Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Мектепке дейінгі білім беру» кафедрасының оқытушылары педагогика ғылымының кандидаты, Агима Маханбетова мен педагогика ғылымының кандидаты, доцент Ж.Акпарова Алматы қаласындағы №101 бөбекжай-балабақшасы базасында «Бастауыш мектептермен сабақтастықты және тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету үшін мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары мен педагогтарын кәсіби дамыту» тақырыбындағы семинарға қатысты.
Іс-шараны тәжірибелі басшы, бөбекжай-балабақша меңгерушісі А.Таева ашып, балабақша жұмысымен таныстырып өтті. Әдіскер Г.Хасанова семинардың мақсат-міндеттеріне тоқталып, оның жұмысына қаланың барлық аудандарынан келіп қатысып отырған әріптестерін өзара тәжірибе алмасу алаңына белсене қатысуға шақырды.
Мектепке дейінгі ұйымдар мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықтың маңызын терең түсіндіруге бағытталған «Мектепке дейінгі ұйымдар мен бастауыш мектептерінің сабақтастығын тиімді ұйымдастыру» тақырыбында М. Жұмабаев атындағы № 137 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі С.Балтина балабақшада берілген білімнің мектепте қалай бірізділікпен жүзеге асырылатынына, білім сапасына қатысты нәтиже беретіндігіне тоқталды. Балалардың мектепке жеңіл бейімделуіне жағдай жасайтын педагогикалық тәсілдермен таныстыру мақсатында тәрбиеші И.Арзуеваның мектепке даярлық тобы балаларымен жүргізген «Балабақшадан мектепке: ойынмен қадам» тақырыбындағы квест ойыны өте қызықты өтті.
Семинар барысында өзара әрекеттестік пен кәсіби бірлесе жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру бойынша тәрбиеші Г.Тулебаева «Практикалық 3 кейс: бірлескен педагогикалық стратегия» тақырыбында педагогтермен практикалық жұмыстар жүргізді. Кейстерді шешуге қатысушылар белсене араласып, өзара тәжірибе алмасты. Семинар соңында тәрбиеші А.Узайрова «Миф немесе шындық» тақырыбында рефлексиялық сұрақтар қойып, семинар тақырыбын түйіндеді.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар кері байланыс парақтарына өз ұсыныстарын жазып, семинар тақырыбының өзектілігін және ұйымдастырылу деңгейінің жоғары екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру ұйымы мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты дамытуға жаңа кәсіби көзқараспен қарап, нақты іс-әрекет жоспарларын жасауға дайын екенін білдірді.
Осындай іс-шаралар жоғары оқу орны- мектеп- балабақша сабақтастығын жүзеге асыруда тиімді әріптестікті дамытуға септігін тигізетіні сөзсіз.
Агима Маханбетова,
педагогика ғылымдарының кандидаты,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті,
«Мектепке дейінгі білім беру» кафедрасы.

































