Жалған шетел валютасын өткізетіндер көбейіп кеткен.
«Жалған ақша жасаушылардың құрбаны болмас үшін және қылмыстық қудалау орбитасына ілінбеу мақсатында, жақсы бағам бойынша айырбастауды ұсынса да бейтаныс адамдарға ақша айырбастамаңыз және валютаны «делдалдардан» сатып алмаңыз.
Сауда-саттық жасау кезінде мұқият болуға және банкоматтан ақша алғанда, чектерін сақтауға кеңес береміз», – делінген хабарламада.
ҚМА қызметі қолма-қол ақша айналымымен байланысты азаматтар мен қаржылық мониторинг субъектілерін (ЕДБ, айырбастау пункттері, ломбардтар және т.б.) жалған банкноттар табылған жағдайда дереу ҚМА-ның аумақтық департаменттеріне (байланыс телефондары төменде келтірілген) жүгінуге шақырды.
Жалған ақша жасау, сақтау, тасымалдау немесе өткізуге байланысты істерді тергеп-тексеру тек қана ҚР Қаржылық мониторинг агенттігіннің және оның аумақтық департаменттерінің құзыретіне жатады.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың басынан бері ел аумағында 13 жалған ақша жасау фактісі тіркелген (2023 жылы – 45 қылмыстық іс, 2022 жылы – 44 қылмыстық іс).
Тек 2023 жылы және 2024 жылдың басынан бері Қазақстан аумағында айналымнан 1 763 жалған банкнот тәркіленді, оның ішінде ұлттық валютада 1 378 200 теңге сомасына 384 купюра, АҚШ долларында сомасы 120 050 АҚШ долларына 1 342 купюра, еурода сомасы 17 500 еуроға 35 купюра, ресей рублімен – 10 000 рубль сомасына 2 купюра анықталды.
Тәркіленген жалған банкноттардың жалпы сомасы 55 млн теңгеден асады.