Бүгін – 31 мамыр. Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн – күнтізбедегі кезекті дата емес. Бұл – ұлттың жүрегінде жазылмай қалған жараның белгісі. Бұл – миллиондаған тағдырдың, үзілген үміттердің, қара жамылған аналардың, жетім қалған балалардың және атылып кеткен арыстардың күні.
Қазақ туралы айтқанда «Мың өліп, мың тірілген халық» деген сөз жиі айтылады. Бұл жай ғана әдемі теңеу емес. Бұл – халқымыздың басынан өткен тарихи шындық. Ақтамберді жыраудың «Сақалына сары шіркей ұялап, қазақтың басы қайда қалмаған?!» деген сөзінің астарында да тұтас ұлттың тағдыры жатыр.
Қазақ халқы талай нәубетті бастан кешті. Жоңғар шапқыншылығы болды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қасіреті болды. Азамат соғысы өтті. Бірақ ХХ ғасырдың алғашқы жартысында болған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннің орны бөлек. Өйткені бұл жолы қазақ сырттан келген жаумен емес, өзі өмір сүрген мемлекеттің қатігез саясатының құрбанына айналды.
1921-1922 жылдардағы аштық қазақ даласын ауыр күйге түсірді. Сол жылдары жүздеген мың адам көз жұмды. Кейбір зерттеулерде құрбандар саны бір миллионнан асқаны айтылады. Ел ішінде аштық жайлаған кезде қазақ зиялылары қарап отырған жоқ. Мұхтар Әуезов, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов бастаған Алаш қайраткерлері халыққа көмек ұйымдастыруға күш салды. Ашыққан елге мал жинап, азық-түлік жеткізуге тырысты. Бірақ олар да алапат нәубетті толық тоқтата алмады.
Алайда қазақ тарихындағы ең ауыр қасірет 1931-1933 жылдары болды. Кеңес өкіметінің күштеп ұжымдастыру саясаты, байларды тәркілеу, көшпелі өмір салтын зорлықпен өзгерту әрекеті бұрын-соңды болмаған апатқа алып келді. Малынан айырылған халық күнкөріс көзінен айырылды. Ауылдар бос қалды. Адамдар туған жерін тастап босып кетті.
Тарихшы Талас Омарбековтің зерттеулеріне сүйенсек, сол жылдары 2 миллионнан астам қазақ аштан қырылды. Миллионнан астам адам шетел асып, босқынға айналды. Кейбір зерттеушілер жалпы шығынды 3 миллионнан астам адам деп көрсетеді. Ол кезде қазақ халқының саны шамамен алты миллионға жуық болғанын ескерсек, бұл тұтас ұлттың жартысына жуығы зардап шекті деген сөз.
Бұл жай ғана статистика емес. Бұл – шаңырағы ортасына түскен отбасылардың тағдыры. Бұл – аштықтан шетінеген балалардың тағдыры. Бұл – туған жерін тастап, босып кеткен мыңдаған адамның тағдыры.
Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбайдың: «Бұл ашаршылыққа жеке тарихи баға берілуі керек. Өйткені оның негізгі құрбаны қазақ ұлты болды» деген сөзі көп нәрсені аңғартады. Шынында да, ашаршылық мәселесі әлі толық зерттеліп болған жоқ. Архивтерде әлі де ашылмаған құжаттар бар. Әлі де өз бағасын күтіп тұрған тарихи ақиқаттар жеткілікті.
Аштық қазақтың санын ғана кеміткен жоқ. Ол ұлттың табиғи дамуын ондаған жылға кейін шегерді. Егер сол нәубет болмағанда бүгін қазақ халқының саны қанша болар еді? Бұл сұрақтың нақты жауабы жоқ. Бірақ бір нәрсе анық: ашаршылық қазақтың демографиялық, әлеуметтік және рухани дамуына орны толмас зиян келтірді.
Аштықтың жарасы жазылмай жатып, қазақ тағы бір қасіретке тап болды. 1937-1938 жылдары басталған саяси қуғын-сүргін ұлттың ең білімді, ең қабілетті азаматтарын жалмады.
Ресми деректер бойынша Қазақстанда 100 мыңнан астам адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Бұл да жай ғана сан емес. Олардың арасында Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров секілді ұлттың маңдайалды тұлғалары болды. Олар «халық жауы», «ұлтшыл», «тыңшы» деген жалған айыптармен сотталды. Көпшілігі атылды. Қалғандары лагерьлерге айдалды.
Қуғын-сүргіннің ең ауыр салдарының бірі – қазақтың ұлттық элитасының жойылуы еді. Ұлтты алға бастайтын, ғылым мен білімді дамытатын, мемлекеттің болашағын қалыптастыратын мыңдаған азаматтан айырылу қазақ қоғамына аса ауыр соққы болды.
Кеңестік қызыл империя қазақтың тек жерін немесе малын ғана алған жоқ. Ол ұлттың рухын әлсіретуге, тарихи жадын өшіруге тырысты.
Бірақ қазақ жоғалып кеткен жоқ.
Қазақ аштықтан да аман өтті. Қуғын-сүргіннен де өтті. Соғысты да көрді. Тың игерудің ауыр салдарын да бастан кешті. Соған қарамастан елдігін сақтап қалды. Тілін сақтап қалды. Тәуелсіздікке жетті. Сондықтан 31 мамыр – тек қаралы күн емес. Бұл – тағзым күні. Бұл – сабақ алатын күн.
Бүгінде әлемдегі көптеген халықтар өз бастарынан өткен қасіретті ұмытпайды. Еврей халқы Холокост құрбандарын еске алады. Украин халқы Голодоморды ұлттық жадының бір бөлігіне айналдырды. Поляктар Катынь қырғыны құрбандарына жыл сайын тағзым етеді. Өйткені өткенін ұмытқан халық болашағын жоғалтады.
Біз де өз тарихымызды білуге міндеттіміз. Біз ашаршылық туралы айтуымыз керек. Біз саяси қуғын-сүргін туралы айтуымыз керек. Біз балаларымызға қазақтың қандай ауыр жолдан өткенін түсіндіруіміз керек. Бұл өткенге байланып қалу емес. Бұл – тарихи жадыны сақтау.
Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Миллиондаған ашаршылық құрбандарының, атылып кеткен арыстардың, қуғын көрген мыңдаған азаматтардың алдындағы біздің ең үлкен борышымыз – оларды ұмытпау. Өйткені ұмытылған тарих қайталануға бейім келеді.
31 мамыр келген сайын біз гүл қоюмен ғана шектелмеуіміз керек. Біз өткенімізді түсінуге тырысуымыз керек. Тәуелсіздіктің қандай құрбандықпен келгенін ұғынуымыз керек.
Бүгін біз азат елде өмір сүріп отырмыз. Өз тағдырымызды өзіміз шешеміз. Өз тілімізде сөйлейміз. Өз Туымыздың астында өмір сүріп жатырмыз. Мұның бәрі өздігінен келген жоқ. Оның артында аштықтан қырылғандардың көз жасы, қуғын-сүргін құрбандарының қаны, азаттықты аңсаған ұрпақтардың арманы жатыр. Сондықтан 31 мамыр – өткенге тағзым ететін күн ғана емес. Ол – болашаққа аманат қалдыратын күн. Ұлт болып қалғымыз келсе, тарихымызды ұмытпауымыз керек.
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы

































