Home Қоғам БАЛАҚАЙ, ТӘБЕТІҢ ҚАЛАЙ ТАМАҚҚА, ЫНТАҢ АРТТЫ МА, САБАҚҚА?

БАЛАҚАЙ, ТӘБЕТІҢ ҚАЛАЙ ТАМАҚҚА, ЫНТАҢ АРТТЫ МА, САБАҚҚА?

225

      Өткен жылы күрең күздің алғашқы күнінен бастап мектептің бастауыш сынып оқушыларына ыстық тамақ беруді бас-көзге қарамай бастап жібергеніміз – бір қайнауы ішінде қойыртпақ тірлікке ұқсап кетті.

Барлық жақсылықты балаларға жасамаққа ұмтылып, елдің баласына емешегі үзіліп жатқан үкіметтің ниеті түзу демесеңіз, он сайманынан бір сайманы жоқ  мектептердің астаң-кестенің шығарып,әуре -сарсаңға салды да қойды.  2О-3О бала болса бір сәрі, одан он есе көп баланы тамақтандыратын орын, ыдыс-аяқ, қазан-ошақ т.б. аяқ астынан қайдан табыла қойсын. Құйрығы шаншылып жоғарыдан түскен бұйрықты іске асыруға іркіліп қалуға болмайды.  «Көш жүре түзеледі» дейтін қашанғы жалпақшешейлігіміз тәп-тәуір істің ту -талақайын шығарды.  Әйтеуір, әупірім тәңірмен ай аунатып барып, төтеннен киліккен «жаудың»  бетін әрі қайтарып, шала-шарпы болса да балаларға ыстық тамақ беру бір шама жолға қойылып келеді. Тақтайдай тегіс жолға түсті деуге аузын бармайды.  Апыр-ай, ә, қашаннан бері биліктің биіктен айтқан бір ауыз сөзін жерге түсірмей қағып алып, іске асыратын болғанбыз.

Жасампаздық пен жақсылық жасауға асыққанымыз жөн шығар-ау, аласұрып, аптыққанымызға жол болсын.  Ана бір жылы Тараз қаласында бір оңбаған мектеп әжетханасына кіріп кетіп, оқушы қызды зорлап, жұрттың үрейін ұшырған еді. Сол күннен бастап әжетхананы мектеп ғимаратының ішіне салуды  жанұшыра, жапа-тармағай қолға алған болатынбыз. Қаншама қаржы сарп болып, жүйкені тоздырып, мектептің астан –кестенің шығарып салынған сол әжетханалардың бүгінгі жай-күйі көңіл көңшітпейді.  Қайта күлкіңді келтіреді.  Күлкі болғанда да ызалы күлкі.  Айталық, қалалық жерде қайдам, онсыз да ауыз суға жарымай отырған ауыл мектептерінде сол әжетханаларыңыз сасып-бықсып, жағымсыз иісі ауа жайылып, қолқаңды қабады. Сарқырап ағып тұрған суы, әжетке жарататын қағазы болмаған сон, ызалы күлкі тудырмағанда, қайтсін-ай.

Әжетхананын әләуләйын айтып, ыстық тамақ төңірегіне ат басын бұрып, табан тіресек: мемлекет тарапынан балаларға көрсетіліп жатқан қамқорлықты тегін берілетін ыстық тамақпен өлшеп, өзімізше жаңалық енгізгендей болып,  тыраштанып жатқан тәріздіміз. «Байдың малын байғұс қызғанады» дегендей болмасын, ыстық тамақ берілсін. Балалардан аяған ақшаны ит жесін.

Бір бұғы өсіруші өкініштен өзегі өртеніп: «Тундраның өндірілген алтынынан жүздеген алтын бұғы құйып шығаруға болар-ау. Алайда, осынау қыруар байлықты жұмсау арқылы жалғыз ғана тірі бұғыны  дүниеге келтіру мүмкін емес» деген екен.  Сол айтпақшы, біздің ең ұлы байлығымыз – өкшебасар ұрпақты үкілеп қатарға қосып қана қоймай, елім дейтін азаматты  тәрбиелеп шығару көзбояушылыққа көміліп қалмай, халықаралық беделімізден бұрын, ішкі саясатымыздың ірге тасы болуы керек.

1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту – бала денсаулығына оң әсер етіп, білім сапасының артуына септігін тигізеді деп топшылайтын тәріздіміз.  Балалар мектепке аш-жаланаш келеді деп ойласақ, қатты қателесеміз. Жалғызілікті жанұяның балалары, жетімдер мен кетілгендерге мектепте ыстық тамақ беріп, аса сауапты істен сырт қалып жатқан жоқ едік.  Ал енді бастауыш сынып оқушыларын жаппай тамақпен қамтуды қолға алған үкіметтің қайрымдылығына қайран қаласың. Түйткілді тұстарын тарқатып көрейік.

Балалардың ас бөлмесіне барып тамақтануына аз уақыт кетпейді. Демек,  оқу процесінің ырғағы бұзылады.  Партада отырған балаларды топырлатып асханаға айдап барып, су татитын сорпа ішкізіп, сынып бөлмесіне қайта әкеліп қамаймыз. Осыдан кейін балалардың тамаққа деген тәбеті күшті болғанымен, ойы онға бөлініп, қанында гемоглобин түйіршіктері артып, сабаққа деген ынта-ықыласы төмендейді;

дайындалған астың сапасы, ыдыс-аяқтың тазалығы, асхананың гигиенасы санитарлық нормаға қаншалықты сай келетіні бір Құдайға ғана аян. Өйткені, мектептерде ыстық суды былай қойғанда, салқын судың өзі қасқалдақтың қанындай қат. Бірде бар, бірде жоқ.  Бұл ыдыс аяқты жуып-шаймай –ақ лас күйінде қайта пайдалана беруге мәжбүрлейді.  Мұның бәрі балалардың арасында түрлі аурулардың таралуына жол ашады; астан уланып жатқандар жайлы білетініміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз;  асханадағы орын тапшылығынан кейбір сынып оқушыларының тамақтану кезегі сабақ кестесінің соңына қарай түскендіктен  балалар асханадан шығып, мектепке оқу үшін емес, тамақ жеуге келгендей, күліп ойнап үйлеріне қайтып бара жатады. Баламысын деген, соған мәз.

Мектеп мал бордақылау пункті емес. Мектеп миссиясы – тәрбие мен білім ошағының отын жағу. «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзетуден бастаумыз керек»,-деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай,  оқу-ағарту ісі, бала тәрбиесі мен талабы ыстық тамақ бергеннен ұшталмайды, шырқау биікке көтеріліп те кетпейді.

Бес саусақ бірдей емес, адамдардың бірі игілікті – биліктен, екіншілері – білімге құштарлықтан, үшіншілері – рахаттан іздейді. Біз білімге құштарлықты бала жастан бойына сіңіруіміз керек.  Ал, өмірдің мәні мен игілігін  рахаттан іздейтіндердің еншісіне – тойып ішіп- жеуді, өлең айтуды, уақытты босқа өткізуді қалдырайық.

Бір қарияның  жеміс ағашының кішкене шыбығын отырғызып жатқанын көріп, дәулеті тасыған бай адам: «Ақсақал, сіз ғой қартайғансыз. Отырғызған ағашыңыздың жемісін көре алмайсыз, олай болса неге арамтер болып жатырсыз?», – деп сұрапты. Қарт кісі: «Бізден бұрыңғылар ағаш отырғызды, жемісін біз жедік. Енді біз де отырғызайық, жемісін кейінгілер жесің»,-депті.  Бай адам қарттың жауабына риза болып, қолына бір уыс ақша ұстатыпты.  Сонда әлгі қария: «Көрдің б е, балам, бұл шыбықтың жемісін, міне, мен де көрдім»,-деген екен.

Сол айтқандай, қазақ үкіметінің балаларға жасап жатқан қамқорлығы мен қайрымдылығынын жемісін жеп бастағанымызбен, тақиямызды көкке лақтырып қуануға әлі ерте.  Осындайда қауашағымызға бір ой келеді.  Айталық, әр балаға күніне ыстық тамағы үшін бюджет қоржынынан 55О теңге жұмсалады екен.  Осы азын – аулақ ақшаны ай сайын баланың ата-анасының есеп шотына аударып отырса, бауыр еті баласының тамағына өздері –ақ жұмсар еді.  Мұның тиімді тағы бір тұсы бар: ыстық тамақтың үстінен жонып жеп отырған делдалдар мен «тендршіктердің»  тәбеті тежеліп, асхана қызметкерлеріне жұмсалатын қаржы үнемделіп, талан-таражға түспес еді.  Біздің айтайын дегеніміз, білім ордасы – мектептерді жарым-жартылай болса да асханаға айналдырмауымыз керек.

Махамбет САПАРМҰРАТОВ,

Түркістан облысы

Алдыңғы жазбаЕлена Рыбакина Брисбен турнирінің финалына шықты
Келесі жазбаОқушыларға ұлттық тағамдар берілмек