Home Басты жазба СИ, ТРАМП ПЕН ПУТИННІҢ ТАРИХИ КЕЗДЕСУІНЕН НЕ ӨЗГЕРДІ?

СИ, ТРАМП ПЕН ПУТИННІҢ ТАРИХИ КЕЗДЕСУІНЕН НЕ ӨЗГЕРДІ?

7

Шэньчжэньде әлемнің үш ірі державасының басшысы бір үстелге отырды. Тарихи кездесу өтті. Бірақ әлем күткен жаңа геосаяси келісім дүниеге келген жоқ.

2026 жылғы 19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Си Цзиньпин, Дональд Трамп және Владимир Путин алғаш рет үшжақты форматта кездесті. АҚШ, Қытай және Ресей басшыларының мұндай құрамда бір үстел басына жиналуы – халықаралық дипломатиядағы бұрын-соңды болмаған оқиға. Сондықтан бұл кездесуді Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі 1945 жылғы Ялта конференциясымен салыстырған сарапшылар да аз болған жоқ.

Алайда кездесу аяқталған соң «Ялта-2» туралы болжамдардың орындалмағаны байқалды. Үш ел басшысы төрт тармақтан тұратын бірлескен декларация қабылдаумен шектелді. Құжатта ядролық соғысқа жол бермеу, ядролық тәуекелдерді азайту, БҰҰ-ны реформалау, энергетикалық ынтымақтастық және мемлекеттік лауазымды тұлғалардың халықаралық соттар алдындағы иммунитеті мәселелері қамтылды.

Ең қызығы, әлемдегі ең өткір мәселелердің бірі – Украинадағы соғыс декларацияға енген жоқ. Иран төңірегіндегі қақтығыс та құжатта көрініс таппады. Демек, үш держава ортақ мәлімдемеге қол қойғанымен, ең күрделі халықаралық түйткілдер бойынша нақты мәмілеге келе алған жоқ.

Қытайдың дипломатиялық ишарасы

Кездесудің тағы бір назар аударарлық тұсы – қарсы алу рәсімі. Си Цзиньпин АҚШ президенті Дональд Трампты әуежайда өзі қарсы алды. Ал Владимир Путинді Қытай басшысының аппарат жетекшісі Цай Ци күтіп алды. Цай Ци – Қытай Коммунистік партиясы Саяси бюросының Тұрақты комитетіндегі жоғары лауазымды тұлғалардың бірі.

Бұл жай ғана хаттамалық айырмашылық па, әлде саяси белгі ме?

Associated Press агенттігіне пікір білдірген Eurasia Group сарапшысы Доминик Чиу мұны Бейжіңнің Вашингтонмен қарым-қатынасты тұрақтандыруға бағытталған дипломатиялық есебі ретінде түсіндіреді. Оның пікірінше, бұл жағдайды Қытайдың Мәскеуден алыстауы деп қабылдауға болмайды. Си мен Путиннің байланысы бұрыннан қалыптасқан, ал Трамппен қарым-қатынасқа Бейжің ерекше дипломатиялық мән беріп отыр.

Яғни Қытай АҚШ-пен арадағы байланысты қайта реттеуге мүдделі екенін көрсетті. Сонымен бірге Ресеймен стратегиялық серіктестігін де сақтап қалуға тырысты.

Ялта-2 неге болған жоқ?

1945 жылғы Ялта конференциясында Сталин, Рузвельт және Черчилль соғыстан кейінгі әлемдік тәртіптің негізгі мәселелерін талқылаған еді. Ол кезде Еуропаның болашақ саяси құрылымы мен ықпал аймақтары жөнінде маңызды шешімдер қабылданды.

Ал Шэньчжэньдегі кездесуде мұндай мазмұндағы келісім болған жоқ. Үш басшының 90 минуттық әңгімесінен кейін жарияланған декларацияда нақты міндеттемелердің орындалу мерзімі де, іске асыру тетіктері де көрсетілмеді.

CNA басылымы сөйлескен сарапшылардың бағалауынша, үш көшбасшының әрқайсысы бұл кездесуден белгілі бір саяси пайда алды. Си Цзиньпин Қытайды әлемдік державаларды бір үстелге жинай алатын орталық күш ретінде көрсетті. Трамп халықаралық саясаттағы белсенділігін паш етті. Ал Путин Ресейдің Батыспен арадағы қайшылықтарына қарамастан, әлемдік саяси сахнадағы орнын сақтап отырғанын көрсетті.

Бұл кездесудің шынайы қорытындысы қандай?

Шэньчжэнь саммиті әлемдік тәртіптің өзгергенін біржола жариялаған жоқ. Бірақ халықаралық саясатта үш державаның бір-бірімен тікелей сөйлесуге және кейбір мәселелер бойынша ортақ ұстаным іздеуге дайын екенін көрсетті.

Бір маңызды жайт бар: үш елдің мүдделері бірдей емес. Вашингтон ядролық қаруды бақылау мәселесін күн тәртібіне шығаруға тырысса, Бейжің халықаралық тұрақтылық пен энергетикалық қауіпсіздікке басымдық берді. Мәскеу үшін мұндай кездесу халықаралық оқшауланудың әлсірегенін көрсетуге мүмкіндік болды.

Сондықтан Шэньчжэньдегі тарихи кездесуді жаңа Ялта деп атауға әзірге негіз жоқ. Бұл – әлемдік саясаттағы күш орталықтарының өзара есептесуінің, жаңа дипломатиялық тепе-теңдік іздеуінің көрінісі.

Ал қабылданған декларацияның нақты саяси нәтижеге айналатынын уақыт көрсетеді. Әзірге үш алып мемлекеттің басшылары әлемді бөлісу туралы келісімге емес, өзара диалогты жалғастыруға келіскендей әсер қалдырды.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ. dodanews.kz

Алдыңғы жазбаТоқаев ҰҚК-нің жаңа төрағасына тапсырма берді
Келесі жазбаОҚУЛЫҚТАҒЫ ҚАТЕ – БАЛАНЫҢ БІЛІМІНДЕГІ ОЛҚЫЛЫҒЫ: ҚАЗАҚСТАН НЕГЕ БҰЛ МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕ АЛМАЙ КЕЛЕДІ?