Home Руханият Жүгір, Назым жүгір  

Жүгір, Назым жүгір  

8

(Әңгіме)

Жиделіге жеткен кезде, етпетінен жатқан адам құсап алыстан Көрпебай жотасының сұлбасы, оның етегінде орналасқан ауылдың төбесі – талдары көк мұнарға оранып, жылт етіп көрінер еді. Сірә, деймін, осы Жиделіге қалай жетемін мазам кетеді. Алыстан туған ауылды аңсап келе жатқан көңілім бір түрлі сазып, жүдеп қалатындаймын. Алдымнан жүгіріп АНАУ шығып, баяғы «олардың өліміне мен кінәлі емеспін ғой» деген бір сөзін мың қайталап, түрпектеп, дегбірімді шығарады. Мен үндемеген сайын АНАУ, ауылдың май топырағы қапқан бетін тер айғыздап, балағы тізесіне жетер қара дамбалды жоғары бір тартып қойып, әлгі сұрақты тағы қояр еді. МЕН алдымда тұрған сегіз, бәлкім тоғыздар шамасындағы қарасирақ балаға не дерімді білмей дағдарамын. «Негізі кінәлі сенсің ғой» деген бір ауыз сөзді айтуға тілім майысып қалатындай қиналып, «көктем ғой, Мұқаншы ғой. Тіпті екеуі де емес, маңдайға жазылған тағдыр ғой» деймін сырғақсып. Бірақ ол сөзіме АНАУ қанағат тұтпай, «шыныңды айтшы, кінәлі мен емес қой. Менің оған деген махаббатым ғой» дер еді. Жылда осы.                                                           Ауыл десе бүйрегім бұрып тұрады. Жұрт секілді шетел аспай, жазғы демалысқа қалай шығамын, май топырағы табаныма майдай жағатын ауылға тартып отырамын.      Ее-е, туған ауылдың адамдары да, ауасы да, тіпті құрбақасының құрылы да, қара шыбыны мен ызыңдаған масасының шаққаны да бөлек қой, шіркін. Мөңіреген сиырдың, таң бозымда шақырған әтештің үні ше! Айтпаңыз, ерекше.                            Ауылда жұмақта жүргендей күй кешерім ып-рас.                                                   Бірақ… иә, бірақ…                                                                                                          Бір нәрсе ғана көңілімді бұзып, өткен күндерге сүйрер еді. Жандүнием алағызып, бір түрлі күйге түсемін. Ондайда, жидесі мен көк талы жарыса өскен, сол талдың арасында бүлдіргені пісіп, ағып жататын Мұқаншы өзенінің жағасына қарай асығамын. Мұқаншы ауылды қақ жарып ағып жататын момақан өзен. Бірақ әсте момақан деуге де келмес. Қыздай сызылатындығы жазда ғана. Ал көктемде сөз тыңдамайтын тентек баладай тасып, арнасынан шығып, долданып жатар еді. Түн ішінде дүрс-дүрс етіп жар құлап, зәремізді алатыны бар. Ондайда шешем «біссімілләсін» жиі қайталап, «түбі жар құлай-құлай, үйді алып кетеді-ау. Үйді өзеннен алыс салайық деп айттым саған, көнбедің» деп төсегінде аунақшып, әкемді қажар еді. Мазасызданғаны бәлки үстінен бір отар қойды айдап өтсең де қорылдап жата беретін әкемнің тым қамсыздығына жыны келгені.

Басын сонау көгілдір тау – Тарбағатайдан алып, түбі Алакөлге барып құйып, тыным табатын Мұқаншының жағасында отырып, тұңғиық ойға батар едім.

Сондайда көз алдыма: бусанған көктем, буырқанған Мұқаншы, тасыған өзенге секірген Сағыныш, жар жағалалай жүгіріп жүрген өңкей қиқым балалар, етегі желбіреп өзенге қарай құстай ұшып келе жатқан Назым, екі аяғы тізеден жоқ, жарты денесі арбаға таңылып, екі қолымен арбаның дөңгелектерін айналдырып, безілдеп келе жатқан Мұқан, оның «жүгірші, Назым, құтқаршы Сағынышты» деп айқайлап, өкіріп жылаған дауысы келер еді. Осы бір үрейлі сәттер есіме оралғанда, денем бір ысып, бір суып, момақан ғана болып ағып жатқан өзенге қарап, мелшиіп үнсіз ұзақ отырып қалатыным бар. Қарасирақ кездегі сол бір оқиға көз алдымда көлбеңдеп тұрып алар еді. Түсінікті болуы үшін енді соны рет-ретімен айтып берейінші.                                                                                                                                     Төртінші, бәлкім бесінші класта оқитын кезім. Не әсер етті, білмедім? Бәлкім ақын-жазушылардың шығармаларын көп оқып қойдым ба, әлде сезімім ерте «оянып» кетті ме, әйтеуір көрші үйдегі Назым деген қызды «сүйіп» қалдым. Жасы менен үлкен. Оныншы класта оқиды. Сымбатты, көркем қыз. Сұлулығы өз алдына, дауысы қандай сиқырлы. Адамды өзіне тартып тұрады. Оның сыңғыр еткен күлкісінің өзі ғажап.                                                                                                                                               Қысқасы, ол қызға қатты ғашық болдым. Бірақ ол мені қайтсін? Қара дамбал киіп, май топыраққа аунап ойнап жүрген, боқмұрынды өзінің теңі етіп санамасы анық. «Неге ерте тумадым» деп шөптің төбесіне шығып алып, көк аспанға қарап, талай қиялданғаным есімде. Бір күні шөптің төбесінен секіріп өлгім де келді. Неге дейсіз ғой. Жағдай былай болды. Сыртынан қорып, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» жүрген Назымды жақсы көретін өзге жігіт бар екен. Аты — Сағыныш. Бізден бір көше ары тұрады. Мектепті былтыр бітіріп, Алматыға барып оқудан «құлап» қайтып келген. Үйдегілер «күзде» әскерге кетеді деп отыратын.Сол Сағыныш бірде мені шақырып алып:

— Сырым, сен жақсы баласың ғой. Саған бір нәрсе айтсам, орындайсың ба? — деді.

Үлкен жігіт айтып тұрған соң, амалсыз «иә» дейсің ғой. Басымды изедім.

— Онда сен мына қағазды ешкімге көрсетпей Назымға апарып берші. Аралас-құралас отырған көршің ғой, — деді.

Ойымда ештеңе жоқ, бүктелген қағазды алып, Назымның үйіне қарай құстай ұштым. Маған қағазды Назымға беру емес, ең бастысы — Назымды көріп, бір ауыз болса да тілдесіп қалу. Арманым сол. Назым есік алдында кір жуып жатыр екен. Қақпадан енген бойда:
— Амансыз ба, апай? — деп амандастым да, бүктеулі қағазды қолына ұстатып, кері зыттым.

— Бердің бе, не деді, оқып алып лақтырып жіберген жоқ па? — деп Сағыныш қылқынып, өліп барады.

— Бердім. Бірақ үндеген жоқ, — дедім.

Әңгіме сонымен біткендей болған. Содан кешқұрым өрістен қайтқан малды қайырып, қақпадан енгізіп жатыр едім. Үйінің алдына шыққан Назым мені көріп, қол бұлғап шақырды. Жүрегім дүрсілдеп жетіп бардым. Бетіме қарап жымиып күлген ол бір тал қағазды қолыма ұстатып:
— Сағынышқа апарып берші. Ешкім көрмесін, — деді сыбырлап.

Түрі күндегіден де ажарланып кеткен. Алаулап тұр. Қандай сұлу. Назымның бір ауыз сөзі үшін бәрін істеуге бар едім. Қағазды ала салып, Сағыныштың үйіне қарай зымырадым. Қара жолдың шаңын бұрқыратып жүгіріп келе жатқан мені Сағыныш алыстан көрді. Қарсы жүрді.

— Мынаны Назым берді, — дедім ентігіп.

Ол да шыдамады-ау деймін. Қағазды ашып жіберіп, көз жүгіртті. Бетіне қан жүгіріп:
— Ух, — деді.

Кәдімгі менің әкем сықылды. Әкем жұмыстан шаршап келген бойда, үйдің артындағы талдың түбіндегі орындыққа отыра кетіп, «ух» деп демін бір алушы еді. Сағыныш та бір істі тындырғандай «ух» деп тұрған бойда отыра кетті. Бірақ әлденеге риза. Жүзі күлімдеп, әлде бір әннің ырғағын ыңылдап біраз отырды. Сосын:
— Назымға апарған хаттарды ешкімге айтпайсың ғой. Жарай ма? Мен ол қызды қатты жақсы көремін, — демесі бар ма? Төбемнен біреу суық су құйып жібергендей болды. Қате естімедім бе деп Сағыныштың бетіне қарадым. Ол:
— Шын айтам, мен Назымды сүйемін, — деді күбірлеп.

Не істерімді білмедім. Жылағым келді-ау деймін. Көзіме жас тірелді. Тамағыма өксік тығылды. «Назымды сенен бұрын мен жақсы көргенмін» дегенді айтқым келді. Айта алмадым. Бұрылып, үйге қарай жүгіре жөнелдім. Қораның төбесіне жиналған шөптің үстіне шығып алып, құлай кеттім. Иә, сол күні шөптің төбесінен секіріп өлгім келген. Бірақ Назымды өзгеге тастап, жарық дүниені қиып кетуге дәтім жетпеді.                                                                                                                                                     Дегенмен, сол күннен бастап Сағыныш пен Назымның арасында хат тасушы «почтальонға» айналып жүре бердім. Күніге болмаса да, аптасына бірнеше рет екеуінің бір-біріне жазған хатын жеткізіп беріп тұрамын. Әсіресе Назым менің шикілі-сары түріме қарап айта ма, әйтеуір еркелетіп:
— Сар балапан, мынаны ағаңа апара салшы, — деп қиылып тұрады.

Назымның «сар балапан» дегені майдай жағама елпілдеп, жүгіре жөнелем. Жүгіріп келе жатып: «Шіркін, Назым маған осылай неге хат жазбайды екен. Әттең, жасым кіші. Әке-шешем неге мені ерте тумады?» деп үйдегілерге де ренжіп қоямын. Бірақ қанша хат тасып жүрсем де, Назымға деген сезімімді тұсай алмадым. Оның әдемі түрін, сұлу жымиысын көз алдыма елестетіп жатып, ұйықтап кететін күндерім көп.

Күз келіп, Сағыныш бастаған бір топ бала әскерге кеткелі жатқан кез. Сағыныш көңілсіз. Назымның да жүзі мұңды. Тек іштей мен мәзбін. Өйткені Назым менің «жеке меншігім» болып қалмақ. Кей күні Сағыныш гитарасын көтеріп шығып, жол шетіндегі ағаштардың түбіне отыра кетіп, ән айтатын бар-ды. Соңғы кезде сол әдеті жиілеп кетті. Көшенің бір топ ұсағы соның жанына жиналамыз. Кейде бірер дос қыздарын ертіп, Назым да келетіні бар. Сағыныш мықты әнші. Гитараны қалай тартады дейсің. Сұмдық. Сондай кезде кейде көшенің «Там-там тарам,
Мен солдатқа барам.
Жыламаңдар, қыздар,
Қайтып келіп алам» — деген әнін гитараның шектерін үзіп  жіберердей, бебеулете қағып, айқайлай шырқап, көзінің астымен Назымға қарайтыны бар. Екеуінің бір-біріне деген көзқарасын аңдып тұрған мен де Назымға қарай қаламын. Назымның жүзі алабұртып, әні-міні жылап жіберетіндей аянышты болып кетеді. Сағыныштың да әскерге барғысы жоқ секілді. Бәлкім, Назымды қимай ма екен. Не десең де, екі жыл жырақта Назымсыз уақыт өткізу қиын ғой. Сонымен, бір күні Сағыныш бастаған бір топ бала әскерге аттанды. Алдымен кешкілік  Сағыныштың  үйінде отырыс болды. Өңкей  жастар  жиналды.  Оған Назым бармады. Үй-іші «оқушысың» деп жібермеген секілді. Тағы да ортада мен жүрмін.
— Сырым батыр, ретін тауып, Назымды бірер минутқа шақырып берші. Қақпа алдына шықсын. Қоштасып қалайын, — деп Сағыныш мені Назымның үйіне қарай жүгіртті.

— Үйде қант бітіп қалыпты. Апам сұрап жатыр, — дедім алдымнан шыққан Назымның шешесіне.
— Ә-ә, Әлиманың қоры көп болушы еді. Неғып түгесіліп қалды екен. Жарайды, қазір, — деп кілет үйге кіріп кетті. Менің дауысымды Назым естісе керек. Үйден шелек көтере шығып, су алмақ болып құдыққа қарай жүрді. Бәлкім, әдейі істеді. Сол кезде:
— Қақпа сыртында Сағыныш күтіп тұр, — деп сыбырлап үлгердім. Балалық қулық жасадым. Сыртқа қарай жүгіре жөнелдім де, қақпадан шыққан бойда тесігінен сығаладым. Артымнан Назымның шешесінің:
— Ана бала қайда кетті, қантты алмай. Әй, қыз, суды артынан тартасың. Мынаны Әлимаға апарып беріп келші. Ертең бір уыс қант беруге жарамады, жарымағыр, деп өкпелеп жүрер, — деп қызына қант салған дорбаны ұстатқанын көрдім.                         Сағыныш мәз.
— Ақылдысың, — деп кәдімгі үлкен жігіттердей қылып арқамнан қақты.
Сосын:
— Сен кете бер. Мен оңаша  сөйлесейін — деп мені итергендей қылды.

Не істейін, амалсыз жылыстай бердім. Алыстап барып, көшедегі талдардың ішіне кіріп, баспалап қарап тұрдым. Қараңғыда екі сұлба бірігіп кеткендей болды. «Құшақтасты. Сүйісіп жатыр», — дедім. Ішім қыж-қыж қайнап бара жатыр. «Сорлы, сүйген қызыңды өзгенің құшағына өзің апарып салып бердің. Бүйткенше өлсеңші». Өксіп жылап жібердім. Сағыныш көп бөгелмеді. Жанымнан әлде бір әнді ысқырып өте шықты. Көңілді. Қараңғыда тал ішінде көзінен сорасы ағып отырған мені байқамады.

Ертеңінде әскерге кететіндер және шығарып салушылар қиқулатып, аудан орталығына аттанды…                                                                                                    Уақыт өтіп жатыр. Таңертең мектепке барар кезде Назымды аңдып тұрып, бірге шығамын. Әрине, артында томпаңдап еріп отырамын. Назым болса жанындағы қыздармен бірге баяу басып кетіп бара жатар еді. Ол баяғыдай көңілді емес. Жабырқау бар. Бұрынғыдай маған «сар балапан» деп еркелете тіл қатпайды. Сондайда баяғы Сағынышпен екеуінің арасына хат тасып жүрген кездер «қандай жақсы» еді деп біртүрлі болып қаламын. Әйтеуір оның пошташы апайды тосып, ол келе жатқанда алдынан жүгіріп шығатынын байқап жүрмін. Шамасы, Сағыныштан хат күтетін секілді. Қолына хат тисе, үйге кірмей, қақпасының алдындағы орындыққа отырып алып, хатқа үңіліп ұзақ отыратын. Ал мен оның бәрін шөптің төбесіне шығып алып, алыстан көріп отырушы едім.                                                                                   Қытымыр қыс өтіп, көктем келді. Сәуір басталмай, біз жақта қар еріп, жер көктеп кететін. Сүйтіп жүргенде оқыс оқиға болды. Ауылға төрт-бес әскери адам сау ете түсті. Былтыр күзде әскерге кеткендердің бірі жазатайым қайтыс болыпты. Соның денесін алып келіпті. Ол ол ма, Сағынышты да ертіп алған. Сағыныш әскери дайындық кезінде бастан соққы алып, есін жоғалтып алғанға ұқсайды. Ауыл у-шу. Жылаған жұрт. Әсіресе, қайтыс болған Айдар деген баланың атасы сақалы су-су болып, мүрде салынған табытты құшақтап зарлап жылағаны бәрімізге қатты әсер етті. Ауылдың үлкені де, кішісі де күрт кетті.                                                                            — Пин (Фин болса керек) соғысына қатыстым, Берлинге дейін фашистерді қуалап бардым. Жиырма миллион адам шейіт болған қырғын соғыстан аман келдім. Ал сендер бейбіт күнде немеремді өлтіріп алып келіп тұрсыңдар. Кеше ғана әскерге аман аттандырғанмын. Тауып беріңдер, түге! — Ақсақалға  басу айтып жатқандар көп. Сап-сары болып, погон таққан әскерилер атаның сөзін түсінбеді ме, білмедім, былқ етпеді. Олар үшін бұл үйреншікті жай секілді. Қабақтары түксиіп, үндемейді. Табытты аштырмады. Сол әкелген күні жерлетті. Погон таққандарға ешкім қарсы тұра алмады.

Ал Сағыныш… Сағыныш баяғы емес. Жынды адамдай әркімге қарап, ыржалақтай береді. Сірә, ешкімді танымай қалған секілді. Бірақ өзіне әскери киім қатты жарасады екен. Тартылып тұр. Беліндегі жұлдызды белдігі қандай. Басындағы жұлдызшалы пилоткасы тіпті керемет. Сұрап кигіміз келіп, өліп бара жатырмыз. Бірақ Сағыныш баяғы Сағыныш емес еді. Шүпірлеп айналсоқтап жүрген бізге көңіл бөлмеді.
— Сағыныш аға, мен Сырыммын ғой, — деп жанына барғанда, жай ғана «Сырым» деп сәл ойланып қалды да, қолын бір сілтеп жүре берген. Сонымен бітті. Әке-шешемнен естігенім: біздің ауылдан әскерге аттанғандар Қиыр Шығыстағы бір әскери бөлімге бірге түскен екен. Ол жерде «дед» деген бір пәлелер жаңадан келгендерді жабылып ұратын көрінеді. Сондай бір төбелес кезінде Айдар қайтыс болып, Сағыныш жынды болып қалыпты. Бастан соққы алса керек-ті. Жаным түршігіп кетті. «Отан алдындағы парызды өтеуге тезірек барсам, жарқыратып жұлдызды кепка киіп, белдік байлап, төсіме жалтыратып бірнеше медаль тағып, ауылға оралсам. Сосын көшеде сар шалбардың буымен жүрсем ғой. Назым да маған қақпасынан сығалап қарап, “Сырым дәу жігіт болыпты ғой” деп қызығар еді-ау» деген бейкүнә, бала арманым быт-шыт болды. «Бармағаным әскер болсын, атасына нәлет» деп әкемнің ара –тұра айтып отыратын боқтық сөзін іштей бір қайталап, «солдат болсам» деген арманнан айнып қалдым.                                                                                                                                      Бірде кешкі ас үстінде шешем бір жайсыз әңгіменің шетін қылтитты.
— Сағынышқа обал болды. Тәп-тәуір бала еді ғой. Бәріне Мұқан кінәлі. Елдің қарғысы. Ауылда бармаған қызы, жатпаған қатыны қалмады ғой. Бәрін ермек етті. Жұрт қарғамады дейсің бе? Қарғады. Боқтады. Ұрды. Күйеуі қайтыс бола салысымен, топырағы кеппей жатып, ана салдақы (Сағыныштың  шешесін айтады)  Мұқанмен әуейі болды емес пе. Сағынышты содан туып алды. Жұрттың бәрі біледі.                          — Әй! — деді әкем үстелді бір ұрып. — Елде қақың қанша. Кім не істейді — өз еркі. Өзгенің етегін аңдып нең бар. Қысқарт мұндай әңгімені!

— Енді жұрт айтып жүр ғой. Үйіндегі қатынын қорлап, аяқтыға жол бермей, жүргіштікке салынып кетіп еді. Әне не болды. Ойнасымен кетіп бара жатқанда, көлігі аударылып, екі аяғын кестірді. Шолақ болып қалды емес пе! Елдің қарғысы сол. Кезінде қатын біткен қызығатын көрікті еркек болған шығар. Қазір ешкімге қажеті жоқ, міскіннің бірі.                                                                                                             Шешем біраз бұрқылдап барып басылды. Әке-шешемнің айтқандарынан түсінгенім — Сағыныш Мұқанның баласы екен. Бәсе, кейде Сағыныш талдың түбінде гитара тартып, ән айтып отырғанда, арбаға таңылған Мұқан басқа көшеде тұрса да, ерінбей келіп ән тыңдап қайтушы еді. Сондайда:
— «Тереземді ұрмаңдаршы тамшыларды» тағы қайталап айтшы, балам, — дейтін Сағынышқа жалынышпен қарап.
Ән айтылып жатқанда көзі жасаурап, үнсіз отырушы еді. Бәсе, бір гәп бар екен ғой араларында. Бірақ Сағыныш өз әкесі Мұқан екенін білмейтін сынды.

Сонымен қойшы, Сағыныш әскерден бірде есі бар, бірде есі жоқ болып оралды. Баяғыдай Назымға «хат апаршы, шақырып берші» деп айтпайтын болды. Тіпті Назым деген қыздың бар-жоғын да білмейтін секілді.                                                                   Ал Назым… Сағыныш оралғалы көрінбей кетті. Көрші ғой. Естіп жатырмын. «Ауырып қалған көрінеді. Сабаққа да көп болды бармады. Бәлкім, ауырмаған да шығар. Сүйгені анадай болып қалғанда, мұнда қандай жағдай болсын…»                           Бұл да шешемнің шай үстінде ерні жыбырлап, әкеме айтып отырған өсегі…         Сағыныш кейде әскери киімін киіп алып, көшеде айқыш-ұйқыш, сарт-сұрт етіп адымдап, «Там-там тарам, мен де солдатқа барам, жыламаңдар, қыздар, қайтып келіп алам» деп әндетіп жүрер еді. Оны көрген жұрт айналып өтетін. Айналып өтіп бара жатып, көздеріне келіп қалған жасты сүрткіштеп, күрсінетін.
— Есін білмейтін жындыға жоламаңдар, — деп әке-шешеміз ескерткен соң, Сағыныштан аулақ жүретін болдық. Сонда да Сағыныш сарыала әскери киімін киіп, көшеде ары-бері ән айтып жүргенде қызық көріп, қатар тұра қалып, аяқты адымдай басып, екі қолды екі жаққа сермеп, әнге қосылып, шуылдап жүретініміз бар.  Содан бір күні көшеде ойнап жүрген бізді көрген Сағыныш:
— Сырым! — деп айқайлап, қолын бұлғады. Таң қалдым. Баяғыда әскерге кетер алдында осылай шақырушы еді. Ауырып оралғалы мені көрсе де, танымаған боп жүре беретін. Бүгінгісі бір түрлі көрінді. Тіпті Сағыныш ауруынан жазылып кеткендей ме, қалай. Баяғыдай шауып жетіп бардым.

— Сырымжан, Назымға айтшы, кешке көшеге шықсын. Онымен сөйлескім келеді, — деді.
Кәдімгі сау адамның сөзі. Баяғы Сағыныштың сөзі. Жүрегім дүрс етті. «Бұл жазылып, қайтадан Назымға көз салған екен ғой» деген бір әзәзіл ой басыма сарт етті. Қызғанып кеттім. Ішім қайтадан қыз-қыз қайнап бара жатыр. Ауру адамға Назымды қимадым. Бұрқ-сарқ еткен ішкі сезімді Сағынышқа білдірмедім.
— Жарайды, аға, айтайын, — дедім бұрынғы тілалғыш әдетіммен.
— Барып айтып келші, — деді ол.                                                                                  Күн жексенбі болатын. Сабақ жоқ. Демек, Назым үйінде. Жүгіріп кеттім. Бірақ Назымға бармадым. Сағыныштың сөзін айтпадым. Қызғандым. Кішкентай болсам да, Назымды Сағыныштан артық жақсы көруші едім. «Сағыныш ауру, оған енді Назым қарамайды. Ал мен болсам, ертең-ақ ер жетем. Назымға сүйіспеншілігімді білдіремін. Мүмкін, жас айырмашылығына қарамастан, тағдыр бізді қосатын шығар» деп қиялдап жүрген кезім. Өйткені кітап көп оқығандықтан, ондағы кейбір кейіпкерлер өзінен үлкенге я болмаса кішіге тиіп жататындары бар. Біз де солардың бірі болармыз деген ниет  еді. Демек, Сағыныштың сөзін өлсем де Назымға айтпасым белгілі. Мен бұдан жарты жыл бұрын екеуінің арасында хат тасып, зыр жүгіріп жүрген кезден көп өзгергенмін. Басқа Сырыммын. Болды. Үйге барып, біраз отырдым да, қайтадан көшеге шықтым. Түс әлеті. Күн төбеде. Көктемнің сондай бір шуақты сәті. Жер көктеп кеткен. Құстар сайрап мәз-мәйрам. Тек іргедегі Мұқаншы өзенінің гүр-гүр еткен дауысы сол мамыражай  тыныштықты  бұзып тұр. Өзен тасып жатыр. Мамырдың басында Тарбағатайдағы қар еріп, Мұқаншы арнасына сыймай таситын. Дәл сол кез. Ара-тұра гүр етіп құлаған жардың дауысы естіледі.                                                    Бір орнында тұрмай тызақтап, ары-бері жүрген Сағынышты көрдім. Мені күтіп жүргені белгілі. Жеткен бойда:
— Шықпаймын деді, — дедім. Сағыныш бір түрлі болып кетті.
— Неге? — деді ышқынып.
Дауысы қандай қорқынышты. Мені бір ұратын секілді. Төніп келді.
— Ауру адам маған қажеті жоқ деп айтты, — дедім міз бақпай.                               Аузыма бұл сөз қалай түсті, білмедім. Өз айтқанымнан өзім шошыдым. «Қазір Сағыныш Назымның үйіне қарай тұра жүгірсе қайтемін, біттім ғой» деп ойлап болғанша болмады. Сағыныш Назымның үйіне емес, іргедегі өзенге қарай жүгіре жөнелі.
— Назым, мен сені сүйемін! Бәрібір сүйемін! Ана дүниеде де сүйіп өтемін! — деп айқайлап, жылап бара жатыр.Үлкен баланың жылағаныда ерсі екен.

Соңынан шаба жөнелдім. Ойнап жүрген бір топ қиқым бала ере жүгірді. «Сағыныш аға, мен өтірік айттым. Назым сізді сүйеді, тоқтаңызшы!» дегім келді. Бірақ әлдене тілімді байлап қойғандай, айта алмадым. Тек өзенге жүгірген Сағыныштың соңынан бір топ бала салып ұрып келеміз. Анадайдан арбасының дөңгелегін ұршықша иіріп, айқайлап келе жатқан Мұқан көрінді. Не деп келе жатыр — білмедім. Есіл дертім Сағынышты қуып жетіп, тоқтатып, шындықты айту еді. Бірақ ол жеткізбеді. Орғып-орғып секіріп кетіп бара жатыр. Тек «Назым!» деген айқайы естіледі. Балалардың айқай-шуынан өзенге тақау үйдің адамдары үдіре далаға шығып, үпірісіп қарап қалған. Соның бірі — Назымның үйі. Жүгіріп келе жатып сол жаққа қарап үлгердім. Қақпаның сыртында состиып тұрған Назымды көрдім. Кенет ол да біздің артымыздан тұра жүгірді.
— Жүгір, Назым, жүгір! Сағынышты қуып жетші! — деп ышқына айқайладым.                  Дауысымды бәлкім естіді, бәлкім естімеді. Дегенмен бір жаманшылықтың боларын білгендей, ол да артымыздан құйынша ұшты. Бірақ жетпедік. Өзенге бізден бұрын жеткен Сағыныш:
— Назым! — деп айқайлады. — Назым, мен сені сүйемін!..                                             Кенет қап-қара болып көбіктеніп жатқан суға жардан секірді. Жер-дүние жаңғырып кеткендей еді. Айнала у-шу. Солардың арасынан Мұқанның:
— Жүгір, Назым, жүгір! Сағынышымды құтқаршы! — деген зарлы айқайы естіледі. Жар жағасына жеткен қиқым балалар шуылдап жүрміз. Екі арнасын ұрғылап, тасыған өзен гүр-гүр етеді. Сағыныш жоқ. Ізім-ғайым. Көк көйлегінің етегі желбіреп, Назым да жетті. Оны құтқарушымыздай көрдік пе, «Назым апай!» деп айқайлай беріппіз.              Жар жағалай жүгірген ол:
— Сағыныш! — деп ышқына айқайлады. — Сағыныш, қайдасың?!                             О, сұмдық! Кенет жар гүр етті. Дәл Назым еңкейіп, өзенге қарап тұрған жер. Шу ете түстік.
— Сағыныш! — Назымның соңғы айқайы еді.                                                                 Жармен бірге тасып жатқан өзенге құлады. Қап-қара болып көбіктенген су жарды да, Назымды да жұтып қойды. Түк болмағандай үрейлі дауыс шығарып, долдана ағып жатыр.   Жар жағасына арбасымен Мұқан да жетті.
— Сағыныш! — деді өкіріп жылап. — Ұлым!                                                                       Сағыныштан да, Назымнан да айырылып қалдық. Жыламаған жұрт қалмады. Дүние күңіреніп кеткендей болды. Тек түс ауа арқан байлап, суға түскен үлкендер екеуінің денесін тапты.

— Мен кінәлімін, — дедім өкіріп жылап. — Мен кінәлімін екеуінің өліміне!

— Мынаны шалық шалған. Сол Сағыныш жындыға жола ма дедім! — деп шешем арқамнан көк шыбықпен осып-осып жіберді. Шырқыратып қуып әкеліп, үйге тықты. — Мынаны сыртқа шығармаңдар, ана екеуінің артынан бұл да суға ағып өлуі мүмкін!

Шешем айтты. Үйдегілер мені тырп еткізбеді. Бірақ олар қайдан білсін, менің қызғанышым екі адамды бірдей опат қылғанын. Кімге айтамын, кімге мұңымды шағамын. Бәрі іште қалды. Араға бірер күн салып, ауыл екеуін жерледі.
— Шын ғашықтар қосылмайды деген  осы — әкемнің сөзі. Күрсінді.
— Е-е-е, қайдан білейік, көз тиді ме, сөз өтті ме? Екеуінің бірін-бірі жақсы көретінін білуші едік. Тағдырдың жазбағаны да. Он екіде бір гүлі ашылмай кетті де қалды ғой. О дүниеде бақытты болар, — деп шай ішіп отырған шешем көзінің жасын сықты.

Төргі үйге өтіп, жастықты құшақтап, өксіп жібердім.

Міне, содан бері арада аунап талай жыл өтті. Есейдік. Әскерге де барып келдік. Оқуды да оқыдық. Үйлендік. Балалы болдық. Шаһарды мекен етіп қалдық. Бірақ жыл сайын баяғы өсіп-өнген қара шаңыраққа, Көрпебай жотасының етегіндегі кішкентай Еліктай деген ауылға барамын. Туған жердің орны бөлек қой, шіркін. Ауылды аңсап жеткенде есіме бірден сол бір оқиға түседі. Аяңдап жотаның етегінде ошарлана орналасқан қорымға барамын. Әке-шешеме құран оқимын. Сосын Сағыныш пен Назымның бастарына барып, бет сипаймын. Қатар соғылған қос моланың жанында ұзақ бөгелемін. Баяғы сол бір көктемде болған оқиғаны тағы бір көз алдымнан өткіземін. Сондайда арқамнан біреу түрткендей болады. Артыма қарамастан кім екенін білемін. Ол — АНАУ —   бала Сырым, өзіммін.
«Олардың өліміне мен кінәлі емеспін ғой».
АНАНЫҢ маған айтар жалғыз сөзі — осы.                                                                  Мен — есейген Сырым не деуім керек?
«Иә, сен кінәлі емессің. Өйткені сен де Назымды сүйдің. Қызғандың. Сағыныштан да артық жақсы көрдің. Сол сезім кінәлі шығар. Бәлкім, қосылған екі жұпқа өмір бойы қызғана қарап, өмір бойы махаббаттың отына күйіп, өксіп өтпеу үшін, бір құдірет Сағыныш пен Назымның тағдырын шегіне жеткізбей, осылай оқыс аяқтаған болар»

Есейген Сырымның қарасирақ Сырымға айтары осы ғана.
Ал, сіз не дер едіңіз?

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

 

 2026 жыл. Қаңтар

Алдыңғы жазба“Арал теңізі салғырттықтың салдары“