Шымкентте адам органдарын заңсыз ауыстырды деген айыппен ұсталған қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Абылай Донбайға қатысты мәліметтер пайда болды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
18 қарашада ІІМ Тергеу департаментінің қызметкерлері № 1 қалалық клиниканың бас дәрігерін ұстаған болатын. Тергеу барысында Донбайдың адам органдарын сатып алу-сатуға заңнамалық тыйым салғанына қарамастан, ірі ақшалай сыйақы үшін бүйректі алу және ауыстырып салу бойынша заңсыз операциялар жүргізгені анықталды. Клиниканың сайтында доктор жайлы мына мәліметтер жарияланған: Абылай Донбай Әбдужаппарұлы 1982 жылы 27 шілдеде Төле би ауданы Леңгір қаласында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Бірінші дәрежелі хирург, трансплантолог. Еңбек өтілі – 10 жыл, басшылық қызметтерде жүргеніне 6 жыл болған. 2005 жылы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік академиясын «емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген. 2015 жылы Қазақ гуманитарлық және құқық университетінде магистратураны аяқтаған. 2005-2006 жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясында интернатурадан өткен. Түрлі жылдары тәжірибеден өткен. 2017 жылдың 4 шілдесінен бастап Шымкенттегі № 1 қалалық клиникалық ауруханаға хирург болып жұмыс істеген. Ал 2019 жылдың 13 наурызынан осы күнге дейін аурухананың бас дәрігері қызметінде болды.
Kaz.tengrinews.kz