Home Руханият КҮЛТЕГІН

КҮЛТЕГІН

6

 

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

Роман

(жалғасы)

Қалың қол Қара Ертісті жағалай келіп, «Құйған» деген жерге тоқтады. Бұл кезде қаһарлы қыстың ызғары сөгіліп, көктем лебі есе бастаған. Ұсақ шоқылардың басы жалаңаштанып, ойдым-ойдым қар тек сай-жыраларда ғана ағараңдап қалған шақ. Ауада жылымық бар. Алтайдың омырауын жара аққан Қойтас өзенінің Қара Ертіске қосылатын сағасы. Келісім бойынша Енел бастаған жиырма мың қол осы жерде қырғыздан қайтқан Тоныкөктің әскерін күтіп алып, түркешке қарай аттануы тиіс еді. Бұлар межелі жерге жеткен кезде Енел аламандарының қарасы да, ізі де көрінбеді.

«Жол ұзақ әрі көктемгі лайсаң тау ішінде жүруге ыңғайсыз. Көп ұзамай келіп қалар, күтелік» деген Тоныкөк ұзақ жүрістен қалжыраған әскеріне бірер күнге тыным берді. Аң аулап, ішіп-жем қорын молықтырды. Енелдің қолы келетін жолға кеткен шолғыншылар қайтып келді. Күншілік жерде ешқандай қара көрінбейтінін жеткізген.

–  Бұл қайткендері? – жанған отқа қарап түнерген Тоныкөк. – Бізді аранға айдап салып, Қапағанның әрекетсіз жатқаны несі?

Осыны айтқан Тоныкөк сарбаздардың бұтақтарды шауып күрке жасап, от жағып, аулап алып келген елік-бүғыларды тұтасымен отқа қақтап жатқан тірлігіне ойлана қарап біраз тұрды.

«Бөгі мен Күлтегінге әбден кектенген екен. Қос бөріні аз жасақпен түркештердің талауына тастап, ұпайын түгелдемек қой. Ру-тайпалар арасындағы беделімнің тым жоғары екенінен де сескеніп, мені де өлімге айдап салып тұрғаны түсінікті. Мұндай қу, айлакер, қаныпезер болармысың, Қапаған?»

Қапағаннан ешқандай көмек келмесін Тоныкөк жан дүниесімен сезінді.                                                                                                                           –  Әлі де күтейік,– деді Бөгі. Енелдің көп әскермен келетініне сенім артқан түрмен.                                                                                                                  –  Жоқ, – деді Тоныкөк, – келетін әскер осы уақытта келіп қоюы тиіс еді. Үміт аз. Бізге бөгелуге болмайды. Неғұрлым шапшаң қимылдап, түркештердің үстінен түсуіміз керек. Көктемгі көкөзек шақта көк желкесінен қадалайық, тұйғындай түйіп өтейік.

–  Аттанайық, – деді Күлтегін, – қамсыз отырған жерде қидалайық. Тұтас түркеш жауымыз емес. Жауымыз табғашпен ауыз жаласып, бізбен жауыққан Ежел емес пе! Ордасын шапсақ, бассыз қалған ел қайда барады дейсің. Аяғымызға жығылып, көк түріктің бөрілі байрағының астына қайта топтасары хақ!

–  Рас  айтасың, түркеш – өз жұртымыз. Халықта кінә жоқ. Табғаштың жылы сөзі мен жібек-бөзіне алданған Ежелде болып тұр, бар кінә. Қапағаннан келер көмектен үміт үзейік. Әрбіріміз – он бөрідей болып қимылдайық, онымыз – жүз бөрідей болып ұмтылайық! Көк тәңірі жарылқар! Қабылан қайратты көк түріктің ұлдары алға! – деп Тоныкөк ұран шақырды. Дабыл қағылды. Қырғыздардан алған үйір-үйір жылқыны жолды аршып отыру үшін алдыға салды. Тек Күлтегінді азғантай аламанмен тастап кетті.

–  Біраз уақыт осында бол. Енел кешігіп келсе, артмыздан ертіп келерсің, – деді Тоныкөк.

–  Бірер күн байқастайық, болмаса қуып жетірміз, – деді Күлтегін Тоныкөктің айтқанын құп көріп. Қалың тоғайдың алаңқайында ағаштан күрке жасап, жол тосқан Күлтегіндер бірнеше күн аң қақты. «Құйғанның» жон арқасына қасқая біткен Найзатасқа шығып жол қарады, бірақ Ордадан шыққан қалың қолдың қарасы көрінбеді. Үміт үзілгендей еді…

Найзатас жақтан қасқырдың ұлығаны естілді. Бұл жолғысы тым қорқынышты, тым үрейлі.

–  Апырай, – деген от басында еліктің етін қақтап отырған мосқал аламан, – жүрегім қобалжым тұрғаны. Мына арланның ұлуы қандай зарлы! Бір жамандықты шақырып тұрғандай…

Жанған отқа қарап отырған Күлтегін үндемеді, тек тамағын қынап қана қойды. Негізгі қол кетіп, бұлар осы маңда қалған күні бір арлан қасқыр пайда болған. Бірнеше мәрте жақын келіп, шоқиып отырды да.

–  Аш болар. Біздің аттарымызды жарғалы жүр-ау, ұрып алайық, – деген бір сарбаз.

–  Қазір мен атып аламын, – деп садағын қолына алған екіншісін Күлтегін тоқтатты.

– Тиіспеңдер. Қызылсырап жүрген бұл жоқ. Айнала маңай аң мен құстан жыртылып айырылады. Бөрінің тәңірісі бар деген. Бұл қасқырдың бізді айналсоқтап жүргенінде басқа мән жатқандай… Осыны айтқан Күлтегін наркескенін жалаңаштап қолына ұстап, арланға қарай жүрген. Шоқиып отырған арлан қашпады. Он шақты қадам қалғанда тоқтап, дала тағысына көз тастады. Нағыз көкшулан көкжал екені көрініп тұр. Күлтегін оқыс қимыл жасаса, атылатындай болып, бар күшін артқы екі аяғына жинап, жиырыла түсіп, отты көздерін Күлтегінге қадап қатып қалған. Бірі – төрт аяқты дала тағысының арланы, екіншісі – екі аяқты адамның арланы біраз уақыт көзбен шарпысып, арбасып тұрып қалды. Қасқырдың ешқандай қастық ниеті жоқ екенін Күлтегін бүкіл болмысымен сезді. Есіне әкесі Құтылықтың түрік баласы көк бөріден жаралғаны туралы айтқаны түсті.

«Бізді ес көріп жақын келіп, әлдебір хабарды жеткізгісі келіп жүр ме екен? Бірнеше күн бойы ұлып, нені ұқтырғысы келді?»

Күлтегін қолындағы наркескенін қынабына салып, жаулық танытпайтын ниетін көрсетіп, қарға тізерлей отырып, арланға қарады. Есіне шешесі Елбіге қатұнның «сенің киең көк бөрі. Саған екіқабат кезде бізді көкжал құтқарды» дегені түсті.

«Бұл көкжал бізді неге торуылдап жүр, не ойлағаны бар?»

Біраздан соң қасқыр кері бұрылып қалың жыныстың арасына кіріп көрінбей кеткен. Содан бері  арада бірнеше күн өтсе де арлан бұлар отырған маңды төңіректеп жүрді де қойды.

Бүгінгі ұлысы тым ерекше. Еш нәрсеге селт етпейтін Күлтегіннің жүрегі де кенеттен дүрсілдей соғып, көңілі қобалжып сала берді. Аламандарды ертпей, наркескенін қолына ұстап, жүз қадамдай жердегі шоқының басында көкке қарап ұлып тұрған арланға қарай жүрді. Қасқыр бұл шоқыға көтерілгенше көкке қарап ұлып отырды да, қарағайлар жарыса өскен жалма тасты айналып жоқ болды. Шоқыға көтеріліп жан-жағына көз салған Күлтегін, бұлар отырған алаңқайды алыстан қоршап, бұқпантайлап жақындап қалған көп әскерді көрді. Кейбірі аттан түсіп, жетелеп алған, кейбірі найзаларын көкке шанши көтеріп ат үстінде. Пиғылы бөтен адамдар екені, ұрлана басып жүргендерінен-ақ көрініп тұр. «Апырай, дала тағысы болса да біраз күнен бері бізге жақын жерде жау бар екенін сездіріп, ұлып жүргені осы екен ғой».

Күлтегін көк бөрінің тірлігін есіне алып, «қалай сезбегенбіз, тіпті шоқыға жан-жақты шолып отыратын күзетші де қоймаппыз. Аңғалдық-ай! Арлан болмаса, мыналар үстімізден түсіп, таптап кеткендей екен».                                                                                                            Күлтегін жанталаса төмен жүгірді. Сәлден соң оның:

«Атқа қоныңдар» деген күркіреген үні естілді. Бұл кезде  қоршаған жау жақындап қалған. Өздерінен жиырма-отыз есе көп жарақты әскерді көрген бір аламан:

–  Бек, бұлар тым көп екен, күш тең емес. Жаныңызға біраз адам алып, шегініңіз. Біз оларды бөгейміз, – деп атын тебініп алға суырылып шақты. Бұл Рұғила батырдың он жетіге енді толған Алып Еміл деген ұлы еді. Құралайды көзге атқан мерген, шебер қылышкер, ерте жастан әкесіне еріп жауға шауып жүрген көзсіз ер. Кездейсоқ ажал құшқан Берен сұлудың інісі.

–  Жоқ, бауырым! Шешем Елбілге қатұннан ез болып туған жоқпын. Әкем Құтылық көк сүңгісін жауға тіреп өткен. Өзекті жанға бір өлім. Жау көп екен деп айылымды жимадым. Қылышымды жауымның қанына суармай кетпеспін! Жақындатпай садақпен атып тоқтатайық. Сірә , болмай жатса, найзамен түйреп, қылышпен қидалармыз! – қабағынан қар жауып, көлеңкесіне мұз қатып, бір ернімен жер тіреп, бір ернімен көк тірегендей сұсты түрге енген Күлтегін қара мүйіз садағын қолына алды. Орманнан шығып, алаңқайға қарай ат қойғандарға жебені қарша боратты. Айқай сүрең салып шауып келе жатқандардың алғашқы легі жебе қадалып, аттан ауып түсіп жатты, тіпті біразы бөгеліп қалғандай болған. Шаңқылдаған әлдекімнің бұйрықты дауысы естілісімен,  жауған жебеге қарсы келе алмай аттың басын кері бұрғандар да, енді найзаларын алға кезеп, қылыштарын бастарынан асыра үйіріп, лап қойды. Жақындап қалғандарға садақ оғын соңғы рет атқан Күлтегін, қыстың суығына қамсау ретінде киген қасқыр ішігін шешіп тастап, атына секіріп мініп, шашақты найзасын алға кезей тұра шапты. Артынан аламандары ілесті. Алдарынан өзге емес, күндей күркіреп Күлтегіннің өзі шыққанына жау жағы абдырап қалғандай болды. Ағып келген батыр бірнешеуін түйреп тастады. Қатарласа ат қойған жаудың шебі бұзылғандай көрінген, бірақ көптің аты көп. Сәлден соң, азғантай жасақты жан-жақтан қоршап алды. Өлім мен өмір арасындағы нағыз жанталас басталды. Әлбетте, саны жағынан әлденеше көп жау қолы, саны аз Күлтегіннің аламандарын қаусырып-ақ кеткендей еді. Бірақ күркіреген дауысы, жойдасыз найзагерлігі жауды бықпыр тигізгендей қылған. Дегенмен аламандардың біразы найзаға шаншылып, қылышқа туралып, қатарлары сиреп барады. Кенет Найзатас жақтан қасқырдың ұлығаны естілді. Дауысы орман алаңқайында соғысып жатқандардың үнін басып кеткендей еді. Зор шықты. Неге екені қайдам, Күлтегіннің бойына ұлыған қасқырдың үні сұрапыл күш бергендей, айналасындағыларды найзасымен түйреп шыдатпай барады. Келесі бірін шанши көтеріп басынан асыра лақтырған кезде, аты сүрінді. Қолындағы найзасы ұшып кетіп, атып тұрған бойда наркескенін суырып алып, өзін түйремек болып ұмтылған жаудың найзасын қақ бөлді. Жаяу жүріп, аттылы жауға төтеп беру оңай емес. Сәт санап қатары сиреп қалған бұлар бір-біріне арқа сүйеп қимылдауға көшті. Нағыз қиямет-қайым енді басталды. Жан-жақтан қоршап ортаға тықсырған жау, енді бұларды бір-бірлеп бұтарлауға көшкен. Өзіне қарай найзаларын кезеп тікелей салған бес-алтауға Күлтегін қалқанмен қорғанып, наркескенмен сілтесіп берілмей жатыр. Кенеттен ысылдап келіп қадалған жебе ат үстіндегілерді бірінен кейін бірін ұшырып түсірді. Жалғыз бұған төнгендер ғана емес, айналадағы өзгелер де ысқырап келіп қадалған жебеден аттан ауып, құлап жатты. Күлтегін ат үстінде шірене садақ тартып келе жатқан көп аттыларды көрді. «Енел жеткен екен ғой» деп ойлап үлгерді.Төніп келген жаудың найзасынан шап беріп ұстап, ат-матымен бірге құлатып, наркескенмен бір тартты.

–  Бек, атқа мініңіз, – деген үн естілді. Қыздың дауысы еді. Есікпен төрдей жиренді алдына тарта берген аттылға қараған. Тебінгіге аяғын тіреп, жақындап қалған дұшпанға қарай садағын шірене тартқан Ақшарқатты көрді.

«Тағы бір тіке келген ажалға қалқан болдың-ау!»

Атқа қарғып мінген Күлтегін жерде жатқан найзасын иіліп келіп, қағып алды.

–  Армысың, аруым! – деген күркірей үн қатып.                                                           –  Бармысың, батырым!

Екеуінің бұдан артық сөйлесуге мұршасы болмады. Ақшарқаттың ертіп келген аламандары шетінен садақкер, найзагер екен. Садақты шірене тартып, шолақ найзаларын керіле лақтырып демде қарсы жақты жусатып салды. Ұрыс сүт пісірілім уақытқа жетпей аяқталды. Өлгені өлді, тірі қалған біразы қаруларын лақтырып, берілді. Алаңқайдағы ұрыс әбден тоқтаған кезде барып, Күлтегін Ақшарқатқа тіл қатқан.

–  Бұл келгендеріңді көк тәңірінің бізге жіберген көмегі деп түсіндім. Көк тәңірі бізді жалғыз қалдырмады… тағдырдың тәлкегіне тастамады.

–  Көк тәңірі өзі сүйген құлын қиямет-қайымға тастамайды. Әмәндә, қол үшін берері хақ, – деді Ақшарқат ұрыс болған алаңға көз тастап.

Найзатас жақтан қасқырдың ұлығаны естілді. Артынша қия жартастың үстінен өзі де көрінді. Әлгінде ғана қанды қырғын жүрген алаңқайға күжірейе қарап тұрды. Күлтегіннің арланға көз тіккенін аңдаған қыз:

 

–  Сіздің иеңіз, жебеушіңіз осы көк бөрі болар? – деді.

–  Көк бөрі жаудың жақын қалғанын сездірді, ал көкжал қыз сол жаудан құтқарды, – батыр қызға асқан ризашылықпен қарады. – Бұл жүріске жол болсын! Жерден шықтың ба, көктен түстің бе?

Ақшарқат ерткен жасақ жерден де шыққан жоқ, көктен де түскен жоқ еді. Тоныкөк бастаған көп қолды артынан қуып, суыт жүріп келе жатқандар осылар болатын. «Түріктер ауыз байласқан одақтасымыз қырғыздарды шауыпты. Қағанын өлтіріпті. Енді бізге қарай қозғалыпты. Қарап жатқан жоқпыз. Отыз сан әскермен ұрымтал жерден тосқауыл жасап қарсы алмақпыз. Бұрыннан сөзіміз бен ісіміз бір жерден шыққан ру едік. Бұл жолы да қарап қалмассыңдар. Көмек беріңдер» деп түркештер аздарға шапқыншы жіберген еді. Қырғыздарды шауып, түркештерді ауыздықтауға аттанған қолды бастап бара жатқандардың бірі Күлтегін екенін білетін Ақшарқат «көмек болады» деп алдаусыратып, түркештердің шапқыншысын кері аттандырған. Өзі бірден құралайды көзге атқан кіл мергендерді жинап, жедел жолға шықты. Артында қалған елге ағасы Жапарбек иелік етпек.                                                                                                                –  Дер кезінде үлгеріппіз, – деді қыз Күлтегінге наздана қарап, – Сәл кешіккенде…

–  Иә, сәл болмағанда, мына алаңқайда қанға бөгіп өліп жатқандардың бірі мен болар едім. Тәңірім жар болып, мені құтқаруға сені жіберіпті.

Күлтегін Ақшарқатқа қарап:

–  Мына наркескенмен біраз жауымның басын шаптым, – деді қынабы күмістен безендірілген, балдағы алтынмен апталған наркескенді қызға көрсетіп.

–  Болашақ жарым елі үшін сілтесе сойыл, қорғанса қалқан болатын ер болса, соның беліне байласам деп едім. Бұйрық сізге тіреліпті… – осыны айтқан қыздың аққұба жүзі сәл қызарыңқырап кетті.

–  Сол сенімді ақтай алсам… – Күлтегін Ақшарқатқа қарады. Қыздың нұр шашқан мойылдай қара көздерінен «батырым сен соған лайықсың» деген сөзді оқығандай болды.

Қия жартастың басында тұрған қасқыр көкке қарап бір ұлып, тастан түсіп жоқ болды. «Расында, мені қорғап жүрген көк бөрі рухы осы болды-ау» деп Күлтегін ішінен жосыған.

Түркештердің қолға түскендері Күлтегіннен өздерінен өлтіре көрмеуін сұрады. Қапаған қағанның тұтқындарды аямайтынын, қылышпен турап тастайтынын олар да естісе керек-ті.

–  Бек, біздің жазығымыз жоқ. Қағандардың айтқанына көніп, айдауында жүрген қарапайым халықпыз. Көп еш нәрсе білмейміз. Бізді бастап келген анау, – деді жас жігіт қардың үстінде қара санына жебе қадалып, ыңырсып жатқанды көрсетіп.

–  Кімсіңдер? – деді қаһарланған Күлтегін жаралыға төніп. – Шыныңды айтсаң жаның қалады, әйтпесе… – деп қынабынан наркескенді суырып алды.                                                                                                                    –  Батыр сауға, – деді жаны шырқыраған жаралы, – Ежелдің адамдарымыз. Бізді жол тосып, Тоныкөктің әскері қай бағытпен жүретінін хабар беріп отыруға жіберді. Ежел келе жатқан қолдың аз екенін, Енел бастап келетін негізгі қолдың әзірге келмейтінін біледі.

–  Қайдан біледі, кім айтты?

–  Қапағанның күзет басы Үкірлей Ежелдің жансызы. Сол Үкірлейдің адамдары хан ордасында болған оқиғаларды жеткізіп отырады. Қырғыз жорығын да естідік. Қылышбекке жаушы шаптыруға үлгермедік, бірақ Қапағанның Енелді бізге қарсы жібермейтінін білдік. Өйткені Қапағанға Құтылықтың қос ұлының өлгені керек. Біраз күн алыстан қырғызды шауып келе жатқан қолды бақыладық. Әскер қозғалған соң, соңында қалған топты жәукемдеп тастайық деп ойлап едік. Болмады. Аздардың бізге қосылуға тиісті шағын қолы сіздерді қолдап кетті. Ежелдің қалың қолы Суырлы таудың Ащыөзек деген қылтасында Тоныкөктің әскерін тосып жатыр. Аңдаусыз жерде қақпанға түсірмек… – жаралы сарбаз бар шындықты жайып салды.

– Түріктер қандыбалақ Ежел құрған қақпанға түсіп қалар. Уақыт созбай, қозғалайық, – деді Ақшарқат.

«Қапаған қағандығыңа да, ағалығыңа да қарамай реті келген күні бір жәукемдермін-ау. Бұл сатқындығыңды ұмытпаспын».

Жүзі күреңітіп, қаны басына тепкен Күлтегін:

– Алдыңа сүйек тастаған Ежелді бүгін бізге саттың, ертең бізді өзгеге сатарың белгілі, саған өлім! – деп қос қолын жайып сауға сұраған түркеш сарбазын наркескенмен қаққа бөлді.

Сәлден соң Күлтегін мен Ақшарқат бастаған жасақ, Тоныкөктің әскері салып кеткен сүрлеуге түсіп, жедел жүріп кетті.

Әлгінде от басында отырып, Күлтегіннің Ақшарқатқа «мені бір емес, екі мәрте ажалдан құтқардың» дегені осы болатын.

Бәлкім, аздардың батыр қызының Күлтегінге деген махаббаты болмағанда, көк түріктің көк семсері атанған Күлтегін кездейсоқ жағдайда қаза болып, оның даңқын шығарған ерлік жолдары һәм жаһан тарихында Күлтегін деген есім-сойы қалмайтын ба,  еді? Тек Ақшарқаттың Күлтегінге деген сүйіспеншілігі батырды ажалдан аман қалып қалды.

(жалғасы  бар)

Алдыңғы жазбаПрезидент ҰҚК-нің функциялары мен өкілеттіктерін кеңейтті
Келесі жазбаҚазақстан Үкіметі тамызда доғарысқа кетеді