Тәуелсіз елдің болашағы – білімді ұрпақ. Ал сол ұрпақты тәрбиелейтін қасиетті ордалардың бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті. Бұл – тек білім беретін білім ордасы ғана емес, бұл – арманға жол ашатын, болашаққа бағыт беретін, ұлттың рухани тірегіне айналған киелі шаңырақ.
ҚазҰУ қабырғасында қайнаған өмір бар. Мұнда әрбір студент – ертеңгі ел тағдырын арқалайтын тұлға. Олардың әр қадамы – ізденіс, әр жетістігі – ел үмітінің ақталғаны. Білімге деген құштарлық, жаңаға ұмтылыс, тіл үйренуге деген ерекше ықылас – бүгінгі жастың басты ерекшелігіне айналған.
Осындай биік белестерге жетелейтін – әрине, ұстаздар қауымы. Бұл орайда, Филология факультеті, шетел тілдері кафедрасының оқытушыларының еңбегі ерен. Олар тек ағылшын тілін үйретіп қана қоймайды. Олар – студенттің ойын оятатын, көкжиегін кеңейтетін, әлеммен еркін тілдесуге жол ашатын бағыттаушылар. Әр сабақ – жай ғана дәріс емес, ол – жаңа мүмкіндіктерге бастар баспалдақ. Жастардың білім, ғылымға деген құштарлығын арттыратын әлем.
Бүгінгі заман – жаһандану дәуірі. Бұл кезеңде ағылшын тілін меңгеру – қажеттілік қана емес, табыстың кілті. Осыны терең түсінген кафедра оқытушылары заманауи әдістерді ұтымды пайдаланып, студенттердің білімін шыңдап, олардың халықаралық деңгейде еркін бәсекеге түсуіне жол ашуда.
Сонымен қатар, білім беру үдерісі тек аудиториямен шектеліп қалмайды. Тәрбиелік бағыттағы жұмыстар да өз жалғасын табуда. Тұрақты даму мақсаттарына (ЦУР) негізделген іс-шаралар – соның айқын да, жарқын дәлелі. Бұл бастамалар жастарды тек білімді ғана емес, саналы, жауапкершілігі жоғары азамат ретінде қалыптастыруға бағытталған.
Оқу жылы аяқталуға жақын. Бұл – тек қорытынды шығаратын кезең ғана емес, бұл – бір жылдық еңбектің, төгілген маңдай тердің, қол жеткізген жетістіктің көрінісі. Осы уақыт ішінде ұстаз бен студент арасындағы тығыз байланыс, бірлескен еңбек өз жемісін берді.
Қорыта айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – Тәуелсіз Қазақстанның сенімді тірегі. Ал Филология факультеті, шетел тілдері кафедрасының ұжымы оқу жылы бойы ағылшын тілін ұлықтап, сапалы білім беріп, әлемдік деңгейде ойлай алатын, бәсекеге қабілетті жас мамандарды тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етті. Бұл – ел болашағына қосылған өлшеусіз үлес.
Б. Бекмашева,
Г. Қайрақбаева,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультеті, шетел тілдері кафедрасының
аға оқытушылары.

































