Астанада екі күнге созылған «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтті. Жиынға әлемнің 23 елінен келген 300 ден астам ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Симпозиумда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың қазақ тарихындағы орнына ерекше тоқталғаны белгілі. Өз сөзінде Мемлекет басшысы: «Біз – мемлекет ісінде “Мәңгілік ел” идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз», – дегенді қадам айтты.
Әлбетте, бұл өте маңызды мәлімдеме. Өйткені соңғы жылдары Қазақстан Алтын Орда тарихына жаңаша көзқараспен қарай бастады. Рас, бұрын көшпенділер тарихы көбіне тек соғыс пен жорықтар арқылы бағаланса, енді Ұлы даланың мемлекеттілік дәстүрі, басқару жүйесі, саудасы мен өркениеттік рөлі кеңінен айтыла бастады. Деректі және көркем фильмдер, ондаған зертеу жұмыстары жазылды. Иә, Алтын Орданың негізін қалаған – Жошы хан. Бірақ оны әлемдік империя деңгейіне жеткізген тұлға – Бату хан. Тариха үңілетін болсақ, Бату Жошының екінші ұлы. Және бірегей, қайталанбас тұлға. Дәл Бату тұсында Жошы ұлысы алып державаға айналды. Сарай-Бату қаласы салынды. Ұлы Жібек жолының солтүстік бағыты жанданды. Еуропа мен Азияны байланыстыратын үлкен сауда кеңістігі құрылды. Алтын Орда халықаралық саясаттың басты күшіне айналды. Бату жай қолбасшы емес. Ол – ірі мемлекет қайраткері әрі дала империясының сәулетшісі болды. Сондықтан Бату ханның тарихи рөлін елеусіз қалдыруға болмайды. Біз Алтын Орданың мұрагеріміз десек, онда сол империяны күшейткен тұлғаларды да лайықты дәріптеуге тиіспіз. Бүгінде Ұлытаудағы Жошы хан кесенесі маңы жақсы абаттандырылған. Туристер көп барады. Бұл – тарихи сананың оянғанын көрсететін жақсы үрдіс. Енді Астанада Бату ханға үлкен ескерткіш орнату мәселесін де ойланатын уақыт келді дегім келеді. Өйткені Бату:Жошы ұлысының керегесін кеңейтті; Алтын Орданы империя деңгейіне көтерді; Ұлы даланың қуатын әлемге мойындатты. Ұлы қолбасшы Батуды ұлықтау – бұл өткенге табыну емес. Бұл – тарихи әділет болар еді.
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы

































