Ерте заманан бері адам баласы ағаштың қадыр-қасиетін бағалап, қажет етсе табынған. Әсіресе қазақ халқы ай далада өскен жалғыз түп ағашты киелі деп, әулие санап, кесуге қимай, шүпірек байлап кетіп отырғаны белгілі. Ағаштан көшпенділер киіз үйдің барлық керек-жарағын (кереге, уық, шаңырақ) жасаған. Тұрмыстық бұйымдарды да ағаштан түйген. Жаугершілік кездерде қолданылатын (найза мен айбалтаның сабы, садақ, оның жебесі, сойыл, шоқпар) қарулар да осы ағаштан жасалған. Қысқасы, ағаш адам өмірімен біте қайнасып жатыр деуге болады. Әлемнің әр қиырында талай ғасырдың куәсі болған тал-дарақ жеткілікті. Соның бірі еліміздің оңтүстік шығысында яғни «Алтын Емел» ұлттық табиғи саябақ аумағында, Үлкен Қалқан тауының шығыс бетінде тұр. Есеп бойынша жасы – 700 жыл. Бұны халық хан-ағаш деп атайды. Дәл сондай, екінші бір ағаш Жаркент қаласының маңындағы Әулие ағаштың жасы 700 жыл деп есептеледі. Діңінің жуандығына алты адамның құлашы әрең жетеді. Жұрт оны қасиетті ағаш деп, пір тұтады. Қабығынан аққан бұлақ суы ауру-сырқатқа ем деседі. Бойына бала бітпей жүрген келіншектер басына түнейді. Әулие бәйтеректің тамырынан нәр сорып, сол жерде көктеп тұрған тағы жеті жас тал бар. Халық ырымдап оны «жеті ағайынды» деп жатады. Сол маңдағы «бозбала мен бойжеткен» деп аталатын қос шынарды да осы киелі бәйтеректің ұрпағы деседі жергілікті жұрт.
Жалпы мұндай алып ағаштар әлемнің үш елінде – Меккеде, Қытайда және Қазақстанда ғана бар көрінеді. Ал жер шарының өзге өңірінен бірнеше ғасыр жасаған, талай тарихқа куә ағаштар бары жөнінде әзірге дерек жоқ. Дәл осындай бір алып бәйтерек кезінде біздің ауылда да – Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Елтай ауылында да болған-ды. Ауыл адамдары соның ішінде көнекөз қарттардың кейбірі «Николай заманынан» (Николай патша) бері келе жатқан, сол дәуірге куә ағаш қой десе, арғы-бергі тарихқа жүйрік екіншілері бұл бәйтеректің түбінде Тарбағатай өңірін жоңғарлардан азат ету кезінде хан батыры Қаракерей Қабанбай талай ат байлап, демалған. Содан бері тұр» десетін. Кейінен біреулер сан ғасырлық тарихы бар бәйтеректі отынға пайдалану үшін кесіп әкетіп еді…
Әрине айтпағымыз ағаштардың жасы, оның тарихы жайында емес. Ағаш та жанды тіршілік иесі. Оған дау жоқ. Ағашта емдік қасиет мол. Тілге тиек етпегіміз сол. Емен, қарағай, кайың жағымды қуат энергиясын сыйлайды. Біздің күш қуатымызды арттырып, өмірдің ұзаруына, қартаймауға, жігерлі жүруге көмек етіп отырады. Шетен, терек сияқты ағаштар да жағымсыз энергияны өзіне тартып алады. Әр адамның ағашы болады деп жатады. Ол – шындық. Адамның көңіліне ағаштардың қайсысы ұнаса, сол ағашпен сенің белгісіз бір байланысың болғаны. Егер де көңілің жабыққан шақта, қамыққанда, белгілі бір ауру дендеп шыдатпаған шақтар да сол өзің ұнатқан ағаштың саясына барып тұрсаң, тіпті құшақтасаң, жауырыныңды тигізсең біраздан соң, көңілің жайланып, мамыражай шуаққа бөленесің. Ағаштан бөлінген энергия бойыңдағы жайсыздықты (ауруды) ақырын алып кетеді. Көңіл-күйің түзеледі, өмірге деген құштарлығың артады… Бұл ғылымда дәлелденген даусыз нәрсе. Сондай-ақ осы өз ағашыңа қарап, сенің қандай адам екеніңді білуге, қандай аурумен ауыратыныңды анықтауға болады. Тағы бір таң қаларлық жағдай, егерде сәби туған кезде, ырымдап отырғызылған көшет, бала ауырса бірге ауырып, адам қайтыс болған кезде ол да солып қалады екен… Демек адам мен ағаш арасында көзге көрінбес сиқырлы байланыс болғаны ғой.
Ағаштар өзінің қадір-қасиетіне қарай бірнеше топқа бөлінеді. Мәселен, бірінші топқа жататын тал-дарақ – «сорып алатын қасиетке ие. Олар адамның қуат-күшін өзіне тартып алып, адамды әлсіретеді. Бұлардан бөлінетін биоөріс суықтау келеді. Екіншісі – «қуат беруші» ағаштар. Олар адамға қуат беріп, денесін ескі, жағымсыз қуаттан тазартады. Адамның да күш-қуатын өсіреді, жадыраңқы көңіл-күй сыйлайды. Олар адам жакындағанда жылы биоөріс шығарып тұратын көрінеді.
Соңғы топқа енетін ағаштардың бейтараптығы басым. Қысқасы, адамға пайдасы да, зияны да жоқ. Жалпы адамның туған жылы, ай, күніне қарай өз ағашы болады. Енді әр адамның ағашы туралы ғылымда дәлелденген деректерді келтірейік.
1.Алма ағашын өз символым деп санайтындар, кең пейілді, дарынды, берері мол жандар. Адамдармен шығыса алатын, тартымды, мінезі жібектей, әр іске үлкен жауапкершілікпен қарайтын, айтқанын орындайтын сенімді адам болып келеді. Бір кемшілігі, өзіне қарата айтылған жағымсыз әңгімені жүрегіне жақын алып, көбіне мұңайып жүреді.
- Қаңтардың 12-сі мен 24-і және маусымның 15-і мен 25-і аралығында туғандарды астрологтар самырсын ағашымен байланыстырады. Денесі мен тұлғасы көбінесе ірі келетін бұл адамдар өз намысы мен абыройына бола күйіп-пісе бермейді. Әдетте олар ашық адамдар, жақсы нәрселерге риясыз сенеді, содан болар, сәтсіздіктер болған жағдайда өзгелерге қарағанда қаттырақ уайымдайды.
3.Кипаристер (арша тұқымдас) қаңтардың 25-і мен ақпанның 3-і және шілденің 26-сы мен тамыздың 4-і аралығында дүниеге келеді. Олар әдетте арық денелі, сымбатты да күшті болады. Маңайында дос-жарандары көп болған жағдайда, олардан бақытты адам жоқ.
- 4 – 8 ақпан және 5 – 13 тамыз аралығында дүниеге келгендердің сүйікті ағашы –қайың. Олар өте намысшыл, қайратты келеді. Бұған ақылын қосыңыз. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, ұқыпты, тиянақты жандар.
- Қарағай символды адамдар алдына қандай мақсат қойса, соған жетпей тынбайды. Тәуекелділіктен қорықпайтын, тәртіпті, оқыс жағдайларда абыржымай тура жол таба білетіндер. Осал тұсы, тура айттым деп, өзгенің жанын жиі жаралап алып, кешірім сұрап жүретіндігі. Бұлар – 19 – 29 ақпан және 24 тамыздан 2 қыркүйек аралығында дүниеге келгендер.
- Арша ағашын жанына жақын тұтқандар (1 – 10 наурыз және 3 – 12 қыркүйек аралығында туғандар) қиын шақта жол да, сөз де тауып кететіндер. Бұлардың жолы жеңіл. Айтқанын өзгеге күштесе де орындата алады. Көңілді жүргенді ұнатады.
- Емен (21 наурызда туғандар) Өте төзімді, ақылды, сабырлы жандар. Қажет кезінде шарт кетер қызба мінезі де бар. Олар өзгеге ұнау үшін тырыспайды. Қарапайым. Бірақ өзін өзге ортада мойындата алады.
8.Үйеңкі 22 –31 наурыз арасы және 24 қыркүйекпен 3 қазан аралығында туылғандар Үлкен ойдың, ақылдың иелері. Бірақ өмірде өз мүмкіндігін толық пайдалануды аса қажет етпейді. Шаруақор, қанағатшыл жандар.
- Жаңғақ ағашын аялайтындар өте өзімшіл, бірақ жомарт келеді. Мінезді, өркөкірек, қызба. Содан көбіне таяқ жеп жүретіндер (21 – 30 сәуір және, 24 қазаннан 2 қараша аралығында жарық дүние есігін ашқандар).
- Қарағашты (1 – 14 мамыр және 3 – 11 қараша) өз ағашым деп санайтындар, қарағаштай мінезі қатты, өзгеге көмегі кем, үнемі дүрдараз болып, саяқ жүретіндер. Бұлар мейірімсіздеу болып келеді.
Әрине ағаш біткеннің бәрін теріп жазу бұл жерде міндет емес. Біз халық жақсы білетін ағаштарды ғана алдық. Олардың түрлі қасиеті туралы дерек әлемде өте көп. Сөз соңында солардың бір-екеуін мысал ретінде келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз. Әлемде көріпкел ағаштар да бар. Соның бірі – Қытайда. 400 жылдық ғұмыры бар лавр ағашы су тасқынын дәл айта алатын көрінеді. Оның хабарлық белгісі сол – ағаш өзінің діңгегінің түсін өзгерту арқылы су қанша деңгейге көтерілетінін білдіреді екен.
Тіпті әлемде «қанішер ағаш та» бар көрінеді. Сүйтсек, Германияда өсетін бір қара ағаш қанішерлігімен аты шығыпты. Оны кескен жұмысшыларды ағаштың тамыры орап алып, қылғындырып өлтірген. Алты жұмысшы жәй өлмей, тамырмен алысып-жұлысып өлгенін дәлелдейтін жанталас іздері қалған. Бұл киелі ағаш шығар. Кім білсін?
Сөз соңында айтарымыз, адамдардың да мінез-құлқы өзінің жеке ағаш-жұлдызнамасына ұқсас. Айнымайды. Ал ағаш-жұлдызнаманы білу, адамның өзінің мінез-құлқын жақсартып, денсаулығын бір қалыпты ұстауға көмектеседі.