Алматы қаласы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Мектепке дейінгі білім беру кафедрасының ұйымдастыруымен «6В01201 – Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» білім беру бағдарламасы бойынша XVIII Республикалық пәндік олимпиада жоғары деңгейде өтті.
Пәндік олимпиаданың мақсаты –заманауи білім беру талаптарына сай, кәсіби тұрғыда қалыптасқан, цифрлық сауатты, этикалық жауапкершілігі жоғары болашақ педагогтерді анықтау және қолдау. Республика жолғары оқу орындарын қамтыған ауқымды білім бәйгесіне еліміздің 14 қаласынан келген студенттер қатысып, өзара білім мен біліктілік тұрғысынан бақ сынады.
Олимпиада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназиясының «BEREKET» балалар хорының орындауындағы «Елім-ай» әнімен жалғасын тапты. Сонымен қатар, №187 бөбекжай-балабақшасының бүлдіршіндері өнер көрсетіп, мерекелік бағдарламаның сәнін келтірді.
Олимпиаданың негізгі тақырыбы – «Болашақ тәрбиеші цифрлық ортада: жасанды интеллект және кәсіби даму». Бұл тақырып қазіргі білім беру жүйесіндегі өзекті бағытты қамтып, болашақ педагогтардың кәсіби дамуына жаңа серпін беруді көздейді.
Салтанатты жиында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызы Кәрімованың құттықтау сөзі оқылып, педагогика және психология институтының директоры Гүлжан Оразаева қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, мәдениет майталманы, әнші Ермек Теміртайұлы өнер көрсетіп, кештің сәнін келтірді. Олимпиада бәсекесінде «Мен – болашақ цифрлы педагогпын» атты командалардың таныстырылымы, «Digital Ertegi Lab» шығармашылық кезеңі, «Педагогикалық кейс + жасанды интеллект», Teacher IQ: Professional Readiness Test» кәсіби тесті, «EdTech: МДҰ-ғы цифрлық тәрбиелеу-білім беру кеңістігі» бейнежобалар кезеңі бойынша таныстырылым өтті.
Әр кезең қатысушылардың кәсіби құзыреттілігін, шығармашылық қабілетін, цифрлық сауаттылығын және заманауи технологияларды тиімді қолдану дағдыларын жан-жақты бағалауға бағытталды.
Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің жүлделі орындарымен және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ректорының арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Сонымен қатар, үздік нәтиже көрсеткен командаларға арнайы номинациялар табысталды.
Аталған олимпиада болашақ педагогтардың кәсіби дамуына ықпал етіп, олардың цифрлық білім беру кеңістігіндегі мүмкіндіктерін кеңейтуге үлкен үлес қосты.
Ағима Маханбетова, педагогика ғылымының кандидаты,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті .

































