Home Саясат Иранда билік ішіндегі үнсіз тартыс күшейіп бара ма?

Иранда билік ішіндегі үнсіз тартыс күшейіп бара ма?

4

Иран президенті Мәсуд Пезешкианның отставкаға кетуі мүмкін деген ақпарат соңғы күндері әлеуметтік желілер мен халықаралық ақпарат кеңістігінде қызу талқыланды. Кейбір ақпарат көздері оның Жоғарғы көсем кеңсесіне қызметтен босату туралы өтініш жолдағанын жазды. Тіпті мұны Ислам революциясы сақшылары корпусының күшеюімен және азаматтық биліктің әлсіреуімен байланыстырғандар да болды.

Бірақ арада көп уақыт өтпей-ақ Иран президенті әкімшілігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ресми Тегеран Пезешкианның қызметін жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Президенттің өзі де көп ұзамай жұрт алдына шығып, жұмысын тоқтатпайтынын аңғартты.

Сонда бұл жай ғана жалған ақпарат па?

Меніңше, мәселе отставканың болған-болмағанында емес. Ең қызығы – мұндай қауесеттің неге дәл қазір тарағанында.

Иран қазір соңғы онжылдықтардағы ең ауыр кезеңдердің бірін бастан кешіріп отыр. АҚШ пен Израильмен текетірес, санкциялар, экономикалық қиындықтар, ядролық бағдарлама төңірегіндегі дау – мұның бәрі билікке үлкен қысым түсіруде.

Осындай жағдайда президент төңірегінде отставка туралы әңгіменің шығуы кездейсоқ емес сияқты.

Себебі Ирандағы билік құрылымы сырт көзге көрінгендей қарапайым емес. Көпшілік президентті мемлекеттің бірінші тұлғасы деп қабылдайды. Бірақ шын мәнінде қауіпсіздік, қорғаныс, ядролық бағдарлама және сыртқы саясаттың маңызды бағыттарында соңғы сөз әрдайым президентке тиесілі емес.

Әсіресе Ислам революциясы сақшылары корпусының ықпалы соңғы жылдары күшейгені туралы пікірлер жиі айтылады. Кейбір сарапшылар тіпті қазіргі Иранда әскери-саяси элитаның салмағы азаматтық үкіметтен жоғары екенін алға тартады.

Пезешкиан билікке келгенде реформашыл саясаткер ретінде қабылданған еді. Ол Батыспен келіссөз жүргізуге, санкцияларды жеңілдетуге және экономиканы жандандыруға мүдделі тұлға ретінде көрінді. Алайда соңғы айларда оның саяси мүмкіндігі шектеулі екені байқала бастады.

Осы тұста Иранның бұрынғы президенті Махмуд Ахмадинежадтың атының қайта атала бастауы да назар аударарлық құбылыс. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде ғана емес, кейбір саяси ортада да «елді қазіргі дағдарыстан Ахмадинежад қана алып шыға алады» деген пікірлер жиілеп барады.

Бір кезде Батысқа қарсы қатаң саясаттың символына айналған саясаткер кейін Иранның өз ішіндегі жүйемен де қайшылыққа түскен еді. Сондықтан бүгінде ол бір мезетте әрі бұрынғы биліктің адамы, әрі қазіргі элитаға көңілі толмайтын топтардың үміті ретінде көрінеді.

Дегенмен Ахмадинежадтың қайта президент болуы әзірге нақты сценарий емес. Өйткені Ирандағы саяси жүйе мұндай шешімді тек қоғамның көңіл күйіне қарап қабылдамайды. Бұған дейін оның бірнеше мәрте сайлауға қатысуына рұқсат берілмеген кездер болған.

Соған қарамастан оның атының қайта көтерілуі маңызды белгі. Бұл халықтың да, элитаның да қазіргі саяси модельге толық көңілі толмай отырғанын аңғартады. Кейде саясатта адамның билікке қайта келуі емес, оның атының қайта атала бастауының өзі үлкен өзгерістердің белгісі болуы мүмкін.

Соңғы уақытта Ирандағы ядролық келіссөздердің қайта-қайта тығырыққа тірелуі де билік ішіндегі пікір айырмашылықтарын байқатады. Бір топ Батыспен белгілі бір мәмілеге келуді қолдауы мүмкін. Өйткені санкциялар ел экономикасын әлсіретіп жіберді. Ал екінші тарап кез келген ымыраны әлсіздік деп қабылдайды.

Сондықтан бүгінгі Ирандағы басты тартыс нақты тұлғалар арасындағы күрес емес. Негізгі қайшылық – келіссөз жолын таңдаушылар мен қатаң бағытты қолдаушылар арасындағы көзқарас айырмашылығы болуы мүмкін.

Әлеуметтік желіде қызу талқыланған тағы бір жайт – Пезешкианның үкімет отырысына қысқа жең жейдемен келуі. Кейбіреулер мұны саяси белгі ретінде түсіндіруге тырысты. Бірақ мұнда қарапайым түсініктеме де бар. Соңғы айларда Иран билігі халықты энергияны үнемдеуге шақырып келеді. Елдегі электр энергиясы тапшылығы мен тұтынудың өсуі билікті осындай шараларға итермелеуде.

Сондықтан бір жейдеден саяси төңкеріс іздеу артықтау шығар.

Алайда қауесеттің өзі назар аударуға тұрарлық.

Өйткені саяси жүйе толық тұрақты кезде мұндай ақпараттар қоғамға дәл осылай әсер етпейді. Ал қазіргі Иранда кез келген кадрлық сыбыс бірден үлкен талқылауға айналып кетеді. Бұл қоғамның да, элитаның да жүйке жүйесі қатты ширығып тұрғанын көрсетеді.

Бүгінде көпшілік Пезешкиан қызметінен кете ме деген сұраққа жауап іздеп жатыр. Бірақ маңыздырақ сұрақ басқа болуы мүмкін.

Егер президент кетпесе де, оның қолында нақты билік қаншалықты қалды?

Міне, дәл осы сұрақ Иранның алдағы саяси бағытын анықтайтын басты мәселе болып барады.

Сондықтан бүгінгі әңгіменің түйіні Пезешкианның отставкасы емес. Негізгі мәселе – Ирандағы билік орталықтарының ара салмағы өзгеріп жатыр ма деген сауал.

Егер бұл өзгеріс расында жүріп жатса, онда алдағы уақытта Тегеранның АҚШ-пен келіссөздері де, ядролық бағдарламасы да, Таяу Шығыстағы саясаты да мүлде басқа арнаға бұрылуы мүмкін.

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ, Dodanews.kz

Алдыңғы жазбаИран ураны: Қазақстанға жол тарта ма, әлде дағдарыс жалғаса ма?