Home Руханият Бату ханның алтын аттары қайда?

Бату ханның алтын аттары қайда?

326

Тарихта аты ерекше аталатын тұлғалардың тұлғасы Шыңғысхан екені әмбеге аян. Оның жаугер төрт ұлының аттары да тарихта танымалдылығы жағынан әкелерінен кем түспейді. Соның ішінде Жошының орны бөлек.

Ол туралы аз жазылған жоқ. Жошының өзгелерден (Төле, Шағатай, Үгедей) ерекшелігі – оның ізін жалғастырушы, Жошы негізін қалаған Алтын орданы түпкілікті алпауыт мемлекет етіп құра білген Батудай ұлының болуында. Бату әкесі құрған «Жошы ұлысы» деген атауға ие болған қырық құрау рудан құралған көшпелі дала мемлекетін қаһарлы империяға айналдыра білді. Керегесін кеңейтті. Шаңырағын тіктеді. Ол басқарған империяның шығысы Ертіс өзенінен басталып, батысы Дунай дариясына дейінгі аралықты алып жатты. Бату әкесінен гөрі, атасы Шыңғысхандай қаһарлы еді. Халықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады.

Тарихқа сәл шегініс жасасақ, 1225 жылы Қарақорымда моңғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысы Шығыс Еуорпаға жаңа жорық жасауға шешім қабылдады. Моңғол әскерін Шыңғыс ханның мұрагер немересі Жошының баласы Бату басқаратын болды. Батудың самсаған әскері 1236 жылы Кама өзені бойындағы Булгарияны, Мардваларды талқандап, 1237 – 1240 жылдары орыс жеріне келді. Орыс қалаларын талқандап, Еуропаға өтті.

Бату басқарған моңғол армиясы Польшаны, Германияны, Австрияны, Венгрияны, Чехияны, Молдавияны, т. б. елдерді басып алды. Әлем тарихында Бату деген аты қалды. Ол 1243 жылы Еділ сағасынан Сарай қаласын салдырды, бұл қалада алтынмен аптап, күміспен күптелген сән-салтанатты хан сарайы, төңіректің төрт бұрышынан келген саудагерлер жиналатын сауда алаңы болды. Алтын Орданың астанасы алғашқы кезде Сарай-Бату қаласында (қазіргі Астрахань маңында) болды. Кейінірек Сарай Беркеге (Еділ бойымен Сарай-Батудан жоғарырақ) көшірілді. Мұның бәрі ресми дерек. Ал тарих Батудың қазынасы өте мол болған дегенді келтіреді. Бәлкім рас та болар. Өйткені жалпақ дүниені табанына басқан билеуші, басып алған жердегі барлық қазынаны өзі салдырған Сарай-Бату шаһарына тасығаны белгілі. Азия тарихшылары «Батудың қазынасының көптігі сол, ол өзі салдырған шаһарды алтынмен аптады, күміспен күптеді. Жаулап алған жерлерден шеберлер алдырып, қаланың сән-салтанатын арттыратын сарайлар салдыртты. Сол заманда Сарай-Батудан көркем һәм бай қала еш маңда жоқ еді» деп жазады.

Батыс тарихшылары «Венгерия, Чехия. Австрияны т.б Еуропа елдерін шапқан Бату хан ол елдің бүкіл қазынасын қотарып әкетті. Сұлу қыз-қатындарында қалдырмады. Оны өзінің сарбаздарына таратты. Байлықтың біразын көзге түскен батыр нояндарына тарту етті. Оның астанасында болғандар шаһардың ғажайып сұлулығына тәнті болғандарын айтады. Шығыстан келген жабайы қолбасшы осындай керемет қала салғызды дегенге сенгің келмейді» деп жазған. Кім не десе де ұлы Шыңғыс қағанның немересі, атақты қолбасшы Жошының ұлы Батухан әлемді тітіреткен аса қаһарлы хан болғаны анық. Оның жаугершілігі өз алдына. Біздің айтпағымыз, сол Бату ханның әлемге аңыз болып тараған екі алтыннан құйылған арғымағы жөнінде болмақ. Аңызға сүйенетін болсақ, Бату басып алған елдерден жиналған алтыннан екі сәйгүлік құйдырған. Аттың көздеріне жақұт тастар орнатылған. Сом алтынан жасалған бұл екі пырақ Сарай-Бату шаһарына кіре беріс қақпаға қойлып, қаланың сәнін кіргізіп тұрған көрінеді. Батухан дүниеден өткен соң оның орнын басқан Береке хан алтын аттарды өзі орда тіккен Сарай қаласына көшірген. Ол қазіргі Ресейдің Волгоград облысындағы Царев селосының маңы. Бұл алтын аттар кейінен билік тізгінін қолына алған атышулы хан Мамайдың кезінде жоғалып кеткен. Өйткені Мамай Күлік шайқасында жеңіліп, кейін шешінген кезде алтын аттарды алып жүруге мұршасы болмай қалған көрінеді-мыс. Кейбір аңыз-әңгімелерде алтынан құйылған аттар Мамаймен бірге көмілген дегенді келтіреді. Кім білсін? Қысқасы, бүгінгі күні алтын атты табуға талаптанған қазына іздеушілер Ресейдегі Ленинск қаласының маңында ағып жатқан Ақтөбе (Ахтубы) өзенінің жағалауындағы ескі қорғандарды жиі қазады. Бірақ «таптық» деген ешкім жоқ.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Алдыңғы жазбаАида Балаева киіз үй ішінде тұрпайы би билеген қыздардың видеосына қатысты пікір білдірді
Келесі жазбаАстанада Кенесары хаға бір ауданның атын неге бермеске?