Алда 31 мамыр Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні жақындап қалды. Иә, бұл азалы күн иісі алаш баласы үшін сонау нәубет жылдары аштан һәм қызыл империяның қырына ілігіп құрбан болғандарды еске алу күні болып 1997 жылдан бері аталып келеді.
Сәл тарихқа көз жүгіртсек, 1897 жылғы Ресей патшалығы санақ өткізгені белгілі. Сол санақта қазақтардың саны 4 миллион 100 мыңның көлемінде болған екен. Ал көрші отырған түрікпен -280 мың, тәжік -350 мың, қырғыз -200 мың, өзбек -726 мың деп әлгі санақта көрсетілген. Одан кейінде яғни қазақ төңкерісіне дейін алаш баласы тәп-тәуір өнім беріп, 8,5 миллионға дейін жеткен екенбіз.. Мәселен, 1913 жылы Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Әлхамдулилла, 6 миллион қазақпыз!» деп бекер айтпаса керек-ті.Алайда, көз тиді ме, сөз өтті ме, содан кейін-ақ қазақтың өсімі күрт кеми берді. Әрине, оған мынадай себептер болды.
Қазақтың аяулы ұлы Тұрар Рысқұловтың жазғанына қарасақ, 1918-19 жылдардағы ақ пен қызыл айқасы тұсында оққа ұшқаны бар, аштықтан қырылғаны бар 1 миллионның үстінде қазақ шейіт болыпты. Одан кейінгісі белгілі. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов 1921-22 жылдардағы аштықта 1 жарым миллионнан астам қазақ тағыда қырылып қалды деген дерек келтірген. Одан кейінгі ұжымдастыру, байлардың малын тәркілеу кезінде қанша қазақ ауа көшіп, босып кетті. Бұған 1931-32 жылдардағы ұлы нәубет ашаршылықта бір үзім нан таппай қынадай қырылғандарды және 1937 жылғы саяси қуған сүргін кезінде опат болғандарды қосыңыз. Сол 1931 жылғы ашаршылық тұсында иісі қазақ 2 жарым миллион адамнан айрылды. 1937 жылғы қуғын сүргінде 100 мың адам қамалып, 25 мың қазақтың игі жақсы, көзі ашық арыстары атылып кетті. Сүйтіп 20 жылға жетер-жетпес уақыт аралығында алаш баласы 6 миллионға тақау азаматынан айрылып қалды. Егерде осы нәубет, зұлмат жылдар болмағанда бүгінгі күні иісі алаш баласы кем дегенде 70- 80 миллионның шамасында болып, мейманасы тасқан елге айналар еді-ау. Иә, сол бір алаш баласы үшін қиын кезең болған, тар жол тайғақ кешу жылдарын әсте естен шығаруға болмайды. Демек, бүгінгі ұрпақтың жадына сіңіру үшін үлкен іс-шаралар атқарылуы тиіс. Ашаршылық, қуғын сүргін кезеңіне байланысты деректі және көркем шығармалар жазылып жатыр. Дұрыс. Дегенмен қазіргі күні жұрт кітап, газет оқуды сиреткен тұста, сол бір нәубет жылдарды киноға айналдырып, жаңа ұрпаққа, халыққа үлкен экраннан, теледидардан көрсете білу ләзім. Өйткені киноның рөлі үлкен. Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов сынды алаш арыстары жөнінде телехикаялар түсірілді. Жұрт жылы қабылдады. Әсіресе жастар алаш арыстарымен сол фильмдер арқылы кеңірек танысты. Кеше ғана Ахаң ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы жөнінде «Соңғы үкім» деген тағы бір фильм жарыққа шығып, кинотеатрларда көрсетіле бастады. Алдағы уақытта Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов, баррикаданың арғы бетінде жүрседе елі, жері үшін күрескен Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин сондай-ақ тым ерте кеткен Ғани Мұратбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Саттар Ерубаев тб. жөнінде фильмдер түсіріліп жатса, құба-құп болар еді. Қызыл империяның озбыр саясатына қарсы алаш баласы 300 рет көтеріліп, ашық қарсыласты. Қарулы көтерілістер болды. Бұлда кино тілінде сөйлеп жаста, жөн болар еді. Осы орайда тағы бір айтқым келгені, ашаршылық кезеңіне арналған кинолар жоқтың қасы. Тек қана Смағұл Елубаевтың «Ақбоз үйі» ғана бар. Әзірге ашаршылыққа қойылған жалғыз ескерткіш осы фильм. Басында атап өткендей 5 миллионның үстінде қазақ қызыл империяның құрбаны болып аштан өлгенін еске алсақ, дәл сол зұлмат жылдарын бейнелейтін фильмдер көптеп түсірілуі тиіс еді. Өкініштісі, біз соған жете алмай жатырмыз.
Азаматхан Әміртай «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы