– Өткен жылы премьер министр Бақытжан Сағынтаев еліміздегі асылтұқымды малдардың да саны статистика бойынша өте көп екенін, бірақ, экспортқа ет шығарар кезде асылтұқымды мал таппай қалғанын айтып қалды ғой. Соған қарағанда жалған мәлімет барлық саланы жаулап алған ғой деймін…
– Біздің елде сыбайлас жемқорлық деген дерт биліктің бойына соншалықты сіңіп кеткен. Агросекторда нақты ақша жоқ. Субсидиялар «откатпен» берілетінін бәріміз білеміз. Қостанай облысында «Иволга» деген бидай егумен айналысатын, миллион гектарға дейін жері үлкен холдинг болды. Кезінде бұл шаруашылыққа мемлекеттен көп қаржы бөлінді. Бірақ, соңғы жылдары банкротқа ұшырады. Миллиардтаған қарызы бар. Ал, қожайыны «Форбс» тізімінде жүр. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Осындай «Форбс» тізімінде жүрген талай олигархтардың мойындарында миллиардтаған қарыздары бар. Яғни, олардың бизнес білімдері болмады. «Көз қысты, бармақ бастымен» байыды. Мұны «колхоздық бизнес» деп айтуға болады. Гигант компания құру оңай. Бірақ, оның жұмысын жүргізіп, шайқалтпай ұстап тұру тек мықты топ-менеджерлердің ғана қолынан келеді. Бізде компания құра салып, жұмысқа тек жақындарын тартады. Олардың қаржылық жағынан білімдері аз. Компания белгілі бір активтер алғаннан кейін оны банкке кепілдікке қояды да, үлкен соммада несие алады. Ал, бизнес деген аутқып тұрады. Бірде жақсы жүреді, бірде жүрмейді дегендей. Сөйтіп жүріп қарызға кіріп кетеді. Өйткені банктік пайыздар өте үлкен. Мемлекеттік қолдау тиын-тебен ғана. Содан мемлекеттік қызметке ауысып алып, қолына билік тисе, бірінші кезекте қарыздарын жабуға тырысады. Яғни, мемлекеттік тапсырыстардың барлығын дерлік өзінің компанияларына тартады. Міне, біздің елдегі бизнес осындай… Мысалы, еліміздің мықты бизнесмені саналып жүрген Нұрлан Смағұловтың өзі «Мега» орталықтар салу үшін мемлекеттен қаншама қаржы алды? Ал, қаншама жеке кәсіпкерлер өз қаржыларына осындай сауда орталықтарын салып отыр ғой. Сондықтан бізге сауатты кәсіпкерлік керек. Әлем бұл кезеңнен өтіп қойды. Америкада жақсы кәсіпкер мен жалған кәсіпкерді ажырата біледі. Жаман олигархтар қаржыларын банктің депозиттерінде ұстайды. Жақсы олигархтар ноу-хоуға, венчурлік инвестицияға салады. Мысалы, Стив Джобс, Билл Гейтс – бұлар венчурлік инвесторлар, яғни, тәуекелге барып қаржыларын өте қиын бизнестерге салып, биікке көтерілгендер. Біздің елде де сондай олигархтар шығады-ау деп ойлап едім. Бірақ, әзірге жоқ. Мысалы, миллиардер Болат Өтемұратовтың баласы Әлидар, одан кейін Кеңес Рақышев сияқты ірі кәсіпкерлер біраз қаржысын ІТ саласына салды. Бірақ, біраз қателіктер жіберіп алды ма, әйтеуір, кейіннен қарқындары бәсеңсіп қалды. Меніңше, олар өз төңірегіне мықты, іскер адамдарды жинай алмады ғой деймін. Ақшаны тек еңбек ететін адамға ғана беру қажет. Олар осындай адамдарды таңдай білу керек. Мен бір әкімді жақсы білемін. Туған бауырына кәсіп ашып беріп қойған. Әрине, әкімдіктен кетсем, сол кәсіпті жалғастырып кетемін ғой деген де ойы бар екені анық. Ал, інісі берген ақшаның бәрін ішіп-жеп, жоқ қылып жатыр. Әкім ағасы оны біліп отырған жоқ. Сондай үлкен қолдауы барда інісіне жұмыс істейді дейсіз бе? Әкім мырза бизнесін қолынан іс келетін адамға беруі керек еді. Өзіңе жақын, сенімді адамдардың барлығы бірдей іскер емес қой. Негізі кадрды іріктеу туралы арнайы ғылым бар. Адамның ресурсын пайдалану туралы менеджмент бар. Мұның бәрі үлкен ғылым. Адамды дұрыс таңдап, дұрыс пайдалана білу қажет. Біздің елде сондай жүйе жасалмайынша еш уақытта көтеріле алмаймыз.
(Сұхбаттан үзінді)
Дереккөз. Жас Алаш