Home Жаңалықтар БҚО-да орман шаруашылығы мекемелерінің базасын нығайту үшін 931 млн теңге бөлініп отыр

БҚО-да орман шаруашылығы мекемелерінің базасын нығайту үшін 931 млн теңге бөлініп отыр

143

Батыс Қазақстан облысында орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін облыстық бюджеттен биыл 931,2 млн теңге бөлінді.

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Дархан Закариннің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, осы қаражатқа алдағы уақытта әр түрлі маркалы 33 трактор, 27 мотоцикл, «КамАЗ» базасындағы 2 өрт сөндіру және 4 патрульдік машина алу жоспарланып отыр.

Оның сөзіне қарағанда, орман өртін ерте анықтау жүйесі өңірде проблемалық мәселелердің бірі болды.

«Орман өрттерін уақтылы анықтап, тез оқшаулау үшін Ақжайық, Бөрлі, Тайпақ, Орал, Чапаев, Январцев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекеме аумағын қамтитын 10 бейнекамерадан тұратын орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнату (48 млн теңге) облыс бюджетінен қолдау тапты. Күні бүгін мемлекеттік сатыпалым рәсімдері өткізілуде», – деді Д.Закарин.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, өткен жылы орман шаруашылығы мекемелерінің базасын жарақтандыру мақсатында жергілікті қазынадан 1 187 млн теңге беріліп, бұған 26 трактор, 15 патрульдік машина, 129 техникалық жабдық сатып алынды.

Бұдан басқа облыс әкімдігінің қолдауымен орман өрттерімен күресу үшін қосымша 75 млн теңге қарастырылып, арнайы құралдар мен техника алынды.

Сонымен қатар 2023 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен орман және табиғат қорғау мекемелерінің орман өрт сөндіру станцияларының қызметкерлеріне өрттен қорғануы үшін 45 млн теңге қаралып, 220 өрт сөндіру жинағы сатып алынды.

Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы ауданы 222 159 гектар болса, соның 88 482 гектары орманмен көмкерілген. Орман мекемелерінің қарамағында 109 адамнан тұратын орталықтандырылған 8 орман өрт станциясы бар.

«Облыс аумағында мемлекеттік орман қорында 2018-2023 жылдар аралығында жалпы ауданы 10 840,5 га болатын 79 орман өрті оқиғасы тіркелді, оның ішінде орманмен көмкерілген аумақ – 5 800,9 гектар. Биыл 7,7 га аумақта 1 орман өрті болды. Өңірде орман өрттерінің алдын алу және болдырмау мақсатында профилактикалық іс-шаралар атқарылуда. Күні бүгінге дейін облыстың мемлекеттік орман қоры аумағында 429 рейд жүргізілді. Табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 32 хаттама жасалып, 350,7 мың теңге көлемінде айыппұл салынды», – деді Д.Закарин.

Алдыңғы жазбаАлматының бірнеше көшесіне жаңа атаулар беріледі
Келесі жазбаПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады