Home Басты жазба Бензинсіз Ресей…

Бензинсіз Ресей…

14
Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ, Dodanews.kz
Кеше  ғана әлемге мұнай сатып отырған Ресейдің бүгін бензин импорттауға мәжбүр болуы – жай ғана экономикалық жаңалық емес. Бұл – соғыстың майдан даласынан асып, экономиканың өзегіне жеткенінің айқын белгісі.
«Біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген сөз бар. Бұл мақаланы ешкімге қарата айтпай-ақ қояйын. Бірақ бүгінгі жағдайға қарасаң, тарихтың өзі кейде адамның айтпағанын айтып береді екен. Кеше ғана әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушылардың бірі саналатын Ресей бүгінде бензин импорттауға мәжбүр болып отыр. Бір қарағанда бұл қисынсыз сияқты. Мұнайы жетіп артылады. Бірақ мұнайдың болуы басқа да, одан бензин шығару басқа әңгіме. Соңғы екі жылда Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай терминалдарына жүздеген дронмен соққы жасады. Бірі өртенді, бірі уақытша тоқтады, енді бірі толық қуатында жұмыс істей алмай қалды. Соның салдары енді анық сезіле бастады. Ресейдің өзінде жанармай тапшылығы байқалып, кей өңірлерде жүргізушілер қажетті маркалы бензинді таппай жүргені туралы ақпараттар жарияланды.
Ресей билігі де мәселені жасырмай отыр. Ел ішінде арнайы штаб құрылып, бензин экспортына шектеу енгізілді, мемлекеттік қор іске қосылды. Бірақ бұл да жеткіліксіз болып шықты. Сондықтан Ресей сырттан бензин алу жолдарын қарастыра бастады. Беларусьтен жеткізу көлемі артты. Үндістан мен Қытайдың мүмкіндігі қарастырылып жатыр.                                                                                                                                       Reuters агенттігі өз дереккөздеріне сүйеніп, Мәскеу Қазақстаннан шамамен 50 мың тонна АИ-92 бензинін сатып алу мәселесін талқылағанын жазды. Ал Қазақстанның жауабы қандай болды? Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов: «Ресейден ресми өтініш түскен жоқ. Егер келсе, қараймыз», – деп қысқа қайырды. Осы бір сөйлемнің өзінде үлкен саясат жатыр. Қазақстан асығып жатқан жоқ. Оның да себебі бар. Біріншіден, өз қазанымызды қайнату керек. Қазақта «Өз үйіңде өгізің өлмесін» дейді. Біздің мұнай өңдеу зауыттары да толық бос тұрған жоқ. Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеуге тоқтады. Қалған зауыттар жоғары жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Яғни Қазақстанның өзіне де жанармай ауадай қажет. Екіншіден, баға мәселесі бар. Қазақстанда бензин Ресейге қарағанда арзанырақ. Соның салдарынан шекарадағы ресейліктер Қазақстанға келіп жанармай құя бастағаны туралы мәліметтер шығып жатыр. Мұны кей сарапшылар «жанармай туризмі» деп атап жүр. Осының алдын алу үшін Астана автомобиль арқылы бензин мен дизельді сыртқа шығаруға салынған тыйымды қараша айына дейін ұзартты. Бұл шешім Ресейге қарсы жасалған жоқ. Бұл – өз нарығын қорғаудың амалы.            Өйткені Қазақстан бір ғана Ресей туралы ойлай алмайды. Бүкіл Орталық Азиядағы жағдай бір-бірімен байланысты. Қырғызстан бензиннің басым бөлігін Ресейден алады. Тәжікстан да сондай. Өзбекстан да импортқа тәуелді. Егер Ресейдің өзінде жанармай жетіспесе, оның әсері ертең бүкіл аймаққа таралады. Бензин қымбаттайды. Артынша жүк тасымалы қымбаттайды. Одан кейін азық-түлік, құрылыс материалы, күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы өседі. Яғни бір литр бензиннің тағдыры миллиондаған адамның қалтасына әсер етеді. Қазақстан мұны жақсы түсінеді. Тағы бір маңызды мәселе бар. Кейбіреулер «Қазақстан Ресейге бензин сатса, бірден санкцияға ілігеді» деп айтып жүр. Бұл шындыққа толық сәйкес келмейді. Қазақстан өз өнімін заң аясында сатуға құқылы. Бірақ мәміле санкциядағы компаниялар немесе банктер арқылы жүрсе, тәуекел пайда болады. Сондықтан Астана әр қадамын өлшеп басуға мәжбүр. Осының бәріне қарап бір нәрсені анық түсінуге болады. Соғыс тек майдан даласында жүріп жатқан жоқ. Дрондар Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына тиеді. Оның салқыны Қазақстандағы жанармай саясатына әсер етеді. Қырғызстандағы бензин бағасына әсер етеді. Тәжікстандағы тасымал құнына әсер етеді. Ақыр соңында қарапайым жүргізушінің қалтасына әсер етеді. Міне, қазіргі заманғы соғыстың шынайы келбеті осы.
 Бір кезде «энергетикалық держава» атанған Ресейдің бүгін жанармай импорттауға мәжбүр болуы – жай ғана экономикалық жаңалық емес. Бұл – соғыстың бағасы. Оның құнын тек соғысушы елдер ғана емес, көрші мемлекеттер де төлей бастады. Қазақстан дәл қазір қиын таңдаудың алдында тұр. Бір жағында – стратегиялық одақтас. Екінші жағында – өз халқының мүддесі. Ал мемлекеттің ең бірінші міндеті – көршінің мәселесін шешу емес, өз елінің тұрақтылығын сақтау.
    Қазақ «Әуелі өз үйіңді түзе, сосын көршіңе көмектес» дейді. Демек, алдымен  өзімізді сосын  барып  өзгені  ойлауға  тиіспіз.
Алдыңғы жазбаРесейдің қаруынан бас тартқан Орталық Азия. Қазақстанның таңдауы дұрыс па?
Келесі жазбаҚұрылтай шешуі тиіс міндеттер