Ресей Мемлекеттік Думасында Анатолий Вассерман атты сәуегей депутат бар. Уақытында интелектуал ойындарына қатысқандықтан ба, өзін үлкен ақыл-ойдың иесі, «абыз» санайды. Журанлист, публицист, саяси кеңесші деген дүр қызметтері тағы бар. Ресейдің Украинаға жасап отырған басқыншылығын қолдап жасаған үндеулері үшін Батыстың салған санкциясына ілінген жан. Сол сәуегей депутат «2025 жыл КСРОны қайта құратын кез» деген тағы бір сандырақ болжамын айтыпты.
Бүкіл Ресей баспасөзі жерден жеті қоян тапқандай соның айтқандарын кешелі бері сүйіншілетіп жатыр. «КСРО түбі бір қайта қалпына келеді. Империялардың ыдырауы, қайтадан қалыпқа келуі баяғыдан келе жатқан үрдіс. Демек КСРО-да қайтадан империя болып құрылуы бек мүмкін. Ол арман биыл яғни 2025 жылы орындалуы ықтимал…» деген сияқты сандырақ. Рас, бір кезде қазіргі Кремльдің қожайыны Путин де «ХХ ғасырдағы үлкен трагедия ол -КСРО-ның ыдырауы» деп өкініш білдірген. Тіпті қолы қанды қызыл империяны қайта құрғысы келетін ниетінде жасырмаған. Десек те, Вассерман айтқандай талай империялар құлап, қайтадан шаңырағын тіктеген кездер болған. Оны жоққа шығаруға болмас. Арғы бергі тарихқа көз салар болсақ, өзгесін айтпағанның өзінде кешегі көк түріктер қағанаты бірнеше рет ыдырады, қайтадан қалпына келді. Сосын тарих сахнасынан көшіп, оның орнын өзге түрік қағанаттары басты емес пе. Бірақ олардың жөні бөлек. Ал, құрамына кіші ұлттарды күштеп енгізіп, геноцид жасаған қызыл империяның жөні бір бөлек. Демек, ешқандай өркениетке жетелемейтін, өзге жұртты бауырына басып, шеңгелдеп түншықтырып ұстайтын КСРО-ны қайтып қалпына келтіру мүмкін бе? Жоқ. Тіпті қаны бір, тамыры ортақ укариндардың өзі, Мәскеудің астамшыл саясатына бас имей, жанталасып жатыр емес пе! Ал, қолдан аштық ұйымдастырып, 5-6 миллион алаш баласын қырып тастаған, иісі қазақтың білімді-білікті басшыларын сүргінге салып, қамап, атып-асқан КСРО-ның қайтадан қалыпқа келгенін біз – қазақтар қалаймыз ба? Әлбетте, жоқ. Бүгінде тәуелсіздік алған, бір-бір мемлекет болып, жеке шаңырақ құрып, түтінін түтетіп отырған өзге ұлттарда біз секілді ойлайды. Олай болса Вассерманның айтып жүргендері де, Кремльдің маңайындағылардың «КСРО» деп ах ұрған армандарыда енді қайтып орындалмайтын арман болып, көз ұшында бұлдырған сағым болып қалатыны әмбеге аян!