Home Жаңалықтар Тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор іс-шара

Тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор іс-шара

25

 

Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр ауылындағы №24 лицей базасында мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында жас ұрпаққа экологиялық тәрбие беру, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаны көгалдандыруға үлес қосу мақсатында тағылымы мол, тәрбиелік мәні жоғары жоспарлы ашық сабақ өткізілді.

Іс- шараға арнайы Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы, облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Ізбасарұлы, сондай- ақ облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Ақылұлы қатысып, жас ұрпаққа үлгі көрсетті. Ашық сабақ барысында оқушылар мен қонақтар бірлесе отырып ағаш тұқымдарын егіп, лицей түлектері «Түлектер аллеясына» бозарша көшеттерін отырғызды.

Атап айтқанда, Бозарша (Туя), арша, Шренк шыршасы және қайың ағаштары егілді. Бұл игі шара – табиғатты аялауға бағытталған нақты әрекеттің көрінісі болды.

Ашық сабақты биология пәнінің мұғалімі Нүрия Толқынқызы Қыстаубаева жоғары деңгейде ұйымдастырып, оқушыларға өсімдіктердің биологиялық ерекшеліктері мен олардың қоршаған ортаға тигізер пайдасы туралы кеңінен түсіндірді.

Туя (ғылыми атауы – Thuja) – мәңгі жасыл, сәндік қылқанжапырақты өсімдік. Ол көбінесе мектеп аулаларын, тұрғын үйлер маңын және саябақтарды көгалдандыру мақсатында отырғызылады. Туяның биіктігі 3–10 метрге дейін жетеді. Жапырағы жұмсақ, қабыршақ тәрізді болып келеді. Түсі ашық немесе қою жасыл, пішіні әдемі, тік өседі. Бұл өсімдік ауаны тазартып, айналаға ерекше көрік береді.

Сонымен қатар, арша ағашының өсіру тәсілдері де түсіндірілді. Арша – табиғаттың ерекше сыйы, күтімі жеңіл әрі төзімді өсімдік. Оны көбінесе қалемше (кесінді) арқылы көбейтеді. Ең тиімді әдіс – көктем немесе жаз мезгілінде жас бұтақтарын пайдалану. Арша жарық сүйгіш, құрғақшылыққа төзімді және жақсы дренажды топырақта жақсы өседі.

Шара барысында оқушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, тәжірибелік жұмысқа да белсене қатысты. Ағаш отырғызу арқылы олар табиғатқа деген жанашырлық сезімдерін арттырып, экологиялық мәдениеттің маңызын түсінді.

Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятып, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін қалыптастырады. «Таза Қазақстан» бастамасы – ел болашағы үшін маңызды қадамдардың бірі. Табиғатты қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті екені тағы бір мәрте дәлелденді.

 Нүрия Қыстаубаева, биология пәнінің мұғалімі.

Алдыңғы жазбаҚазақстан армиясына не жетіспейді?