Арнайы сапармен Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданына ат басын тіредім. Бұл жерде жергілікті тұрғындармен әрі партияластармен кездесіп, ауданның қазіргі жағдайы жөнінде пікір алыстық. Осы тұста айтқым келгені; ауданның «Түлкібас» деген атауы. Дәл осы атауға байланысты жергілікті халықтың пікірі қаққа жарылып жатыр. Бірі «Түлкібас» дұрыс десе, екінші бірі «Түркібас» деген көне атауы бар. Соны қалпына келтіру керек дегенді айтады. Осы тұста аудан атауына байланысты меніңде айтарым бар. Әлбетте, Түлкібас атауы туралы дау бүгін ғана шыққан әңгіме емес. Бұл – ұзақ жылдардан бері айтылып келе жатқан, тарихи негізі бар мәселе. Себебі Түлкібас деген атаудың өзі табиғи естілмейді. Қазақ дүниетанымында түлкі ешқашан киелі ұғым болмаған. Керісінше, айлакерліктің, қу мінездің символы ретінде сипатталған. Сондықтан бүтін бір өңірдің, оның ішінде көне тарихы бар қасиетті мекеннің «Түлкібас» атануы күмән тудырады. Ал «Түркібас» атауы бұл аймақтың тарихи, рухани болмысымен әлдеқайда үйлеседі. Бұл өңір – жай ғана аудан емес. Қаратау мен Алатаудың түйіскен тұсы, Ұлы Жібек жолының бойы, көне Майлыкенттің маңы. Түркі өркениетінің ізі қалған жер. Осындай мекеннің атауы да түркінің тарихымен байланысты болуы заңды.Егер назар аударатын болсақ, көптеген тарихи деректер мен ауызша шежірелерде бұл жердің бастапқы атауы «Түркібасы» немесе «Түрікбасы» болғаны айтылады. Мәселен, XIX ғасырда өңірге келген шығыстанушы ғалым В.В. Бартольд та жергілікті аңыздарға сүйеніп, бұл атаудың түпкі нұсқасы «Түркібасы» болғанын жазған. Тағы бір қызық жайт, көне түркілік жадта сақталған «Манас» жырында да «Түркібасы» атауы айтылады. Дастанда түркі тайпаларының басы қосылған қасиетті жер ретінде суреттелген. Тіпті, өңірдің географиясына қарасаң да, «Түркібас» атауының табиғи екеніне көз жеткізуге болады. Бұл маң – ежелгі түркі қағандарының ордасы болған Мыңбұлаққа жақын аймақ. Батыс Түрік қағанатының ықпалы жүрген өңір. Түркі жұртының әскери, рухани, саяси қозғалыстары өткен мекен. Тіпті Талас шайқасына қатысты тарихи бағыттардың өзі осы арамен байланыстырылады. Сондықтан «Түркібасы» сөзі «түркінің басы», «түркі жұртының тірегі» деген мағына берген болуы әбден мүмкін. Тағы бір назар аударатын нәрсе – бұл аймақтағы Әулиетөбе, Әулиесай, Шақпақ ата, Дәубаба секілді рухани атаулардың көптігі. Бұл жердің тек географиялық емес, рухани орталық болғанын аңғартады. Ел арасындағы аңыздарда Әулиетөбедегі тұлға түркінің рухани көсемі ретінде сипатталады. Сол себепті «Түркібасы» атауы рухани мағынада да қолданылған болуы ықтимал. Бүгінде еліміз тарихи атауларға қайта үңіліп, патшалық Ресей немесе Кеңестік заманда зорлықпен тағылған көптеген жер-су аттарын тарихи қалпына келтіріп жатыр. Бұл – өткенге оралу емес, тарихи жадты түгендеу. Сол тұрғыдан қарағанда, Түлкібас атауы да ғылыми тұрғыда қайта зерттеліп, ежелгі «Түркібас» атауы қайтарылғаны жөн деп есептеймін. Өйткені мәселе бір әріпте емес. Мәселе – тарихи санада. Егер бұл мекен расында «Түркібас» аталған болса, онда ол атау түркінің мыңжылдық жадын, рухани тамырын сақтап тұрған символ болуы мүмкін. Қысқасы, Түркістан – түркі әлемінің жүрегі болса, Түркібас та өзінің тарихи мәнін қайта табуы тиіс. Бұл – тарихқа құрмет болмақ!
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» Жасылдар патиясының төрағасы

































