Home Қоғам Яндекстің  тоқтауы, елімізге  қаншалықты  әсер  етті?

Яндекстің  тоқтауы, елімізге  қаншалықты  әсер  етті?

23

Біз цифрлық мемлекет болдық деп мақтанамыз. Қызметтеріміз смартфонға сыйды, кезегіміз электронды жүйеге көшті, такси шақырудан бастап, тамақ алдыруға дейінгі тіршілігіміз бірер батырманы басуға тәуелді болды. Уақыт үнемдедік, қағазбастылық азайды, технология күнделікті өмірімізді жеңілдетті. Мұның бәрі Қазақстанның цифрландыру бағытындағы нақты жетістіктері. Оны  жоққа  шығара алмаймыз.  Бірақ цифрлық өркениеттің бір осал тұсы бар.

Мәселен, Ресейдегі Яндекс инфрақұрылымына қатысты іркілістерден кейін Қазақстандағы Яндекс қызметтерінің де жұмысында ақаулар болғаны туралы ақпарат тарады. Бұл оқиға бір қарағанда қарапайым техникалық мәселе болып көрінуі мүмкін. Алайда оның астарында әлдеқайда маңызды сұрақ жатыр: егер басқа елдегі технологиялық жүйенің істен шығуы Қазақстандағы күнделікті тіршілікті де кідірте алса, онда біздің цифрлық дербестігіміз қай деңгейде? Міне,  мәселе!                                                                                          Әлбетте, мәселенің мәні таксидің уақытша тоқтауында емес. Мәселе,  біз цифрлық қызметтерді пайдалануды үйрендік, бірақ олардың тұрақтылығын қамтамасыз ететін инфрақұрылымға қаншалықты иелік етеміз? Такси шақырғысы келген адам қосымшаны ашады жауап жоқ. Курьер тапсырыс қабылдай алмайды. Клиент жеткізуді күтіп отыр. Бір қарағанда, болмашы қолайсыздық. Бірақ осы платформалар арқылы күн көріп отырған мыңдаған адам үшін бұл -табыстың үзілуі. Қызметке сүйеніп қалыптасқан бизнес үшін бұл — жоспардың бұзылуы. Ал тұтынушы үшін бұл-үйреншікті цифрлық ортаның аяқ астынан сенімсіз болып шығуы.

Біз технологияның пайдасын күн сайын сезінеміз. Бірақ оның осалдығын тек істен шыққан кезде байқаймыз.Ащыда  болса  шындық  осы.  Мұнда бір нәрсені нақтылап алған жөн: Әрине, Яндекс қызметтерінің Қазақстанда іркілуі өздігінен еліміздегі барлық цифрлық жүйенің Ресейге тәуелді екенін дәлелдемейді. Әр қызметтің серверлік архитектурасы, деректерді өңдеу тәртібі мен резервтік мүмкіндіктері әртүрлі. Дегенмен мұндай оқиға шетелдік платформаларға тәуелділіктің нақты тәуекелдерін ашып көрсетеді. Қосымшаның қазақ тілінде жұмыс істеуі, төлемнің теңгемен жасалуы немесе қызметтің Қазақстан нарығына бейімделуі оның технологиялық негізі де Қазақстанда орналасқанын білдірмейді. Қызметтің сыртқы көрінісі ұлттық болуы мүмкін, ал оның жұмыс істеуіне қажетті маңызды құрамдастары халықаралық инфрақұрылымға тәуелді болуы ықтимал.                                       Міне, біз назар аударуға тиіс мәселе  осы. Қазақстан цифрландыруда бірқатар маңызды нәтижеге қол жеткізді. Электронды үкімет дамыды, қаржы технологиялары күнделікті өмірге енді, онлайн қызметтер көбейді. Бірақ цифрландырудың табысын тек қанша қызметтің интернетке көшкенімен өлшеу жеткіліксіз. Одан да маңызды сұрақ бар: сол қызметтердің технологиялық іргетасы қаншалықты сенімді және төтенше жағдайда қаншалықты тұрақты?

Үйің әдемі болғанымен, іргетасы әлсіз болса, оның беріктігіне сену қиын. Цифрлық мемлекет те сол сияқты. Қолданбалар мен электронды сервистер — оның көзге көрінетін бөлігі. Ал деректер орталықтары, бағдарламалық жүйелер, байланыс арналары мен резервтік қуаттар  көзге көрінбейтін, бірақ бүкіл құрылысты ұстап тұрған тірек. Біз кейде осы екінші жағын ұмытып кетеміз.

Мәселе,  Яндекстің ресейлік компания болуында ғана емес. Мәселе, бір ғана технологиялық экожүйеге шамадан тыс сүйеніп қалудың ықтимал салдарында. Бүгін бұл Яндекс болуы мүмкін, ертең басқа халықаралық платформа болуы мүмкін. Егер белгілі бір компанияның жұмысы тоқтағанда мыңдаған адамның тіршілігіне әсер ететін жағдай қалыптасса, онда біз қызметтің қолайлылығымен қатар, оның орнына не қолдана алатынымызды да ойлауымыз керек. Әрине, шетелдік платформалардан бас тартып, барлық технологияны өзіміз жасап шығару мүмкін де емес, міндет те емес. Қазіргі цифрлық экономика халықаралық ынтымақтастыққа сүйенеді. Шетелдік компаниялардың келуі бәсекені арттырып, қызмет сапасын жақсартып, тұтынушыға таңдау береді. Сондықтан мәселені «ресейлік пе, қазақстандық па?» деген қарапайым өлшемге сыйғызуға болмайды.

Негізгі мәселе тәуелділіктің деңгейі мен баламаның болуы.

Егер бір платформа істемей қалса, басқа қызметке ауысуға мүмкіндік бар ма? Егер шетелдік инфрақұрылымда ақау пайда болса, жергілікті нарықтағы қызметтер жұмысын жалғастыра ала ма? Компаниялар пайдаланушылардың деректерін қалай қорғайды, жүйені қаншалықты тез қалпына келтіреді? Ал төтенше жағдай кезінде тұтынушы мен қызмет көрсетушінің шығынын азайтуға қандай тетіктер қарастырылған? Бұлар технологиялық компанияларға ғана емес, цифрлық экономиканы дамытып отырған мемлекетке де қойылуға тиіс сұрақтар.

Біріншіден, Қазақстанда балама платформалардың дамуына жағдай жасау керек. Бәсеке тек бағаны төмендету немесе қызметті жақсарту үшін қажет емес. Ол бір компанияға шамадан тыс тәуелді болмауға да көмектеседі. Такси, жеткізу және басқа да цифрлық қызметтер нарығында таңдау неғұрлым көп болса, бір платформаның істен шығуы бүкіл нарықты соншалықты дәрежеде тұралата алмайды.

Екіншіден, отандық технологиялық компанияларды қолдау мәселесіне кеңірек қараған жөн. Әңгіме тек қазақстандық атауы бар қосымша жасауда емес. Бағдарламалық өнім әзірлейтін, деректерді қауіпсіз өңдейтін, бұлттық қызметтер ұсынатын және күрделі технологиялық шешімдерді өз бетінше жасай алатын кәсіпорындар қажет. Мұндай экожүйе бір күнде қалыптаспайды. Оған инвестиция, маман, ғылыми ізденіс және тұрақты нарық керек.

Үшіншіден, цифрлық қызметтердің төтенше жағдайға дайындығы маңызды өлшемге айналуы тиіс. Қызметтің қалыпты күндері жылдам жұмыс істеуі бір бөлек, ал техникалық апат кезінде жұмысын жалғастыра алуы мүлде басқа мәселе. Маңызды платформалардың резервтік жүйелері, деректерді қалпына келтіру жоспары және пайдаланушыларға ақпарат беру тәртібі болуы қажет.

Төртіншіден, азаматтардың да таңдау мүмкіндігі болуы керек. Біз бір ғана қосымшаға, бір ғана төлем арнасына немесе бір ғана жеткізу қызметіне байланып қалмауға тырысқанымыз жөн. Бұл жауапкершілікті түгелдей тұтынушыға арту деген сөз емес. Керісінше, мемлекет пен нарық балама ұсынғанда ғана азаматтың шынайы таңдауы қалыптасады. Мұның бәрі қаражатты, уақытты және жүйелі жұмысты талап етеді. Бірақ цифрлық тәуелсіздіктің өзі де арзанға түспейді. Ең бастысы  оған жұмсалатын қаражатты артық шығын деп емес, экономиканың тұрақтылығына салынған инвестиция деп қарастыру. Яндекс оқиғасынан шығатын сабақ та осы жерде.

Біз цифрлық қызметтерді қаншалықты көп пайдаланатынымызды ғана емес, сол қызметтерге қаншалықты тәуелді екенімізді де есептей бастағанымыз жөн. Өйткені технологиялық даму мен технологиялық дербестік бір ұғым емес. Біріншісі бізге дайын қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді. Екіншісі сол қызметтерге қатысты тәуекелдерді басқара алатынымызды көрсетеді.

Рас, Қазақстанға әлемнен оқшаулану қажет емес. Керісінше, әлемдік технологиялық кеңістікке тереңірек кірігіп, сол кеңістіктегі өз мүмкіндіктерін арттыру керек. Бірақ халықаралық ынтымақтастық біржақты тәуелділікке айналмауы тиіс. Бізге ыңғайлы қосымшалар да керек, шетелдік инвестиция да керек, халықаралық технологиялық серіктестік те керек. Сонымен қатар өзіміздің балама шешімдеріміз, сенімді инфрақұрылымымыз және дағдарыс кезінде жұмысын жалғастыра алатын жүйелеріміз болуы қажет. Қысқасы, біз цифрлық дамудың келесі кезеңіне қадам басуымыз керек. Ол  қызметтерді көбейтудің ғана емес, сол қызметтердің беріктігін қамтамасыз етудің кезеңі. Өйткені технологиялық тәуелсіздік дегеніміз ешкімге мұқтаж болмау емес. Ол біреудің жүйесі тоқтағанда, өз тіршілігіңді тоқтатпауға мүмкіндік беретін қабілет. Ал бұл қабілет өздігінен пайда болмайды. Оны бүгіннен бастап қалыптастыру керек.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ, «Байтақ»  Жасылдар партиясының  төрағасы

Алдыңғы жазбаКҮЛТЕГІН
Келесі жазбаДариға Бадықова мен Олжас Абай шаңырақ көтерді