Home Басты жазба 19 сәуір: Атау ғана емес, ұлттың рухы қайтқан күн

19 сәуір: Атау ғана емес, ұлттың рухы қайтқан күн

13

Бір  қарағанда, 19 сәуір күнтізбедегі көп күннің бірі сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ қазақ үшін бұл – жай дата емес, ұлттың аты мен заты қайта табысқан тарихи белес.

Осыдан 101 жыл бұрын, 1925 жылдың 19 сәуірінде Ақмешіт қаласында өткен Бесінші Бүкілқазақ съезінде тағдырлы шешім қабылданды. Ғасырлар бойы өз атынан айырылып, ресми құжаттарда «киргиз» атанып келген халыққа өзінің шынайы – «қазақ» деген аты қайтарылды. Бұл тек атаудың өзгеруі емес еді. Бұл – тарихи әділеттің орнауы, ұлттық сананың жаңғыруы болатын.

Осы маңызды кезеңге дейін де үлкен дайындық жүрді. 1925 жылдың ақпанында Қазақ Орталық Атқару Комитетінің Президиумы республика астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы қаулы қабылдады. Перовск станциясының теміржолшылары үш күннің ішінде «Қызыл паровозды» жөндеп, үкіметті жаңа астанаға жеткізуге атсалысты. Наурыз айының соңында үкімет мүшелері мен съезд делегаттарын мінгізген пойыз Орынбордан Ақмешітке қарай жол тартты. Бұл – жаңа дәуірге бастар жол еді.

15-19 сәуір аралығында өткен съезде екі ірі тарихи шешім қабылданды. Біріншісі – 19 сәуірде қазақ атауын ресми түрде қайтару болса, екіншісі – Ақмешіттің атауын Қызылорда деп өзгерту еді. Осылайша, Қызылорда қазақ елінің астанасы ғана емес, ұлттық жаңғырудың символына айналды.

Бұл шешімнің түбінде қазақ зиялыларының жанкешті еңбегі жатты. Солардың бірі – Сәкен Сейфуллин. Ол 1923 жылы-ақ «Еңбекшіл қазақ» газетінде қазақ атауын қайтару мәселесін көтеріп, араға екі жылдан астам уақыт салып, бұл бастама нақты нәтижеге ұласты. Кейін бұл шешім Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті тарапынан 1925 жылғы 15 маусымда ресми бекітіліп, заңды күшіне енді.  Үлкен  сөздің  қысқасы, 19 сәуір – ұлттың өз атына қайта ие болған күні. Мұндай күндер ұмытылмауы тиіс. Керісінше, ол ұлттық жадымызда жаңғырып, ұрпақ санасына сіңуі керек. Өйткені атау – жай сөз емес. Ол – халықтың рухы, болмысы, тарихы. Сондықтан 19 сәуір – қазақ үшін ерекше күн. Оны еске алу – өткенді дәріптеу ғана емес, өзімізді тану.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ, «Байтақ»  жасылдар партиясының  төрағасы

Алдыңғы жазбаОрмуз ойыны: ашу мен жабудың арасындағы саясат