саласын тек экономикалық мәселе ретінде емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде қарастыра бастауы қажет. Кеңес дәуірінен қалған «барлық өндірісті ірі орталықтарға шоғырландыру» қағидасы бүгінгі геосаяси жағдайда бұрынғыдай тиімді болмауы мүмкін.
Бәлкім, елімізге өңірлерде орналасқан шағын және орта мұнай өңдеу кәсіпорындарының желісін дамыту туралы ойланатын уақыт келген шығар. Әрине, олар алып зауыттардың орнын толық баса алмайды. Бірақ төтенше жағдайда резервтік өндіріс көзіне айналар еді. Бір нысан істен шықса, басқалары өндірісті жалғастыра береді. Бір аймақ қиындыққа тап болса, екіншісі қолдау көрсете алады. Бұл – инфрақұрылымды әртараптандырудың және тәуекелді азайтудың әлемдік тәжірибеде дәлелденген тәсілі.
Ресейдегі қазіргі жанармай тапшылығы біз үшін де ескерту болуы керек. Егер көрші елде тапшылық күшейсе, арзан қазақстандық жанармайды заңсыз әкету әрекеттері артуы мүмкін. Мұндай жағдай ішкі нарықтағы тепе-теңдікке әсер етіп, өзімізде де тапшылық қаупін туғызады. Сондықтан энергетикалық қауіпсіздік мәселесі тек өндіріс көлемімен ғана өлшенбейді. Ол бақылау жүйесіне, қорларға, логистикаға және стратегиялық жоспарлауға да байланысты.
Біз көбіне армияның саны туралы айтамыз. Қанша танк барын санаймыз. Қанша ұшақ алғанымызды талқылаймыз. Бірақ қазіргі әлемде ұлттық қауіпсіздік тек қарумен өлшенбейді. Кейде қауіпсіздік жанармай құятын бекеттен басталады. Кейде мемлекеттің тұрақтылығы мұнай өңдеу зауытының жұмысымен тікелей байланысты болады.
Украинадағы соғыстан тек Қазақстан ғана емес әлем елдері қортынды жасауы тиіс. Өйткені, XXI ғасырда бір дрон кейде бір дивизиядан да қауіпті болуы мүмкін екені ақиқатқа айналды. Ал бір стратегиялық зауыттың тоқтауы кейде бүтін бір өңірдің тағдырына әсер етеді.
Сондықтан бүгінгі сұрақ – бізде қанша мұнай бар деген мәселе емес. Басты сұрақ – сол мұнайды өңдейтін және халыққа жеткізетін жүйеміз қаншалықты қауіпсіз деген мәселе.
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы

































