Home Басты жазба Қазақ — тек Алтын Орданың емес, Ұлы Даланың мұрагері

Қазақ — тек Алтын Орданың емес, Ұлы Даланың мұрагері

21

Жақында Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен мінберде  тұрып,  «Қазақстан — Алтын Орданың заңды мұрагерлерінің бірі» дегенді  айтты. Бұл сөзі кездейсоқ айтылған саяси декларация емес. Бұл — соңғы жүз жыл бойы бұрмаланған тарихи сананы қалпына келтіруге жасалған әрекет. Өйткені кеңестік тарихнама қазақты мемлекеттілікке кеш жеткен, көшіп-қонып жүрген этнос ретінде көрсетуге тырысты. Ал шын мәнінде қазақ даласында мемлекеттілік үзілген емес. Сақтан басталған, Ғұн арқылы жалғасқан, Түрік қағанаты арқылы империялық сипат алған, Алтын Орда арқылы Еуразияны билеген саяси дәстүр бар. Қазақ сол дәстүрдің соңғы сынығы емес — тірі жалғасы.

Бірақ дәл осы жерде үлкен айла жасалады. Кейбіреулер: «Қазақ тек Алтын Орданың мұрагері» деп шектегісі келеді. Неге? Себебі Алтын Ордаға дейін барсақ, қазақ тарихы тым тереңдеп кетеді. Онда Еуразия тарихындағы көптеген «ұлы империялардың» ортасында бүгінгі қазақ даласы тұрғаны анықталады. Ал бұл кейбір империялық санамен өмір сүретін елдерге ұнамайды.

Шындыққа тура қарайық. Қазақтың тарихи тамыры XV ғасырдан басталмайды. Қазақ хандығы — жаңа халықтың тууы емес, ежелгі дала өркениетінің жаңа саяси формасы ғана.

Сақтар туралы грек тарихшысы Геродот былай жазады: «Олар еркіндікті бәрінен жоғары қояды және өз жерін жанын беріп қорғайды». Бұл сөзді бүгінгі қазаққа да қолдануға болады. Сақтардың «аң стилі», атты әскері, алтынмен апталған жауынгер мәдениеті — бәрі кейінгі түркі халықтарының мәдениетіне сіңді. Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» жай археологиялық жәдігер емес. Ол — қазіргі қазақ жеріндегі мемлекеттік элитаның 2500 жыл бұрын да болғанының дәлелі.

Кеңес заманында сақтарды «иран тілді халық» деп қатырып тастауға тырысты. Бірақ тарих ғылымы бүгінде мұндай қарабайыр жіктеуден әлдеқашан өтіп кеткен. Этнос деген — қанның тазалығы емес, тарихи сабақтастық. Қазақтың құрамындағы ру-тайпалардың көбі сақ, үйсін, қаңлы дәуірінен үзілмей жеткен. Қазақтың жылқы культі, еркіндік философиясы, кеңістікпен біте қайнасқан дүниетанымы сақ заманынан бері өзгермеген.

Ал Ғұндарға келсек, мұнда тіпті қызық. Еуропа тарихы Аттила есімінен әлі күнге дейін секем алады. Өйткені Ғұндар Римнің өзіне қорқыныш әкелді. Қытай деректері Ғұндардың әскери құрылымы, ондық жүйесі, тәртібі туралы егжей-тегжейлі жазады. Кейін дәл осы жүйені түріктер де, моңғолдар да қолданды. Ал даладағы бұл әскери-саяси дәстүр қазақ қоғамында XIX ғасырға дейін сақталды.

Ғұндардың бір бөлігі батысқа кеткенімен, едәуір бөлігі қазіргі қазақ даласында қалды. Сондықтан «Ғұндардың қазаққа қатысы жоқ» деу — тарихи процесті мүлде түсінбеу. Бұл жерде мәселе биологиялық «тазалықта» емес, мәдени және саяси мұрада.

Ал Түрік қағанаты — қазақ мемлекеттілігінің ең маңызды белестерінің бірі. VI ғасырда құрылған бұл қағанат «түрік» атауын алғаш рет әлемдік саяси деңгейге шығарды. Орхон жазбаларында: «Көк түріктің халқы жойылмасын деп…» деген жолдар бар. Бұл — мемлекетті сақтау идеологиясы. Бүгінгі қазақтың ұлттық санасындағы «ел болу», «жер сақтау», «тәуелсіздік» ұғымдарының тамыры сонда жатыр.

Күлтегін ескерткіштерінде түркі халқының бірлігі, жер үшін күресі, сыртқы империяларға тәуелді болудың қауіптілігі ашық жазылған. Қызығы — VIII ғасырдағы бұл мәтіндерді оқысаң, бүгінгі геосаясатты көргендей боласың. Түркілердің ең үлкен қорқынышы — ішкі алауыздық пен сыртқы үстемдік еді. Бұл қазақ тарихында да қайталанды.

Ал енді Алтын Ордаға келейік. Міне, дәл осы жерде көп адам шошиды. Себебі Алтын Орда — жай ғана «моңғол мемлекеті» емес. XIII ғасырдан бастап ол толық түркіленді. Оның әскері де, тілі де, мәдениеті де қыпшақ-түркі сипат алды. Египет мәмлүктері Алтын Орданы «Дешті Қыпшақ мемлекеті» деп атаған. Алтын Орда хандарының жарлықтары қыпшақ тілінде жазылды. Бұл — қазіргі қазақ тіліне өте жақын тіл.

Орыстың ұлы тарихшысы Лев Гумилев бір сөзінде: «Русь Алтын Орданың арқасында сақталды» деген. Бұл ащы болса да тарихи факт. Өйткені Алтын Орда Еуразияда сауда жолдарын, әскери тәртіпті, мемлекеттік құрылымды қалыптастырды. Мәскеу князьдігі де сол жүйенің ішінде өсіп шықты. Сондықтан бүгін кейбір ресейлік империялық орта Алтын Орданы мойындағысы келмейді. Себебі мойындаса, өзінің мемлекеттік тамырының да сол дала өркениетімен байланысты екенін қабылдауға тура келеді.

Қазақ хандығы Алтын Орда құлағаннан кейін аяқ астынан пайда болған жоқ. Керей хан мен Жәнібек хан — Жошы әулетінің ұрпақтары. Яғни қазақ мемлекеттілігі Алтын Орданың заңды саяси жалғасы болды. Қазақтың «төре» институты, хан сайлау дәстүрі, әскери құрылымы — бәрі сол кезеңнен келді.

Бірақ қазақ тек Алтын Орданың мұрагері деп қою жеткіліксіз. Қазақ — бірнеше мыңжылдық дала өркениетінің жинақталған формасы. Сақтың еркін рухы, Ғұнның әскери тәртібі, Түрік қағанатының мемлекеттік идеясы, Алтын Орданың империялық тәжірибесі — бәрі қазақтың тарихи жадында бар.

Мәселе мұны эмоциямен емес, ғылыми сеніммен айтуда. Ұлт тарихын әсірелеу де қауіпті, қорлау да қауіпті. Бірақ өз тарихынан қорқу — одан да қауіпті. Қазақ даласы ешқашан «тарихтың шетінде» болған жоқ. Керісінше, Еуразия тарихының өзегінде тұрды.

Бүгін кейбіреулер қазаққа «сендердің тарихтарың XV ғасырдан басталады» дегісі келеді. Себебі тамыры терең халықты басқару қиын. Тарихын білетін халық бодан санаға көнбейді.

Сондықтан Тоқаевтың Алтын Орда туралы мәлімдемесі жай символикалық сөз емес. Бұл — тарихи сананы отарлық көзқарастан босатуға жасалған қадам. Бірақ оны жарты жолда тоқтатпау керек. Қазақ тек Алтын Орданың емес, күллі Ұлы Дала өркениетінің мұрагері екенін айту қажет. Бұл — пафос емес. Бұл — тарихтың өзі.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ,  «Байтақ»  Жасылдар  партиясының төрағасы

Алдыңғы жазбаСу — Орталық Азиядағы ең үлкен геосаяси қаруға айналып барады
Келесі жазбаКҮЛТЕГІН