Home Жаңалықтар Құрылтай шешуі тиіс міндеттер

Құрылтай шешуі тиіс міндеттер

14

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы Құрылтай шешуі тиіс міндеттерді атап өтті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, депутаттар корпусы саяси және азаматтық жауапкершілік танытып, парламенттік реформаларға қолдау білдірді.

«Осы жерде отырған көптеген депутат Конституциялық комиссияның құрамында болды. Біз азаматтармен кездесіп, мемлекетіміздің келбетін өзгертетін және оның экономикалық әлеуетін нығайтатын реформалардың мәні мен маңызын жұртшылыққа жан-жақты түсіндірдік», — деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы жалпыхалықтық референдумда Конституция қабылданғаннан кейін депутаттардың құқықтық жүйені жаңғырту бағытында ауқымды жұмыс атқарғанын атап өтті.

«Сіздер өте қысқа мерзімде ел заңнамасын жаңа Конституция нормаларына сәйкес келтіру жұмыстарын жүзеге асырдыңыздар. Атап айтқанда, Парламент шұғыл түрде 9 заңды, оның ішінде 6 конституциялық заңды әзірлеп, қабылдады», — деді Президент.

Тоқаев мемлекеттік биліктің «күшті Президент, ықпалды Құрылтай, есеп беретін Үкімет» атты базалық формуласы билік тармақтарының жаңартылған тепе-теңдігінде институционалдық тұрғыдан көрініс тапқанын қадап айтты.

«Президент мемлекеттің тәуелсіздігі мен бірлігінің символы, Конституцияның, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарының сақталуының кепілі ретіндегі өзінің негізгі рөлін сақтап қалды», — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Тоқаев Қазақстанның президенттік республика болып қала беретінін баса айтты. Оның сөзінше, Президент — мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы, барлық құқық қорғау органдарының басшыларын тағайындайды, елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды және халықаралық аренада мемлекеттің атынан өкілдік етеді.

Бұған қоса, Тоқаевтың айтуынша, жаңғырту процесі парламенттік жүйені одан әрі трансформациялауды көздейді.

«Құрылтай бюрократиялық рәсімдер түріндегі барлық кедергіні жойып, заң шығарудың жылдамдығы мен сапасын арттыруы, білікті сарапшылар мен кеңесшілердің тиімді қызметін ұйымдастыруы тиіс», — деді Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде Құрылтайға жедел қарқынмен жұмыс істеуге тура келетінін мәлімдеді.

«Ұлттық заңнаманы цифрлық матрицаның жедел өзгеріп жатқан шындығына жедел бейімдеу үшін Құрылтайға жеделдетілген қарқынмен жұмыс істеу керек болады», — деп түйіндеді Президент.

Алдыңғы жазбаБензинсіз Ресей…
Келесі жазба“Қазақ мемлекеттігінің “ғимаратына“ күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз“