Home Басты жазба Біз қандай  еліміз,  өзі?

Біз қандай  еліміз,  өзі?

48

Жақында  ғана  АҚШ – та дүниеден  өткен  Ұлы  Мұхаңа яғни  Мұхтар  Мағауинге  «Алматыдағы  Розыбакиев  көшесін беру  керек»  деген   бастаманы  әлеуметтік    желіден   көріп  қалдым.  Өте  оңды  бастама  дер  едім.   Дәл  Мағауиндей  Қазақстан  тұрмақ  әлемде  мұқым  бір елдің   тарихын  бес ғасырға  ұзартып,  ата  тарихын   бүгі-шегісіне  дейін   талдап  жазып кеткен  жазушы  жоқ.

Сонау  «Көкмұнар»  мен «Аласапыраннан»  бастап  бүгінгі    төрт  томдық  «Шыңғысхан», «Алтын ордаға»   дейінгі  аралықта алаш  баласының  жүріп  өткен  тарихына  байланысты  қаншама  шығарманы  дүниеге  әкелді.  Бұдан  тыс  қоғамда  болып  жатқан  оқиғаларға  байланысты  өз көзқарасын  батыл  айта  білген  бірегей  жазушы. Сондықтан   елімізде,  онда да  Алматы,  Астана  секілді  бас қалаларда  Мұхтар  Мағауинге  көше аты  беріліп, ескерткіш  орнатылып  жатса артық  болмайды.  Соған  лайық  тұлға.  Осы  тұста  айта кететін  бір  жайт, Мағауинге  көше  беріліп  жатса, орталықтан  болса екен.  Өйткені,  исі алаш көсемі Әлихан  Бөкейханға  Райымбек  даңғылының   төмен жағынан  бір  қисық  көше  бере  салған.  Анау-мынау  емес,  Қазақтың  көсеміне.  Бұлай кемсітуге  бола  ма?  Қазақтың аяулы  жазушысы  Оралхан  Бөкейге де Раймыбек  даңғылының    төменгі  жағынан   бір  шолақ  көше  бұйырған . Жылайсың  ба,  күлесің  бе?  Қазақтың  азаттығы  үшін  күресіп,  жан  берген    қазақтың  соңғы  ханы  Кенесарыға   Алматының  бір  шеті  Қарғалы  жақтан   көше  аты  берілген.   Сол  жақтағы  бір  шолақ  көше атақты ақын   Жүмекен  Нәжімденовтың атымен  аталады. Бір  тұтам  көше.  Жүмекен  қандай  ақын  еді?  Өкінішті. Өз  арыстарымызды  соншалықты  шетке  тебетін,  ұлықтай алмайтын  қандай  еліміз,  өзі?  Өзге  жұрт  болса,  өз  ұлдарын  ұлықтап,  мақтан  етіп,  ескерткіш   соғып,  орталықтан көше аттарын  беріп  жатар еді.  Біз  қазаққа  қарсы  күрескен  қызыл  империяның  «қызыл сұңқарларына»  орталықтан  көше,  даңғыл  аттарын  беріп,    алаш  баласы үшін  жан  беріп,  жан  алысқан  арыстарымызды  шетке  тебеміз. Біз  өзі  кімбіз?  Әдепкі әңгімеге келсек,  Мұхтар  Әуезовтан кейінгі  екінші  Ұлы  жазушы  деуге  тұратын  Мұхтар  Мағауинге  Алматының  орталығынан  бір  көше бұйырса  екен.

Алдыңғы жазбаАзиада-2025: Қазақстан құрамасы алғашқы медальды иеленді
Келесі жазбаЖыл сайын 6-7 млрд. доллардан қағылудамыз!