Ақиқатын айтар болсақ, билікке жақын бизнес — қауіпті емес. Қауіптісі — биліктің бизнеске жақын болуы. Бизнеске тәуелді болуы. Өйткені бизнес өзінің пайдасын қорғайды. Ал билік — қоғамның мүддесін. Осы екеуінің шекарасы жоғалған жерде кімнің пайдасы, кімнің мүддесі қорғалғанын ажырату қиын.
Мұны Илон Масктың Ақ үйдегі қысқа ғұмыры тағы бір мәрте көрсетті. 2025 жылы миллиардер Дональд Трамп әкімшілігіне кіріп, мемлекеттік аппаратты қысқартуға бағытталған DOGE жобасының жұмысына жетекшілік етті. Бірақ бір адамның қолында әрі миллиардтаған долларлық бизнес, әрі мемлекеттік ықпалдың болуы АҚШ қоғамында мүдделер қақтығысы туралы сұрақтарды күшейтті. Маск үкіметтегі қызметінен 130 күннен кейін кетті.
Мәселе Маскта ғана емес.
Мәселе — мемлекеттік билік пен ірі капиталдың арасы қаншалық жақын болуы керек?
Бұл сұраққа Еуропа елдері мен Еуропалық Одақ әлдеқашан жауап іздей бастаған. ЕО-да лоббистердің Transparency Register деген ашық тізімі бар. Мемлекеттік шешімдерге кім ықпал етуге тырысып жүргені, қандай ұйымның қандай мүддені қорғайтыны қоғамға көрінуі тиіс. Жоғары лауазымды шенеуніктердің мүдделі топтармен кездесулері де жарияланады. Қызметтен кеткен жоғары лауазымды тұлғаларға да белгілі бір «салқындату кезеңі» қарастырылған. Яғни Еуропада бизнестің билікпен сөйлесуіне тыйым салмайды. Бірақ сол әңгіменің есігін ашық ұстайды.
Ал бізде ше?
OECD-нің Қазақстан бойынша 2025 жылғы есебінде елімізде лоббизмді нақты реттейтін арнайы құқықтық база жоқ екені көрсетілген. Ұйым мемлекеттік шешімдерге кімнің, қалай ықпал ететінін ашық көрсететін тетіктерді күшейтуді ұсынады. Бұл — жай ғана заңгерлердің мәселесі емес.
Өйткені кез келген заңның артында біреудің мүддесі тұруы мүмкін. Салыққа қатысты заң өзгерсе — біреуге тиімді болуы мүмкін. Табиғатты қорғау талабы жұмсарса — біреудің шығыны азаюы мүмкін. Мемлекеттік сатып алу тәртібі өзгерсе — бір компанияның мүмкіндігі артуы мүмкін. Мұның бәрі заңды жолмен де жасалуы ықтимал. Сондықтан мәселе «лобби бар ма, жоқ па?» дегенде емес.
Мәселе — лоббидің ашық немесе жабық болуында. Бизнес өз мүддесін қорғауға құқылы. Кәсіпкерлер билікке ұсыныс айтуға құқылы. Ірі компаниялар да қоғамның бір бөлігі. Бірақ мемлекеттік шешім белгілі бір компанияның кабинетінде емес, қоғамдық мүдде таразысында өлшенуі керек.
Өйткені мемлекет біреуге қарсы немесе біреуге жақтас болмауы тиіс. Оның міндеті — ойынның әділ ережесін жасау. Бізде кейде «бизнес пен билік бірге жұмыс істеуі керек» деген сөзді жиі естиміз. Дұрыс. Бірақ бірге жұмыс істеу мен бір-біріне тәуелді болудың арасы жер мен көктей. Билік бизнеске тым жақындаса, бір күні «мына заң кім үшін жазылды?» деген сұрақ пайда болады. Ал бұл сұраққа нақты жауап жоқ жерде қоғамның күдігі пайда болады. Қазақ «Балық басынан шіриді» дейді. Сондықтан мемлекеттік қызметтегі адам үшін ең қарапайым өлшем болуы керек: «Бұл шешім кімге тиімді?»
Егер жауап — қоғам болса, мәселе жоқ. Егер жауап — санаулы компания немесе санаулы адам болса, онда мемлекет өз міндетін қайта қарауы керек. Ірі бизнес бай болсын. Тіпті өте бай болсын. Бұл — экономиканың дамуы үшін жаман емес. Бірақ байлық мемлекеттік шешім қабылдауға артықшылық бермеуі керек. Өйткені, Мемлекет — ешкімнің жеке бизнес-жобасы емес. Сондықтан билік пен бизнес бір үстел басында отыра алады. Бірақ сол үстел басында бір ғана нәрсе бәрінен биік тұруы тиіс.
Ол — елдің мүддесі. Өйткені ақша билікке жақындағанда ықпал күшейеді. Ал билік ақшаға жақындағанда — сенім әлсірейді.
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» Жасылдар партиясының төрғасы

































