Home Руханият КҮЛТЕГІН

КҮЛТЕГІН

23

 

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

 Роман

 (жалғасы)

Күлтегін Қапағанның қазасын жорықта жүріп естіді. Алтын таудың батыс бөлігі мен Суырлы тауды тұтас мекен етіп, Балықты көлдің шығыс жағалауын бауырына басып жатқан қарлұқтар қағанаттан үнемі бөлініп, жеке шаңырақ құруға ұмтылып жүретін. Арслан тұңға дүниеден өтіп, Оғұлшақ елтебер тайпа тізгінін қолына ала салысымен көтеріліс жасап, қаһарлы Қапағаннан алшақтап, тәуелсіздік алуға тырысып баққан-ды. Қарлұқтардың қарқынын басып, қағанат алдына тізерлетуге Күлтегін аттанған. Соғыс ұзаққа созылды. Өйткені тікке келіп майдандасудың орнына Оғұлшақ қаша жүріп соғысып, көк түріктердің титығына тиді. Тек Тамаг тауының етегінде «Күлтегіннің қосындары әбден діңкелеген болар, енді тек жаншып тастайық» деп кері бұрылып, лап қойған.

Бірақ он жасынан қанды қасапқа араласып, соғыстың бүкіл амал-айласын меңгерген Күлтегін еш саспады.Тау суындай ақтарылып келіп қалған қарлұқ қолын көк түріктер қақ жарылып өткізіп жіберіп, артынан дүрсе қоя берді. Жүйрік мініп, елірген қарлұқтар ағызған бойы Тамаг тауынан бастау алып, арқырап ағып жатқан Өржар өзенінің биік жарына келгенде ғана аттарының басын іріккен, бірақ кеш еді. Жебені қарша боратып, ұзын найзаларын кезей шапқан Күлтегіннің қосындары қарлұқтарды биік жарға қарай ысырды. Арты құлама жар, алды топан судай жолындағысын жапырып келе жатқан көк түріктер. Допша домалаған бастар, денеге кірш-кірш қадалған найза, жараланғандардың ыңқылы, өліп бара жатқандардың жанұшырған үрейлі айқайы, сынған қылыш, күлпарша болған қалқан, аруақ шақырған ұран-атой жер үстін азан-қазан қылып жіберген. Қарлұқтар тар қыспақтан құтылып кету үшін  барын салып шайқасса, көк түріктер талай ай соңдарынан ертіп салпаңдатқан қарлұқтарды бірін қалдырмай қырып салмақ болып қидаласып жатыр. Ұлы қырғын түсе ауа тыным тапқан. Қоршауда қалған қарлұқтар күйрей жеңілді. Ат-матымен суға секіріп, құтылып кетпекші болған Оғұлшақты түрік мергенінің оғы құтқармады. Желкеден қадалған жебеден жантәсілім болған қарлұқ елтебері Өржар ағынына бір батып, бір шығып, қойтастарға соғылып кете барған.

Қарлұқ тайпасын қағанаттың алдына бас иідірген Күлтегін қосындары қайтар жолда, баскөтерген бершекерлерді талқандады. Астамсыған тоғыз-оғыздардың да ентігін басты. Сыртқы жорықта төрт жылын өткерген Күлтегін қолбасшы бастаған түрік қолы жеңіс жалауын  желпілдетіп, Алтын таудың соқтықпалы соқпақты асу бермес жолдарын баса отырып  Өтүкенге бет алған жолда, Ордадан  Алып Еміл жіберген шапқыншыға жолықты.

– «Қағандардың қағаны, аспан астының иесі, көк түріктің айбары болған Қапаған дүниеден өтті, –деді Алып Еміл жіберген шапқыншы Күлтегіннің алдына тізе бүгіп. – Ордадағы жағдай қиын. Қапағанның балалары мен Орда маңындағы шен-шекпен иелері қағанаттың қадірін кетірді, туталақайын шығарды. Кешегі Құтылық пен Қапаған көтерген көк түріктің шаңырағы шайқалып тұр. Алып Еміл сізді Ордаға тез оралып, қиюы кеткен дүниенің қисынын тапсын деп өтінді».

Күлтегін Қапағанның қалай қаза болғанын, Ордадағы тартыстың қай бағытқа өрбігенін шапқыншыдан білді. Кешегі өздері қан төгіп құрған қағанаттың билікке таласып аш көз болғандардың мекеніне айналып, құлауға шақ қалғанын сезінді. Бір шешімге келу керегін ойлады. Қағанатты кім көрінгеннің тәлкегіне тастамасқа серт етті. Шапқыншы байырқарлармен соғыста атақты Рұғила батырдың қаза болғанын да естіртті. Қосын түнемелікке тоқтап, ас-суын қамдауға кіріскен кезде жанған отқа қарап ойланып қалған Күлтегін:

– Бір ғана жол қалды, – деді, – Қағанатты сақтап қалу үшін, өзім қорғаған қонысты өзім шабуым керек. Қорқаулардың бірін қалдырмай қыруға тиспін. Басқа қисынды көрмей тұрмын.

– Кіші хан Енел таққа отырған екен, бір ыңғайын келтірер. Артын тосалық, батыр, – деді Ақшарқат Күлтегіннің алдына суыған ет пен торсықтағы қымызды қойып жатып.

–  Енел қарына тартып тумаған бала ғой, Қапағандай қайратты емес. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен бозөкпеге бура болу қайда? Бар дүниені бордай тоздырып отыр емес пе!

– Орданың айбаты да, айбалтасы да сенсің, батырым! Қағанаттың қақырап түсу-түспеуі, тек саған тіреліп тұрғанын білемін, бірақ бәрін ақыл таразысына тартып қимылда. Бұл жайпап өтетін жауың емес, өзіңнің қара шаңырағың! Нақақ қан төгілмесін! – деді Ақшарқат.

–  Әкем Құтылық түрік халқын азат етсем, жеке халық етсем деп бүкіл өмірін соған арнады. Бел шешіп отырмады. Ғұмыры жанталаспен өтті, бірақ дегеніне жетті. Табғаштың езгісінде жүрген елін Өтүкенге көшірді. Сол жерге қазық қағып, бөрі басы салынған байрағын желбіретті. Біз, Қапаған ағам басшы болып атқан міндік. Түрік елінің керегесін кеңейттік. Жүздеген ұлыс-тайпаларды қағанаттың дәргейіне енгіздік. Сахара жұрты алдымызда бас иді. Бұл тектен-тек келе салған жоқ. Қанша қан төгілді, қанша боздақ шейіт болды. Қапағанның өзі сол жолда құрбан болғандардың бірі. Кеше Ордоста әкем көтеріліс бастаған кезде, тізе түйістіре атқа қонған, көк түріктің бостандығы үшін соғысқан Рұғила батыр не үшін қаза болды? Осы қағанаттың қамы үшін. Міне, төрт жыл болды, бел шешіп, бейғам отырмай, не үшін мен далада тентіреп жүрмін. Иә, не үшін? Әрине, қағанаттың қамы. Олай болса, қанымды төгіп қорғап жүрген Ордамды қайдағы бір қорқауларға ойрандата алмаймын. Не олардың бәрін қырамын, не сол жолда өзім мерт боламын! Басқа жол жоқ! – Күлтегін кесіп айтты. Наркескенін қынабынан суырып алып, ауаны осып-осып жіберді. Жарының бір шешімге келгенін Ақшарқат та сезді. Тек:

– Батырым, бара жатқан  жерің алдыңа келгенін түйреп, жаныңа келгенін қылышпен қидалай беретіндей ата жауың емес. Күлден көтеріп тіккен қара ордаң. Иә, сол үшін жаның күйіп тұрғанын білемін. Бірақ, әділ бол! Қорқаудың соңына адасып я болмаса  қорқып амалсыз ерген қаймана жұртыңды үркітіп алма. Жазықсыз жұрттың қанын төкпе! Қорқауларды тұйғындай түйіліп келіп, желкесін үз, бірақ қара халыққа мәуелі бәйтеректей бол!  Бүгін ордадан басын ала  қашқан  жұрт, ертең-ақ, саяңа өзі жиналады — деді.

Қайтып ештеңе деген жоқ. Алдында отырған Ертұңғаны тамақтандыруға көшті. Тостақтағы айранды бір жұтып кері итерген бала, әкесінің алдына қарай ұмтылған. Мұны көрген Күлтегін қайрап отырған наркескенін жанына қоя салып, Ертұңғаны қолына алды. Әкесінің маңдайынан иіскеп, еміренгенін азырқады ма, бала наркескенді ұстауға тырысты. Мұны көрген Ақшарқат:

– Алмас қылышы жарқылдап жауға шабар оғылан болар ма екен? – деп жымиды.

– Жорық үстінде дүниеге келіп, көзін тырнап ашып, ес білгелі көргені соғыс, дабылдың үні, ұрандасып шапқан әскер болса, ебелек емес, ер болары хақ. Мен әке жолынан айнымадым. Балам да елі үшін жауымен белдесіп өтер ер боларына сенімдімін!

– Батырдың кіндігінен жаралған бала осал болушы ма еді? – Ақшарқат Күлтегін мен Ертұңғаға емірене қарады.

– Тек менің ғана емес, ұлымның бойында аздардың батыр қызы Ақшарқаттың да қаны бар емес пе? – Күлтегін бір қолымен жарын өзіне тартып маңдайынан сүйді.

– Мен таңдаулы жасақ алып, жедел аттануға тиіспін. Ырғалып-жырғалып жүрер уақыт жоқ. Қалған қолға өзің ие бол! Сендер келгенше Орданы бір жақты етермін!

– Батырым, не көрсекте бірге көрейік. Мені таста ма. Қолға ие болар, өзгеде әскер басылар бар ғой. – Ақшарқат күйеуінің жүзіне өтіне қарады.

– Жоқ! Бұл жолы жолыма көлденең тұрма! Ат тізгінін тартпай, үздіксіз жүруге ұлым да шыдамас. Өзіңе де, Ертұңғаның артынан ерер шикі өкпеге де қиын болар… – жарының сәл біліне бастаған ішін сипады. Күлтегіннің бұлай айтар жөні бар еді.

Қарлұқтарды шабуға аттанар алдында Ақшарқатты Ордаға тастап кеткісі келген. Онысы жүкті әйелінің ұзақ жорыққа шыдамай ма деген қаупі еді.

– Жайма-шуақ кез болса, балаңды туып, ошағыңды түтетіп, ас-суыңды қамдап, қазан басында отырар едім, бірақ алақұйын боп тұрған заманның түрі мынау. Ері де, ұрғашысы да қатар тұрып шабар кезде бейқам, қаперсіз адамдай қазан басын күзетіп қалу маған жат. Енем Елбілге қатұн атам Құтылықпен жорықта бірге жүрді. Ұрыс кезінде Бөгі мен сені  ши түбіне ауната салып, ерлермен тізе қоса бірге соғысты. Мен де, енемдей жарымның жанында бірге жүргім келеді. Жарыма қылыш ала ұмтылған дұшпанның кеудесіне жебемді қадағым келеді!                                                          – Менің сүйіктім осындай болса керек-ті! – Күлтегін Ақшарқатты тыңдады. Аздардың өжет қызының айтқанына сүйінді. Шешесі Елбілге қатұнның әкесі Құтылықпен үнемі жорықта бірге жүргенін ескерді. Сөйтіп, шеті мен шегі жоқ  жорықтарда бірге болайық деп шешкен.

Ертеңінде Күлтегін әскербасыларын жинап кеңес өткізді. Үш мың таңдаулы аламанды алып, Ордаға жедел аттанатынын жеткізді. Қалған қосынды Ақшарқат бастап артынан жететін болды.

(Жалғасы  бар)

 

Алдыңғы жазбаТүркілік дәліз: Каспий Еуропаға ашылған қақпаға айнала ма?
Келесі жазбаЯндекстің  тоқтауы, елімізге  қаншалықты  әсер  етті?