Home Басты жазба Не көрсем де Алаш үшін көргенім!

Не көрсем де Алаш үшін көргенім!

187

«Қиын уақыт мықты адамдарды әкеледі,Мықты адамдар жақсы уақыт әкеледі,Жақсы уақыт әлсіз адамдарды әкеледі,Әлсіз адамдар қиын уақыт әкеледі»  деген  тәмсіл  бар.

Осы айтылған нақылдың өзегіне үңілетін  болсақ, зәредей  артық ештеңе жоқ. Нағыз балағынан  қан  сорғалаған  шындықты  көреміз. Әлемдік һәм өзіміздің  арғы-бергі  тарихымызға  үңілетін  болсақ, біраз  нәрсені  аңғарамыз.

Мәселен, кешегі күндері күлде  жатқан  көк түріктерді  күн  еткен,  өзгемен  терезесін  тең  еткен Бумын, Естеміс, Білге,  Тоныкөк,  Күлтегін  секілді ұлы  тұлғалар тарих  сахнасына  шықты.Ұлы  даланы  мекен  еткен көшпенді  жұрт қарақұрттай  қаптаған өзге  елдің жемсауына  түсіп кетейін деп  тұрған  қатыгез  заманда  уақыт Шыңғыс хандай  ұлы  қағанды  сыйлады. Ел  болып  ұйып,  халық  болып қалыптасар өліара кезеңдерде өзгенің  боданы  болып кетпес  үшін арыстан  жүрек  хандарымыз, ақылды  билеріміз, алдаспан батырларымыз алаш  баласы  үшін сілкініп алға  шықты. Одан  бергі  кезеңге  өтсек, тар  жол  тайғақ  кешу тұсында уақыт алаш арыстарын  тарих  сахнасына алып  шықты. Өткенге  қарап  тұрсақ,  қиылы-қилы  қиын  кезеңдер  өз  тұсында  қара  нардай  қайыспас ер-азаматтарды  дүниеге   әкеліпті. Олар өз  халқының  ел  болып  қалыптасуына  түрткі  болды. Жарқын  болашағына сәуле  түсірді. Қысқасы, қиын уақыт мықты адамдарды туғызады, мықты адамдар жақсы уақыт әкеледі деген  осы болса  керек-ті.

Енді өз  басыма  келетін  болсам, соқтықпалы – соқпақты ирелең жолдан  тұратын  өмірім бар. Кәсіппенде айналыстық, қоғамдық жұмыста  істедік. Қай  жерде  жүрсемде халыққа  бағыт-бағдар  беретін тірлік  жасасам  деген әз  ойддан арылмадым.  Кәсіп  жасап  жүргенде ақ  жағылылар  талай  мәрте, тірлігімді тартып  алды.  Әлімжеттік жасады.  Қоғамдық  жұмыста  жүргенде  талай қысым  жасалды. Қорқытты,  үркітті. Бірақ «күніне тоқсан тоғыз пәле көрсең, Сонда да күдер үзбе бір Алладан»! –деген қағиданы  ұстанып, ел үшін,  жер үшін  еңбектене  бердім.

Бұл  жерде айтқым келгені, мен әділетсіздікті ескі  Қазақстаннан  көрдім. Ал,  қазіргі жаңа Қазақстан жөнінде олай  айтқым келмейді.  Керісінше,  президент  Тоқаевтың саяси  реформаларын  қолдаймыз. Неге? Біз  кешегі  ескі  жүйеден, эволюциялық жолмен  арылып келеміз. Қоғамда  жылымық  бар. Президенттің өзі қоршаған  ортаны  қорғаумен экология  мәселесін  жиі  қозғайды. Ал,  бұл  мәселе  біздің  алға  қойған  мақсатымыздың  өзегі  болатын. Қысқасы, жаңа  Қазақстан кезінде, партиямыз  тіркелді. Саяси  күшке айналдық. Жұртқа  танымалдығымыз  артып  келеді. Мұның  бәрі  Тоқаев жүргізіп  отырған   реформалардың  арқасы  деп  ойлаймын.

Кешегі  өткен  Мәжіліс сайлауына ат  қостық.  Алайда парламентке  өтуге  мүмкіндік  болмады.  Бірақ одан тауымыз  шағылған жоқ. Алда  талай  додалар  болады.  Сол кезде біз қосқан  құлагерлер мәре  сызығын  алды  болып  кесіп  өтеріне  бек  сенімдіміз. Өйткені  біз  билік қолдан  құрған  партиялардың  қатарына жатпаймыз.  Сонау,  2015 жылы  қоғамдық  ұйым  құрып, қоғамда  болып жатқан жағдайларға араласып,  митинглер  өткізіп, елдің  сөзін  сөйлеп, экология  мәселесін   көтеріп келе жатқан  азаматтармыз.  Бір сөзбен айтқанда  «Қиын уақыт мықты адамдарды әкеледі»  дегендей бізді  уақыттың  өзі  қоғам  алдына  алып  шықты. Енді одан бас  тартуға,  кері  шегінуге  жол  жоқ. Алаш  арысы,  ұлы  Мағжанша айтқанда: «Не көрсем де Алаш үшін көргенім, Маған атақ ұлтым үшін өлгенім»  деп елдің  ертеңі, жарқын  болашағы  үшін күресе  береміз  хақ!

Азаматхан  Әміртай «Байтақ»  жасылдар  партиясының төрағасы

Алдыңғы жазбаРесейде терракт жасамақшы болған қос қазақстандықтың өліміне қатысты ақпаратты ҰҚК тексеріп жатыр
Келесі жазбаТоқаев қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады