Home Басты жазба Қазақстан неден ұтты, нені тәуекелге тікті?

Қазақстан неден ұтты, нені тәуекелге тікті?

28

Астанада өткен Владимир Путиннің мемлекеттік сапары мен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы Қазақстанның алдағы онжылдықтағы сыртқы саясаты мен экономикалық бағытына қатысты маңызды сұрақтарды қайта күн тәртібіне шығарды десек  болады. Әлбетте, бұл жай ғана хаттамалық кездесу болған жоқ. Бұл Еуразия кеңістігіндегі күштердің орналасуын, экономикалық байланыстардың болашағын және Қазақстанның ұлттық мүддесін тағы бір мәрте таразылаған жиын еді.

Айта кетелік, Путиннің сапары барысында Қазақстан мен Ресей арасында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Олардың ішінде энергетика, көлік, өнеркәсіп, білім беру және гуманитарлық ынтымақтастық салаларын қамтитын келісімдер бар. Әсіресе қоғам назарын аударған екі мәселе болды. Оның бірі – Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы, екіншісі – екі ел арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты күшейту, соның ішінде мектептер салу туралы бастамалар.

Атом электр станциясы туралы келісім бүгінде тек энергетикалық емес, саяси әрі экономикалық мәселе ретінде қарастырылып отыр. Қазақстан соңғы жылдары электр энергиясының тапшылығын сезіне бастады. Сарапшылардың болжамынша, алдағы онжылдықта электр тұтыну көлемі одан әрі өседі. Сондықтан жаңа қуат көздерін іске қосу қажеттілігі туындады. Осы жағдайда билік атом энергетикасын ұзақ мерзімді шешім ретінде қарастырып отыр.

Алайда АЭС төңірегіндегі басты сұрақ технологияда емес, ақшада жатыр. Қазіргі есептер бойынша жоба құны шамамен 16,5 миллиард доллар болуы мүмкін. Бұл қазіргі бағаммен есептегенде 8 триллион теңгеден асатын қаржы. Қазақстан тарихында мұндай көлемдегі инфрақұрылымдық жоба бұрын-соңды жүзеге асқан емес. Салыстыру үшін айтсақ, бұл бірнеше облыстың жылдық бюджетін қосқандағы сомамен шамалас.

Ең маңызды мәселе – бұл қаражаттың қайдан алынатыны. Алдын ала келісімдер бойынша жобаны қаржыландырудың негізгі бөлігі Ресейдің экспорттық несиесі арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Яғни Қазақстан станцияны бүгін салып алғанымен, оның құнын ұзақ жылдар бойы қайтаруға мәжбүр болады. Бұл жерде қоғамды алаңдататын сұрақтар да аз емес. Егер құрылыс құны өссе ше? Егер электр энергиясының нарықтағы бағасы өзгерсе ше? Егер әлемдік тәжірибедегідей жоба бастапқы сметадан бірнеше миллиард долларға қымбаттап кетсе ше? Мұның бәрі әлі нақты жауап күтіп тұрған мәселелер.

Сондықтан АЭС туралы пікірталас енді «салу керек пе, жоқ па?» деген сұрақтан әлдеқайда кең ауқымға шықты. Енді мәселе оның экономикалық тиімділігінде, несиелік жүктемесінде және Қазақстанның болашақтағы энергетикалық тәуелсіздігіне әсерінде болып отыр. Билік электр тапшылығын шешу қажеттігін алға тартса, сыншылар қарыз жүктемесі мен технологиялық тәуелділік тәуекелдерін еске салады.

Сонымен  қатар, Астанадағы кездесулер барысында білім беру саласы да назардан тыс қалған жоқ. Қазақстан мен Ресей жаңа мектептер салу және білім беру жобаларын кеңейту туралы уағдаласты. Бір қарағанда бұл қарапайым гуманитарлық ынтымақтастық сияқты көрінеді. Бірақ шын мәнінде мектеп дегеніміз – болашақ ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын орта. Сондықтан мұндай жобалар әрдайым мәдени және саяси маңызға ие. Қазақстан үшін басты міндет – халықаралық ынтымақтастықты кеңейте отырып, ұлттық білім беру жүйесінің дербестігін сақтап қалу.

Сапар аясында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы да ерекше назар аудартты. Жиынға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения басшылары қатысты. Өзбекстан бақылаушы мемлекет ретінде бой көрсетті. Биыл Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғанына он жылдан асты. Бір кездері үлкен үмітпен құрылған бұл ұйым бүгінде жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр.

Одақтың алғашқы мақсаты ортақ нарық қалыптастыру, кедендік кедергілерді азайту және тауар қозғалысын жеңілдету болатын. Белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілгені рас. ЕАЭО аясындағы сауда айналымы артты, кәсіпкерлер үшін кейбір рәсімдер жеңілдеді. Алайда ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық мүдделері әрдайым бір арнадан табыла бермейді. Ресейге қарсы санкциялар бүкіл одаққа әсер етті. Кей жағдайда Қазақстан кәсіпкерлері де сол жанама салдарды сезініп отыр.

Осыған қарамастан Қазақстан ЕАЭО-дан бас тартуға асығып отырған жоқ. Оның себебі қарапайым. Ресей Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Мыңдаған кәсіпорынның өндірістік тізбегі екі ел экономикасымен байланысты. Көлік дәліздерінің едәуір бөлігі де Ресей аумағы арқылы өтеді. Географияны өзгерту мүмкін емес.

Бірақ соңғы жылдары Қазақстан сыртқы саясаттағы тепе-теңдікті сақтауға ерекше мән беріп келеді. Астана Мәскеумен стратегиялық серіктестікті жалғастырып қана қоймай, Қытаймен, Түркиямен, Еуропалық одақпен және Парсы шығанағы елдерімен де экономикалық байланыстарын күшейтіп жатыр. Бұл көпвекторлы саясат қазіргі әлемдегі ең тиімді тәсілдердің бірі ретінде көрінеді.

Әлеуметтік желілердегі пікірталастарға қарасақ, қоғамның көзқарасы әртүрлі. Біреулер Ресеймен тығыз экономикалық байланыстарды қажеттілік деп есептейді. Екіншілері тәуелсіздік пен ұлттық қауіпсіздік мәселесін алға тартады. Үшінші топ екі ұстанымның арасында тепе-теңдік сақтауды қолдайды. Бұл пікір алуандығы Қазақстан қоғамының саяси тұрғыдан есейіп келе жатқанын көрсетеді.

Еуразиялық экономикалық одақтың болашағына келсек, ұйымның толық ыдырап кетуі екіталай. Бірақ оның Еуропалық одақ тәрізді терең саяси интеграциялық құрылымға айналу ықтималдығы да төмен. Мүше мемлекеттердің барлығы өз егемендігін бірінші орынға қояды. Сондықтан алдағы жылдары ЕАЭО саяси емес, прагматикалық экономикалық алаң ретінде сақталуы мүмкін.

Астанадағы кездесу осы үрдісті тағы бір мәрте көрсетті. Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас енді идеологиямен емес, нақты мүдделермен өлшенеді. АЭС жобасы, мектептер салу, сауда байланыстары немесе көлік дәліздері болсын – бәрінің түпкі мәні экономика мен ұлттық мүддеге келіп тіреледі.

Бүгін қабылданып жатқан шешімдердің нәтижесі ертең емес, он немесе жиырма жылдан кейін анық көрінеді. Әсіресе АЭС мәселесінде. Өйткені атом станциясы бірнеше жылға емес, бірнеше буынның тағдырына әсер ететін жоба. Сондықтан оның табысы реакторлардың қуатымен емес, Қазақстанға әкелетін нақты экономикалық пайдасымен өлшенеді. Ал Еуразиялық экономикалық одақтың болашағы да дәл осындай қағидаға тәуелді болады: егер ол мүше мемлекеттерге нақты пайда әкелсе – өмір сүреді, ал егер пайдасынан шығыны көбейсе – тарихтағы көптеген интеграциялық жобалардың жолын қайталайды. Астанада  өткен кездесуден кейін  осындай ой түйуге тура келді.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ, «Байтақ»  Жасылдар  партиясының төрағасы

Алдыңғы жазбаМемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысына қатысты