Home Қоғам Ғылымға 262 миллиард бөлінді. Нәтиже қайда?

Ғылымға 262 миллиард бөлінді. Нәтиже қайда?

15

Біз неге әлі күнге дейін өз технологиямызды жасай алмай жүрміз? Неге әлемді таңғалдыратын ғылыми жаңалықтарымыз аз? Неге шетелдің технологиясына тәуелдіміз? Неге жас ғалымдарымыздың көбі өз елінде ғылыммен айналысудың орнына басқа жақтан мүмкіндік іздейді?                                                                                                                                                      Ақиқатына келер  болсақ, бұл сұрақтардың жауабын алыстан іздеудің қажеті жоқ сияқты. Жақында Жоғары аудиторлық палатаның ғылым саласына жүргізген тексерісінің қорытындысы жарияланды. Ондағы сандарды оқып отырып, еріксіз ойланады екенсің. Себебі, 2022 — 2025 жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі 122 миллиард теңгеден 262 миллиард теңгеге дейін өскен. Яғни мемлекет ғылымға бөлетін ақшасын екі еседен астам арттырған. Бірақ нәтиже қандай?                                                                                                                                                                Аудит 51 миллиард теңгенің қаржылық заңбұзушылығын анықтаған. Тағы 47 миллиард теңге тиімсіз жоспарланып, пайдаланылған. Ал 16 миллиард теңге көлемінде шығын мен алынбай қалған пайда тіркелген. Одан да сорақысы, 2023-2025 жылдары қаржыландырылған ғылыми зерттеулер аясындағы 393 тапсырманың 149-ы орындалмаған. Олардың құны шамамен 67 миллиард теңге. Енді мына дерекке назар аударыңыз; аудиторлар іріктеп тексерген 60 патенттің ешқайсысы бойынша оны пайдалану туралы келісім жасалмаған. Яғни патент бар, қағаз жүзінде ғылыми нәтиже бар, бірақ оны өндіріске енгізіп, пайдаға жарату мәселесі шешілмеген. Ал ғылыми жобаларды коммерцияландыру бойынша аяқталған 141 жобаның тек 38-і ғана соңғы үш жылда өнімін тұрақты сата алған. Қалған 103 жоба 22 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсаса да, күткен нәтижеге жете алмаған. «Сонда біз ғылымды не үшін қаржыландырып отырмыз? Есеп үшін бе, әлде елдің дамуы үшін бе?» деген  заңды  сұрақ  туындары  хақ. Қысқасы  тексеріс  барысында,  ғылыми жобаларды іріктеу, қаржыландыру және нәтижесін бағалау жүйесінде мүдделер қақтығысы мен бақылаудың әлсіздігі анықталған. Бұл жемқорлық тәуекелдерін күшейтетін жағдай.

Әлбетте, анықталған қаржылық заңбұзушылықтың бәрін ұрлық немесе дәлелденген жемқорлық деп айтуға болмайды. Бірақ мұндай көлемдегі кемшіліктер үшін біреу жауап беруі керек. Бізде ғылыммен айналысатын азаматтар жоқ емес. Дарынды жастар да бар. Ізденіп жүрген ғалымдар да аз емес. Бірақ олардың еңбегін бағалайтын, зерттеуіне жағдай жасайтын, ғылыми идеяны нақты өнімге айналдыратын жүйе қаншалықты тиімді жұмыс істеп тұр? Үлкен  мәселе  осы.  Тағы бір алаңдатарлық көрсеткіш ол — Қазақстанда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын қаржы жалпы ішкі өнімнің небәрі 0,16 пайызын құрайды. Бұл жайт, ғылымға бөлінетін қаржының көлемін ғана емес, оның экономикадағы орнын да қайта қарауымыз керек екенін көрсетеді. Меніңше, ғылымдағы ең үлкен мәселе,  қаржының аздығында ғана емес. Бөлінген ақшаның нәтижесіне ешкімнің нақты жауап бермеуінде. Ғылымға бөлінген әрбір теңге жаңа технологияға, жаңа дәріге, жаңа өндіріс тәсіліне, елге пайда әкелетін жаңалыққа айналуы керек деп  ойлаймын. Яғни, ғылыми жоба аяқталды деген есептің артында нақты нәтиже тұруы тиіс. Әйтпесе, біз жыл сайын ғылымға миллиардтап ақша бөлеміз, әдемі есептер тыңдаймыз, жаңа бағдарламалар қабылдаймыз. Бірақ күнделікті өмірімізде шетелдік технологияға тәуелді болып қала береміз. Бұлай  жалғастыра  беруге  болмайды.  Ғылым  есеп беретін мекеменің ғана емес, ұлттың болашағының мәселесі. Демек, 262 миллиард теңге бөлінген ғылым саласында нақты нәтиже үшін кім жауап береді? Анықтау керек.  Сөз  соңында айтарым, Ғылымды қағаздағы көрсеткішпен емес, елге берген пайдасымен бағалайтын уақыт жетті. Өйткені ғылымға бөлінген ақша, бір мекеменің қаржысы емес, халықтың салығы мен келешек ұрпақтың несібесі. Мұны ешуақытта  ұмытуға  тиіс емеспіз!

Азаматхан  ӘМІРТАЙ,  «Байтақ»  Жасылдар партиясының  төрағасы

 

Алдыңғы жазба6,5 триллион теңге: игілік пе, тәуекел ме?