Home Саясат Путин Қазақстанға не үшін келе жатыр?

Путин Қазақстанға не үшін келе жатыр?

8

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ, Dodanews.kz

Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары – жай ғана дипломатиялық протокол емес. Бұл – өзгеріп жатқан Еуразиядағы күш тепе-теңдігін қайта есептеу. Соңғы бірнеше жылда әлемдік саясат түбегейлі өзгерді: Украинадағы соғыс, Батыс санкциялары, Қытайдың күшеюі, Орталық Азияның геосаяси салмағының артуы Мәскеуді де, Астананы да жаңа шындықпен өмір сүруге мәжбүрледі. Сондықтан 27-29 мамырдағы Путиннің сапары символдық қана емес, стратегиялық мәнге ие.

Бүгінде Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас өте күрделі әрі көпқабатты сипат алды. Бір жағынан, екі ел – одақтас. ЕАЭО, ҰҚШҰ, ортақ шекара, энергетика, әскери ынтымақтастық, транзиттік байланыстар бар. Ресей Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Соңғы мәліметтер бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 27-30 миллиард доллар шамасында. Қазақстанда ресейлік капитал қатысатын мыңдаған кәсіпорын жұмыс істейді. Ресей арқылы Қазақстан мұнайы экспортталады. Байқоңыр бар. Миллиондаған адами байланыс қалыптасқан.

Бірақ дәл осы жақындықтың ішінде үлкен сенімсіздік те жатыр.

Украинадағы соғыстан кейін Қазақстан Мәскеуге толық саяси тәуелді мемлекет болудан бас тартуға тырысып келеді. Тоқаев халықаралық деңгейде Украинаның территориялық тұтастығын құрметтейтінін бірнеше рет айтты. Қазақстан Донецк пен Луганскідегі сепаратистік құрылымдарды мойындамады. Батыс санкцияларын ресми түрде қолдамаса да, оларды айналып өтетін хабқа айналмауға тырысып отыр. Бұл Кремльдегі кейбір топтарға ұнамайтыны анық.

Сондықтан соңғы жылдары ресейлік саясаткерлер мен Дума депутаттарының Қазақстан туралы арандатушы мәлімдемелері жиілеп кетті. Бірі «Қазақстанда орыстар қысым көруде» дейді. Екіншісі «солтүстік Қазақстан тарихи Ресей жері» деген астарлы ой айтады. Үшіншісі Қазақстанның көпвекторлы саясатын «сенімсіздік» ретінде көрсеткісі келеді. Бұл сөздер Қазақстан қоғамында өте ауыр қабылданады. Өйткені украин сценарийінің алдында да дәл осындай риторика жүрген.

Бірақ қызығы — Путиннің өзі Қазақстанға қатысты өте сақ сөйлейді. Ол Тоқаевпен қарым-қатынаста прагматизмді бірінші орынға қояды. Кремль Қазақстанның Ресей үшін маңызын жақсы түсінеді. Қазақстан — Орталық Азиядағы ең ірі экономика. Ресей үшін Қытайға, Орталық Азияға, тіпті Таяу Шығысқа шығатын негізгі дәліздердің бірі. Ең бастысы — Мәскеу дәл қазір Қазақстанмен ашық конфронтацияға дайын емес.

Өйткені Ресейдің қазіргі геосаяси жағдайы бұрынғыдай емес. Украинадағы соғыс Кремльдің экономикалық және әскери ресурстарын сарқып жатыр. Батыспен текетірес ұзаққа созылды. Осындай жағдайда Қазақстан сияқты көрші әрі одақтас елдің бейтарап позициясының өзі Мәскеу үшін маңызды.

Сондықтан Путиннің бұл сапарындағы негізгі мақсаттардың бірі — Қазақстанды Ресей орбитасында ұстап қалу. Бірақ бұл бұрынғыдай қысым арқылы емес, экономикалық байланыстар мен интеграциялық жобалар арқылы іске аспақ. ЕАЭО форумы да сол үшін маңызды. Мәскеу Еуразиялық экономикалық одақты сақтап қалуға тырысады. Себебі бұл — Ресейдің посткеңестік кеңістіктегі ықпалының соңғы ірі құралдарының бірі.

Алайда ЕАЭО-ның ішінде де қайшылық көбейіп келеді. Қазақстан ұйымды экономикалық платформа ретінде көргісі келеді. Ал Ресей кейде оны саяси ықпал тетігіне айналдыруға ұмтылады. Астана осының арасындағы балансты сақтап отыр. Тоқаев ашық конфронтацияға бармайды, бірақ Қазақстанның дербес позициясын да біртіндеп күшейтіп келеді.

Путин сапары кезінде энергетика мәселесі ерекше орын алуы мүмкін. Ресей үшін Қазақстан мұнайының КҚК арқылы тасымалдануы маңызды. Ал Қазақстан балама маршруттарды көбейткісі келеді. Транскаспий дәлізі, Қытай бағыты, Орта дәліз — бәрі осы стратегиялық тәуелділікті азайту әрекеті. Кремль мұны байқап отыр.

Тағы бір маңызды мәселе — әскери және қауіпсіздік саласы. Украина соғысынан кейін Орталық Азия елдері Ресей армиясының «жеңілмейтін» деген мифіне күмәнмен қарай бастады. Бұл аймақта Қытай ықпалының күшеюіне де жол ашуда. Қазақстан бүгінде Ресеймен қатынасты сақтай отырып, Түркиямен, Қытаймен, Еуропамен және АҚШ-пен де байланысын күшейтіп жатыр. Бұл — жаңа қазақ дипломатиясының өзегі.

Путиннің сапарында сырт көзге бәрі өте жылы, тату көрінуі мүмкін. Бірлескен мәлімдемелер жасалады. «Мәңгілік достық», «стратегиялық әріптестік» деген сөздер тағы айтылады. Бірақ шын мәнінде Астана мен Мәскеу арасындағы қатынас бұрынғыдай эмоциялық емес, есепке құрылған қатынасқа айналып барады.

Тоқаев үшін басты міндет — Ресеймен жанжалдаспау, бірақ толық тәуелді болып қалмау. Ал Путин үшін басты міндет — Қазақстанның Батысқа немесе Қытайға тым жақындап кетпеуін қамтамасыз ету.

Сондықтан бұл сапардың ең маңызды нәтижесі жария келісімдерде емес, екі лидердің бір-біріне қандай сигнал беретінде жатыр. Егер Путин Қазақстанның көпвекторлы саясатын үнсіз мойындаса, онда қазіргі тепе-теңдік сақталады. Ал егер Кремльдегі радикал топтардың риторикасы күшейсе, онда екі ел арасындағы сенімсіздік дағдарысы тереңдей береді.

Бүгінде Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы «бауырластық» кезеңінен өтіп кетті. Қазір бұл — география мәжбүрлеген прагматикалық көршілік. Екі тарап бір-бірінсіз өмір сүре алмайды, бірақ бір-біріне толық сенбейді де. Ең күрделі шындық — дәл осы.

Алдыңғы жазбаПашинян: «Бейбітшілік болмаса, мемлекет болмайды!»