“Қазақстанның бейтарап позициясы – сатқындыққа тең” дегенді ресейлік сарапшылар жиі айтады. Олар Қазақстан Ресейді қолдап, БҰҰ-да дауыс беруде ашық жақтап, санкция мәселесінде Беларусь сияқты ашық позициясын білдірсін дейді. Бұндай сөздер Украина соғысы басталғаннан кейін жиі айтылатын болды.
Алайда әлемдік қақтығыстарда біз үшін бейтараптық маңызды. Қандай да бір қақтығысты қолдау, сол сәтте-ақ жылдар бойы құрылған көпвекторлық дегенді жоятын еді. Екіншіден, қауіпті авантюраларға бару да ақымақтық болар.
Президенттің кешегі сөзін ресейлік аудитория тағы талқылап жатыр. Ол былай деген еді: “Қазақстанның заңды құқықтары мен мақсатын қорғау ісінде тартынып қалмаймыз, еліміздің басты мүддесін құрбан етуге ешқашан жол бермейміз. Кейде біздің ұстанымымызға күмәнмен қарайды, бейтараптығымыз үшін сынайды. Бірақ мұны өз көзқарасы, сенімі жоқ деп қабылдамаған жөн. Керісінше, оны қақтығыс пен мәжбүрліктің орнына саналы түрде дипломатия мен диалогты таңдау деп түсінген абзал. Бұл таңдау – территориялық даулардан бастап идеологиялық қақтығыстарға дейінгі түрлі қайшылықтарды еңсеруге септігімізді тигізуге мүмкіндік беретін біздің мықты қырымыз”.
Ресейлік саясаткерлер “бейтараптық деген болмау керек, не бізбенсің, не бізге қарсысың” дегенді екпіндете айтуда. Алайда дәл қазіргі геосаяси аумалы-төкпелі дәуірде біз сияқты елдерге ең дұрысы бейтараптық және қақтығысты диалогпен шешуге шақыру.
ХХ ғасырдың екінші жартысында, яғни қырғи-қабақ соғыс дәуірінде екі блоктың арасындағы саяси-идеологиялық, әскери қақтығысқа қатыспайтынын айтып, бейтарап қалған елдер бар. Олар “біз бәрімен тең қатынас ұстаймыз және экономикалық байланысамыз” деген пайымда болды. Негізгі мақсаттары державалар арасындағы қақтығысқа араласып, құрбан болып кетпейік дегендері еді.
Қазіргі біздің ұстаным да соған ұқсас. Әлемде милитаризм саясаты үстемдік құра бастады. Қақтығыс ошақтары артуда. Державалар түрлі тілмен, ым-ишарамен “сен кіммен біргесің” деген сұрақты қойып жүр. Біздің жауап: “Біз бейтараппыз, қақтығыстарға қатыспаймыз, халықаралық құқықтар мен құжаттардың, БҰҰ-ның жарғысының сақталуын, елдердің территорияларының тұтастығын қолдаймыз”, – болуы тиіс.
Жекелеген адам субьективті ойын айтып, қандай да бір позицияны жақтауына болады. Жеке адамда эмоция да болады. Ол түсінікті. Алайда мемлекетте жеке ой емес, мүдделік ұстаным болуы тиіс.
Асхат Қасенғалидың (ФБ парақшасынан)