2010 жылғы шілде айы еді. Елді елең еткізген бір оқиға болды. Атақты Естай ақын әнінің прототипі Қорлан апамыздың зираты табылыпты. Сұлулық символы болған ғазиз жанның бейіті оқиға болып, ән туған Павлодар өңіріндегі Маралды маңайында емес екен. Ол сонау Ресей Федерациясындағы Алтай өлкесінің Славгород төңірегінде болып шықты. Міне, сол жерде бүкіл бір халықтың сүйіспеншілігіне бөленген, ұлт махаббатына айналған қазақтың хас сұлуы 30-жылдардың аяғында мәңгілік сапарға аттаныпты.
Ал оны тауып, анықтаған, анықтап қана қоймай, басына қызыл граниттен белгітас орнатқан кімдер дейсіздер ғой… Олар – Қуат Есімханов пен Ерлан Арын деген екі азамат. Қуатты көзі қарақты жұрт баспасөз беттерінен жақсы білсе керек. Ол егемендіктің елең-алаңында Ертіс бойында қызмет істеп жүріп Ермактың ескерткішін алғызған, одан кейін Қызылжардағы жұмысы кезінде Омбыдағы Мағжан Жұмабаев оқыған педагогикалық училищенің қабырғасына ұлы ақынға арнап мемориалдық тақта орнатуға ұйытқы болған қандасымыз. Бұл азамат осы бертінде Астанада қызмет атқарып жүріп, 1937 жылы Көкшетаудағы ескі зиратта жерленген дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің тұяғы – ғайып құсы Аянға белгітас қойып тағы бір сауапты іс жасады. Ал Ерлан болса, өзіміз сөз етіп отырған 2010 жылға дейін Павлодардағы С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте ректор бола жүріп, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде қаладағы көптеген көше, мекеме аттарын қазақыландыруға бел шеше кіріскен ұлтжанды азамат-тын. Сондай-ақ, оның сол кездері атақты Мәшһүр-Жүсіп мұраларының 20 томдығын шығаруды қолға алып, қасиетті бабаның Ескелдідегі мазарын жаңа үлгіде тұрғызуға ерекше үлес қосқан еңбегі және бар.
Осы екі бауырымыздан 2010 жылдың 8 шілдесінде редакцияға арнайы хат келді. Онда Ресейдің Алтай өлкесіндегі Притыка селосы іргесіндегі қазақ зиратында аты ән мен жырға айналған Қорлан апамызға белгітас орнатылатындығы, сол шараға біздің газеттен де өкіл қатысуы сұралыпты. Осыдан кейін көп кешікпей жолға шыққанбыз. Құрамымызда ғалымдар Қ.Салғараұлы мен Т.Жұртбай, жазушы Ә.Сарай, саясаттанушы Д.Мыңбай мен қаламгерлер Е.Шаймерденов, Ғ.Мүсіреп және композитор Ж.Тұрсынбаев бар топ Астанадан Павлодарға келдік. Ол жерден ертесінде таңертең Ресей шекарасына бет алдық та, бақылау бекетінен өткен соң Құлынды даласын кесіп өттік. Көп ұзамай Славгород та көрінген. Оны да артқа тастап, Бөрілі деп аталатын ауданның бұрынғы Топольский кеңшарына қарай бұрылдық. Сөйтіп мұндағы Притыка бөлімшесіне жеткенде ат басын тежедік. Көліктен түскен соң осы елді мекен іргесіндегі зиратқа беттеп, ондағы белгітастың ашылуына жиналған жергілікті тұрғындармен амандасып, жөн сұраса бастадық. Мұнда көптеген қазақ отбасылары тұрады екен. «Бұл жер негізінен Қаранай деп аталады, деді Алтай өлкесіндегі Благовещенск қазақ диаспорасының төрағасы Сапарбек Маусымбаев. – Осыдан 25 шақырым қашықтықта Сұлтан, Сұңқарбек деген қоныстар бар. Ол Қорлан апамыздың туған жері әрі әкесі мен әкесінің ағасының аттары сақталып қалған елді мекендер. Ал Қаранайдан 60 шақырым шамасындағы Қуат ауылы өзіміз сөз етіп отырған кейіпкеріміздің келін болып түскен жері. Енді, мына Қаранайдың өзіне келсек, бұл – Қорлан Сұлтанқызының нағашы жұрты. 1937 жылғы зобалаңда ол кісі балаларымен осы ауылды сағалап келген ғой. Қазір бұл жер Притыка деп аталады».
Осыдан кейін көп ұзамай жиын да басталған. Оны қысқаша сөзбен ашқан Қуат Есімханов: «Уақыт қабағы мен мезгіл ауанына байланысты сұлулық символы – Қорлан апамыздың мүрдесінің қайда екенінен хабарсыз болдық. Енді, міне, 73 жылдан кейін жоғалтқан жауһарымыздың дерегін тауып, басын қарайтуға келіп тұрмыз. Өткен заманда Баян сұлу, Қыз Жібек, Еңлік сияқты хас сұлулар өмір сүрген десек, Қорлан апамызды да сол арулардың қатарына қоюға әбден болады. Себебі, ол ХХ ғасырдағы қазақ даласының махаббат гимніне айналған бейне», деп жұртшылық алдына Қанат Назымбекұлы атты қарияны шақырды. Сұрастырып білсек, бұл кісі Қорлан апамыздың туған немересі екен. Ақсақал өз сөзін ертедегі осы өңір қазақтарының тарихына шолу жасаудан бастады. Ондағы әңгімеге қарағанда апалы-сіңлілі Құсни мен Қорланның әкелері Сұлтан би, ал ағасы Сұңқарбек осы Қаранай аймағының болысы болған адамдар екен. Қорлан кәмелеттік жасқа жеткен кезде бойжеткенді іргелес ауылдағы Қуат байдың ұрпағы Нұрмұханбетке ұзатады. Алланың жазуы, аталарының ұйғаруы бойынша отау құрған жұбайлар өмірде сыйластықпен ғұмыр кешеді. Нәсифолла, Ғабдыжаппар, Ғабдұлхамит, Зейнелғабиден, Назымбек есімді бес баланың әке-шешесі атанып, 30-жылдарға дейін бақытты өмір сүреді. Содан кейінгі тәркілеу мен ашаршылық Қуат байдың әулетін қатты есеңгіретеді. Ал 37-нің зобалаңы тіпті сұмдық еді. Жергілікті билік қазақ ауылдарындағы оқыған азаматтарды атып-асып болған соң, араларында Нұрмұханбет бар топты шахта мен темір жол жұмысына апарып салу үшін Приморьеге айдайды. Сол аласапыран уақытта Қорлан анада бір ғана үміт болған дейді білетіндер. Ол өзінің шиеттей бала-шағасы – бес ұл, бір қызын қалай да аман алып қалу үшін 60 шақырым жердегі нағашыларына жету еді. Жетеді де. Бірақ перзенттерін өзі іздеп келген отбасына табыстап бола беріп, күзгі қара суықтағы азапты жолдан қалжыраған ғазиз жан үзіліп кетеді.
Қарғыс атқыр 37-дегі Қорланның жағдайы осылай болса, ері Нұрмұханбеттің тағдыры басқаша өрбиді. Ол кісі итжеккендегі лагерьде жүргенде елдегі бес ұлының үшеуі соғысқа алынады. 1942 жылы олардың арасындағы Зейнелғабиден Сталинград түбінде қаза табады. Сол уақыттағы заң бойынша бір отбасынан екі немесе үш адамның майданда болуы репрессияға ұшыраған ата-анаға жеңілдік әкеледі екен. Приморьеде жүрген Нұрмұханбет үкіметтің осындай пәрменімен лагерьден босайды. Бұл 1943 жылдың көктемі-тін. Елге келген соң бар жағдайға қанығады. Балаларын жинап алып оқытып, оларды адам қатарына қосуға әрекет жасайды. Ешкімге үйленбей, ұл-қыздарының тілеуін тілеген күйі 1966 жылы өмірден озады.
Қанат Назымбекұлының жоғарыдағы сөзін бар зейіндерімен тыңдаған жұртшылық келесі кезекте зират басындағы Сайлаубек молда оқыған құран-хатымға ұйыды. Осыдан соң Астанадан келген ғалым-жазушылар Қойшығара Салғараұлы, Әнес Сарай және сөз етіп отырған шараға мұрындық бола білген Қуат Есімханов пен Ерлан Арын бастаған топ белгітасты ашуға беттеді. Лента қиылып, ескерткіштен ақ жамылғы сыпырылып түскен сәтте Қорлан апамыздың тасқа қашалып жазылған аты-жөні, туған және қайтыс болған жылдары көзге шалынды. Ал одан төменіректе: «Дариға, өлмейтұғын әнге айналған, Дүниеге қайта келмес қайран Қорлан…» деген ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының қаламынан туған өлеңнің екі жолы орын теуіпті.
Белгітастың ашылу рәсімі біткен соң осы Притыка бөлімшесіндегі сегізжылдық мектептің асханасында қонақтарға арналып дастарқан жайылды. Сол жерде композитор Жоламан Тұрсынбаев жанында отырған Қорлан апамыздың немересі Қанат Назымбекұлы қарияға екі сауал қойды. Оның алғашқысы Естайдың «Құсни-Қорлан» әнінің туу тарихы да, одан кейінгісі Құсни қыздың тағдыры туралы сұрақ еді.
– Ресейдегі мына Славгород, Құлынды өңірі мен Қазақстандағы Маралдының арасы жақын, – деп бастады сөзін Қанат ақсақал. – Үлкендерден естуіміз бойынша бір жазда апалы-сіңлілі Құсни мен Қорлан сол ел жақтағы тойға барады. Онда Естай ақын да болыпты. Жастарға арналып тігілген киіз үйдегі ойын-сауықта атақты әнші өздері де, киімдері де өзгеше екі сұлу қызды көріп қалады. Сөйтеді де бір сәттік көріністі ұмыта алмай, терең толғанысқа беріледі. Ал Қорлан ше? Тойдан келген бойжеткенді бұрынғы атастырып қойған жеріне ұзатылу күтіп тұрған еді. Оны естіген Естай ақын түрлі ойға беріледі. Ақыры соның, яғни сан түрлі сезімнің әсерінен кейін ол «Құсни-Қорлан» әнін тудырады. Апамыз көрші ауылға келін болып түскен соң, Маралды, Кереку жаққа қайтып бармаған. Бүкіл өмірі осы төңіректе өткен. Естайдың да бұл жаққа жолы түспеген. Осылайша тойдағы бір сәттік көрініс әсерінен ақын артында аңызға айналған ғажайып ән қалған. Ал Құсниға келсек, ол кісіні ешкім білмейді. Қайда, кімге ұзатылған? Тағдыры қалай болған? Қашан өмірден өткен? Міне, мұның бәрі сол замандағы жөн білетін аталарымызға да, одан кейінгі біздерге де жұмбақ? Еш жерде ешқандай дерек қалмаған.
Қанат қария осы сөздерді айтты да бір сәтке үнсіз қалды. Осы кезде қайтар жолдың ұзақтығы есімізге түскен біз орнымыздан қозғалақтай бастадық. Мұны сезген Сайлаубек молда ас қайырып, бәрімізге сәт сапар тіледі. Біз де ормандай орыстың ортасында отырған қаракөз бауырларымызбен қайыр қош айтысып, Ресей – Қазақстан шекарасына қарай бет алдық.
Жанболат АУПБАЕВ, журналист