Home Басты жазба ЖҮРЕККЕ ӘМІР ЖҮРМЕЙДІ…

ЖҮРЕККЕ ӘМІР ЖҮРМЕЙДІ…

100
Елуінші жылдардың соңы. Шығармаларым орталық баспасөзде жарияланып, ел аузына ілінген шағым. Балтық флотында әскери қызмет етіп жүрген қырғыз жігіттеріне шефтік көмек көрсету үшін жасақталған делегацияға қосылып Ленинградға аттанып кеттім.
Қырғыздың «Шолпон» деген классикалық балеті де Балтық бойына сапар шегіп, Ленинград балетімен бірге фильмге түсіп жатқан тұсы екен. Небір ыстық жүздесулер өткіздік. «Шолпон» балетінде басты рөлді орындап жүрген Бүбүсара Бейшеналиевамен сол жерде алғаш кездестім.
Мұны тағдырдың жазуы екенін кейін ұғындым. Моторлы қайықпен «Аврора» крейсеріне жақындап келгенімде, біздің делегация палубада тұр екен.
Орталарында ақша жүзі қуаныштан гүл-гүл жайнаған, сұңғақ та сымбатты Бүбүсара. Шашын теңіздің майда самалы еркелете тарап, бізге қол бұлғады. Бұрын бір-бірімізді сырттай білгенмен, онша таныс емес едік. Тез сырласып кеттік.
Тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Сезіміміз от секілді тұтанды. Осы кезге дейін кездеспей қалай жүрдік деп таңғалыстық. Айналамдағы адамдар да, тіпті сайраған құс та, сыбдырлаған жапырақ та, теңіздің шулаған толқыны да көзіме басқаша көрінеді. Дүние бұрынғысынан шырайланып, құлпырып сала берді…
Ленинградтың ақ түндеріне шомылып, Нева бойлап қыдырған, армансыз сырласқан сол сәттер-ай! Елде қалған әйел мен екі бала да естен шыққандай, ғажайып бір сал дәуренді бастан өткердік. Сапар мерзімі біткен соң, делегация мүшелері елге жүріп кетті.
Өзім бөгеле бердім. Жүрегімнің жартысын Нева жағалауына қалдырып бара жатқан тәріздімін. Ақыры Мәскеуде жұмысым бар, пойызбен қайтамын деген сылтаумен Ленинградта қалып, Мәскеуге екі-үш күннен соң аттандым.
Іле-шала алып-ұшып Бүбүсара да жетті. «Москва» қонақ үйінде бір күн, бір түн, екеуден екеу оңаша қалып, небір рухани түйсік табу, ыстық сырласу сәттерін бастан кештік. Қайта-қайта қоштасып, бір-бірімізді қия алмай жұп жазбаған қалпымызда Бүбүсараны электричкамен Ленинградқа апарып салдым.
Орыс орманының көк шалғынды даласын көктей өтіп зулаған «Стреланың» үстінде тербеліп кетіп бара жатқан сол бір қайта айналып келмес шақтар есімнен әлі күнге дейін бір сәт көмескіленген емес… Ленинградқа келген соң, Бүбүсара мені кері (Мәскеуге дейін) шығарып саламын деп еді, әрең тоқтаттым.
Осыдан бастап, Бүбүсара қайтыс болғанға дейін он төрт жыл бойы алаулаған жүрек жалыны бір сәтке де бәсеңдеген жоқ. Өсек-аяңның өрті де бізді аямай шарпыды…
Бүбүсара Ленинградта оқып, білім алған, театр, кино мен әдебиетке келгенде ерекше зерек, парасат иесі еді. Мінезі мен көркіне өнері жарасқан біртума тұлғаның менің өмірім мен шығармашылығыма тигізген әсерін айтып жеткізу қиын.
Екеуі не себепті қосылмады деген сауал туар. Мен емеурін танытсам, Бүбүсара ылғи да әңгіме бетін аулаққа бұрып, кешеуілдете беретін. Оңаша бір отырып сырласқанымызда, Бүбүсара: – Шын ғашықтар қосылмайды деген бар ғой. Бәлкім, сол дұрыс шығар.
Өйткені үйленгеннен кейінгі тірліктің күйбеңі ұлы сезімдерді жеп қояды. Махаббатымызды некеге байлап қайтеміз деді. Кейін аңғарсам, бұл Бүбүсараның менің шығармашылығыма кесірім тимесін деген тілекпен істеген әрекеті екен.
Ол кезде әйелімен ажырасқан адамды моральдық жағынан азды деген желеумен лезде есекке теріс мінгізіп жіберетін еді ғой.
Бүбүсара менің жұлдызымның қашанда биіктен жана беруін ойлап, өзінің жеке бақытынан бас тартқан екен. Сабыр-ақылдың, сезім-жүректің иесі. Бір-біріне бағына бермейтін осы екі қасиетті ортақ мақсатқа жүгіндіріп, сырттай өзі сүйген адамға тілекші боп қалу – үлкен адамгершіліктің қолынан ғана келер іс.
Бір жолы Бүбүсара екеуміз ұшаққа мінбей, Мәскеуден Фрунзеге «Мәскеу-Алматы» жүрдек пойызымен қайттық. Екі адамдық оңаша, жайлы купе. Әдеттегідей ешкім телефон соғып, не есік қоңырауын қағып, мазаламайды.
Барша әлемнен бөлектенген қалпы үш күн, үш түн қатарынан айтып тауыса алмас ертегідей ғажап дәурен кештік. Япырай, сондағы біздің сан салалы әңгімелеріміз, суыртпақтап жүректің терең түкпірінен тартқан, бұрын жан баласына тіс жарып, ашып көрмеген сырларымыз, өмірдің мәңгілігі мен баянсыздығы туралы, әдебиет пен өнердің күрделі қасиет-мінезі жайлы пікірлеріміз қандай жымдасып, бір-бірін толықтырып, жанымызды рақат сезімге бөлеп еді.
Өзіңе ойы, рухы, мінез-сана табиғаты, жан кеңістігі сай адам табудан артық бақыт жоқ екенін сол жолы тұңғыш рет өз жүрегіммен сезініп едім. – Ғасырға бергісіз күн болады.
Ендеше, бұл – менің өмірімдегі ең бақытты күнім! – деді Бүбүсара да толқып. Өзара шексіз түсінік тапқан көңіл-күйімізді пойыз доңғалақтары да тынымсыз құптап, тастаққа салған жорғадай жұлқына дүрсіл қағады.
Ауық-ауық терезеге үңіліп, табиғатты тамашалаймыз. Соңымызда орыстың жасыл ормандары қол бұлғап, қазақтың пейіліндей кең жазық даласы жарысып қалар емес.
Арал қаласына келіп тоқтағанда, вагоннан шығып, таза ауа жұттық. Теңіздің ол жылдары арнасы тартылмаған, айдыны толы шағы. Ерке толқындары күнге шағылысып, жарқ-жұрқ етеді. Одан бері Қызылорда, Арыс, Шымкент, Түлкібас…
Бүбүсарамен бірге жүрген қаншама жыл ішінде талай қалалардың мәдениет ошақтарында болып, тарихи жерлерін араладық екен?
Бір ғана Бішкек қаласын алайық. Кейбір үйлердің тұсынан, көше қиылысынан, белгілі мәдениет орындарының алдынан өткенде дәл сол арада қандай әңгіме айтқанымыз, күлгеніміз, қуанғанымыз, мұңайғанымыз – бәр-бәрісі үтір-нүктесіне дейін есіме сап ете қалады.
Ол бір сапардан ауырдым деп оралған. Артынша омыраудан түскен қатерлі ісік диагнозымен Кунцево ауруханасында жатты. Бір жарым жыл қатты қиналды. Айтудың өзі оңай емес… Кунцевоның аумағына арнайы рұқсат қағазбен кіргізетін.
Әр барған сайын көңілін сұрап тұрдым. Жүдеп, шаршап қалыпты. Бүбүсара бірте-бірте семе берді. Орнынан көтерілуге де әлі жетпеді. Әдемі жүзі суалып, аялы да мейірімді көздерінің оты сөніп, шүңірек тартқан.
Оның бұл фәнилік еместігін алғаш сезінгенімде, көз алдымда дүние шыр айналып, басайын десем, аяғым жерді таба алмай қалды. Ақыры жүріп-тұруының өзі күшке айналған соң, Бүбүсараны Фрунзе ауруханасына ауыстырды.
Жұмыста да дегбір тауып отыра алмай, әлсін-әлсін аурухананы төңіректеймін. Тағдырдың қатал үкіміне іштей мойынсұнып жатқанымен, мен кіріп келгенде, Бүбүсараның суалған жанарында қуаныш ұшқыны жарқ ете қалушы еді.
Бәлкім, бұл жанын жегідей жеген ауыр дертті маған сездіргісі келмегені, яғни мені қиналмасын дегендегісі болар. Ақыры, 1973 жылы 11 мамыр күні Бүбүсара мәңгілік көз жұмды.
Бүбүсара дүниеден озған соң, көп өтпей, Италиядан шақырту алдым. Түн ішінде кемемен Сицилияға беттедік. Ашық теңіздің үсті. Ай сүттей жарық, майда самал еседі.
Алыста түрлі-түсті жарқ-жұрқ еткен шамдар. Осы сәтте Бүбүсара екеуміз жақсы көретін бір музыка ойнап қоя берді. Толқынмен бірге тербеліп келе жатқан кеме үстіндегі жас та, жасамыс та әлгі әуеннің ырғағымен билей жөнелді.
Көз жасыма ерік бере алмай, палубаға сүйенген күйі, сұлқ тұрып қалдым… Теңіз, түн, ай, елсіз аралдар және көңілдің түнгі жалғыздығы. Қазірде де сол музыканы естісем болды, Бүбүсара есіме түсіп, өз-өзімнен толқып кетемін.
Арманым боп кезігіп, азабым боп ажырасқан осындай махаббат болған (менің өмірімде).
Сыр иесі Шыңғыс Айтматов
(“Ғасыр айрығындағы сырласудан”)
Алдыңғы жазбаҚазақстанда көліктің алдыңғы терезелерін қараңғылатуға рұқсат беріле ме?
Келесі жазбаҚҰСНИ ҚОРЛАН