Home Қоғам Түркілік дәліз: Каспий Еуропаға ашылған қақпаға айнала ма?

Түркілік дәліз: Каспий Еуропаға ашылған қақпаға айнала ма?

22

Қазақстан, Әзербайжан және Түрікменстан үшін Каспий тек теңіз емес, енді Еуропаға шығатын стратегиялық жол десек дұрыс айтқанымыз. Шынтуайтында, Орта дәліз бен TRIPP жобасының тоғысуы Орталық Азияның Ресей мен Иран бағыттарына тәуелділігін азайта ала ма? Мүмкіндігі қандай? Орталық дәліздің жұмысына ынталы болып отырған теңіз жағалауындағы түркі елдері бір мәмілеге келе ала ма? Енді осы мәселені тарқатып көрелік.

2026 жылғы 8 қазанда Түрікменстанның Аваза аймағында өткен Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжан басшыларының консультативтік кездесуінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий халықаралық көлік бағытын Трамптың халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы- TRIPP жобасымен байланыстыру мүмкіндігін ұсынды. Бұл бастама Орталық Азияны Оңтүстік Кавказ арқылы Түркиямен және Еуропамен жалғайтын бағытты кеңейтуге жол ашуы мүмкін. Орта дәліздің жұмыс істеу тәртібі түсінікті: Қытайдан Қазақстанға келген жүк Ақтау немесе Құрық порты арқылы Каспийден өтіп, Әзербайжанға жетеді. Одан әрі Грузия мен Түркия арқылы Еуропа нарығына шығады. Оның басты ерекшелігі Ресей аумағын айналып өтетін балама бағыттығында. Ресейдің Украинаға қарсы соғысы және Ресейге салынған санкциялар халықаралық саудадағы бағыттарды әртараптандыру қажеттігін күшейтті. Иран төңірегіндегі қауіпсіздік тәуекелдері де балама жолдардың маңызын арттырады. Дегенмен Орта дәліз Ресей мен Иран бағыттарын толық алмастырады деп айта алмаймыз. Оның негізгі артықшылығы — бір ғана транзит жолына тәуелділікті азайту еді. Осы тұста, Қазақстанның Көлік министрлігі дерегіне назар аударсақ, Орта дәлізбен тасымалданған жүк көлемі 2020 жылғы 0,8 миллион тоннадан 2024 жылы 4,5 миллион тоннаға дейін көбейіпті. Бұл -шамамен 5,6 есе өсім. Ал 2024 жылдың өзінде тасымал көлемі 62 пайызға артқан. Осының өзі-ақ, балама бағытқа сұраныстың ұлғайып келе жатқанын көрсетеді. Алайда жүк көлемінің өсуі дәліздің барлық мәселесі шешілді деген сөз емес. Каспийдегі кемелер саны, порттардың өткізу қабілеті, теміржол инфрақұрылымы, кедендік рәсімдер мен тасымал тарифтері әлі де маңызды. Теңіз деңгейінің төмендеуі де кеме қатынасына қосымша қиындық туғызуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан үшін Ақтау мен Құрық порттарын дамыту жеткіліксіз. Жүкті тез әрі тиімді жеткізу үшін Әзербайжанмен және Түркиямен тарифтерді үйлестіру, паром қатынасын тұрақтандыру, шекаралық рәсімдерді жеңілдету және бірыңғай цифрлық жүйелерді енгізу қажет. Өйткені жүк иесі үшін геосаяси ұраннан гөрі жеткізу мерзімі мен нақты шығын маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, TRIPP жобасының маңызы ерекше. 2025 жылғы 8 тамызда Вашингтонда Әзербайжан мен Армения басшылары АҚШ Президентінің қатысуымен көлік байланыстарын дамыту жөніндегі бірлескен декларацияға қол қойды. Жоба Әзербайжанның негізгі аумағы мен Нахчыван автономиялық республикасы арасындағы байланысты Армения арқылы дамытуға бағытталған. Егер жоспар іске асса, Каспийден Әзербайжанға келген жүктердің Оңтүстік Кавказ арқылы әрі қарай қозғалуына қосымша мүмкіндік туады. Бұл бағыт Қазақстанға экспорттық жолдарды көбейтіп, сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейтуге көмектесер еді. Өзбекстан мен Қырғызстан үшін де Каспий порттарына тиімді қолжетімділік маңызды. Ал, Түркия үшін Орта дәліздің маңызы Еуропа мен Азия арасындағы саудадағы орнын күшейту. Әзербайжан арқылы Каспийге, ал Қазақстан арқылы Орталық Азияға жалғанған көлік желісі Анкараның экономикалық байланыстарын кеңейтеді. Түрікменстан да осы жүйеге қосымша жүк ағындарын тартуға мүдделі. Осылайша, түркі мемлекеттерін біріктіретін көлік кеңістігі саяси ұраннан гөрі нақты экономикалық мүддеге сүйене бастайды. Дегенмен «түркілік дәліз» деген атаудың өзі ортақ көлік жүйесін қалыптастырмайды. Ол үшін тұрақты кеме қатынасы, жеткілікті инфрақұрылым, үйлескен тарифтер және мемлекеттер арасындағы ұзақ мерзімді келісімдер қажет. Каспийдің экологиялық жағдайын да назардан тыс қалдыруға болмайды: теңіздің тартылуы көлік жүйесінің жұмысына тікелей әсер етуі мүмкін. Түркілік дәліздің табысы оның атауымен емес, жүктің қаншалықты жылдам, қауіпсіз әрі арзан жеткізілетінімен өлшенеді. Әлбетте, Қазақстан үшін Каспийді Еуропаға шығатын тиімді балама жолға айналдыру маңызды стратегиялық мүмкіндік. Ендігі міндет осы мүмкіндікті саяси мәлімдемеден нақты жұмыс істейтін экономикалық жүйеге айналдыру. Осы орайда бір ұсыныс, өзге мемлекеттер қатысқанымен Орта дәліздегі жүктер, тек түркі елдерінің мүмкіндігімен жүзеге асатын болғандықтан бұл дәлізді «Түркілік дәліз» деп атасақ дұрыс болар еді. Бұл ортақ экономикалық мүддені айқындайтын ұғым қалыптастыруға ықпал етуі мүмкін. Сондай –ақ, көп ұзамай бұл атау әлемдік терминге айналып шыға келер еді.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ, «Байтақ»  Жасылдар  партиясының  төрағасы

Алдыңғы жазбаҚазақстан армиясына қандай қару керек: Корея тәжірибесі бізге не береді?