Орталық Азия бүгінде тек географиялық кеңістік емес, ол біртіндеп дербес геосаяси ойыншыға айналып келеді. Соңғы жылдары әлемдік жүйедегі шиеленістер, әсіресе Таяу Шығыстағы тұрақсыздық, ірі державалар арасындағы бәсекенің күшеюі аймақ елдерін бұрынғыдан да тығыз әрекет етуге итермелеп отыр. Бұл құбылыс кездейсоқ емес: қауіпсіздік, логистика және экономикалық тәуелсіздік мәселелері енді жеке мемлекет деңгейінде емес, өңірлік деңгейде шешіле бастады.
Еуропадағы «әскери шенген» идеясы, Еуропалық комиссия бастамашы болған қорғаныс жобалары, сондай-ақ Украинамен әскери-өнеркәсіптік интеграция – бұның бәрі жаңа типтегі аймақтық қауіпсіздік архитектурасының қалыптасып жатқанын көрсетеді. Еуропа өз шекараларын тек экономикалық емес, әскери тұрғыдан да біріктіруге көшті. Бұл модель басқа өңірлерге, соның ішінде Орталық Азияға да әсер етпей қоймайды.
Орталық Азияда осыған ұқсас үрдістер байқалады, бірақ олар ашық әскери альянс түрінде емес, жұмсақ интеграция арқылы жүзеге асуда. Мысалы, Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ынтымақтастық тек мәдени немесе экономикалық шеңберде қалып қоймай, біртіндеп қауіпсіздік және логистика салаларын да қамти бастады. Қазақстанның Түркия әскери жүк тасымалы үшін әуе кеңістігін ашуы – формалды түрде шектеулі келісім болғанымен, іс жүзінде стратегиялық маңызы бар қадам. Бұл шешім аймақ ішінде әскери-логистикалық инфрақұрылымның қалыптасуына жол ашады.
Бұл жерде парадокс бар: Түркия – НАТО мүшесі, ал Қазақстан мен Өзбекстан Ресеймен тығыз әріптестік қатынаста. Дегенмен, қазіргі халықаралық жағдайда мұндай көпвекторлы саясат әлсіздік емес, керісінше өміршеңдік факторы ретінде қарастырылады. Аймақ елдері бір ғана күш орталығына тәуелді болудан саналы түрде бас тартып отыр.
Бұхара қаласында өткен Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің кездесуі осы тенденцияны айқын көрсетті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев өңірдің болашағына қатысты жауапкершілікті өз мойындарына алуға дайын екенін білдірді. Бұл тек дипломатиялық риторика емес, нақты геосаяси бағдар. Орталық Азия енді сыртқы ойыншылардың ықпал аймағы ғана емес, өз мүддесін өзі анықтайтын кеңістікке айналуға ұмтылуда.
Таяу Шығыстағы дағдарыс, әсіресе Иран төңірегіндегі санкциялық қысым, Орталық Азия үшін маңызды тәуекелдерді ашып берді. Егер Иран арқылы өтетін көлік дәліздері бұғатталса, аймақтың сыртқы әлеммен байланысы күрделене түседі. Сондықтан «Б жоспары» ретінде балама маршруттар мен өңіраралық кооперацияны күшейту мәселесі алдыңғы орынға шықты. Бұл жерде тек экономика емес, қауіпсіздік те қатар жүреді.
Аймақта «өңірлік шенген» идеясының талқылануы да кездейсоқ емес. Бұл бастама шекараларды толық ашуды емес, керісінше адамдардың, тауарлардың және қажет болған жағдайда ресурстардың жедел қозғалысын қамтамасыз ететін үйлестірілген жүйе құруды көздейді. Мұндай модель Еуропадағы тәжірибеге ұқсас болғанымен, Орталық Азия жағдайында ол икемдірек әрі саяси тұрғыдан бейтарап болуы мүмкін.
Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ сияқты құрылымдардың рөлі де сақталады. Бұл ұйым әскери блок болмаса да, нарық пен логистиканы қамтамасыз ететін платформа ретінде маңызды. Яғни, жаңа геосаяси жағдайда әртүрлі интеграциялық форматтар бір-бірін толықтырып, қабаттасқан жүйе құрайды.
Жалпы алғанда, әлем көпполярлы сипатқа ауысып жатыр деген тезис енді теория емес, нақты саяси шындыққа айналды. Осындай жағдайда Орталық Азия елдері үшін басты міндет – сыртқы қысымдарға төтеп бере алатын, бірақ ішкі ынтымақтастыққа негізделген тұрақты өңірлік жүйе қалыптастыру. Бұл жүйе классикалық әскери альянс болмауы мүмкін, бірақ оның тиімділігі дәл осы икемділігінде жатыр.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

































