Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым -Жомарт Тоқаев елдегі іргелі басылымдардың бірі «Ана тіліне» сүбелі сұхбат берген-ді. Халықтың көкейінде жүрген көптеген мәселелердің басын ашып айтты. Тіпті жұрт біле бермейтін жайттарғада тоқталды.
Соның бірі осыдан біраз жыл бұрын ел ішінде де, сырт елдерде де айтылған Қазақстандағы «қос билік» жөнінде. Бұл жөнінде Тоқаев өзінің сұхбатында былай атап өткен; «…ол отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтін. Мұны да айта кеткен жөн. Үнемі Премьер-Министрді, Ұлттық банктің төрағасын, министрлерді, әкімдерді шақырып алып, жиналыс өткізетін. Бұған өз азаматтарымызды былай қойғанда, шетел басшылары мен дипломаттары да таңдана қарайтын. «Назарбаев қызметінен кеткен соң тіпті жоғарылады, енді Президент те оған бағынады» деген әзіл әңгіме де пайда болды. Ал, шын мәнінде, бұл әзілдейтін жағдай емес еді. Бұл жағдай қосарланған билік туралы алып қашпа әңгіменің өршуіне әкеп соқты. Шенеуніктер де кабинеттен кабинетке жүгіріп, кімнің тапсырмасын орындайтынын білмей дал болатын. Ол аз десеңіз, кейбір шенеуніктер «Елбасы институты Президент билігінен жоғары тұруға тиіс» деп, ақылға сыймайтын жағдайды заң жүзінде негіздемек болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, өзінің Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуін және бұрынғы президенттің сол жылы желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД елдерінің саммитіне қатысуын нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалар деуге болады».
Ақиқатын айтар болсақ, дәл сол тұста жұрт ішінде мемлекеттегі «қос билік» жөнінде көп айтылды. Тіпті «бірінші басшы, Елбасы ма, әлде президент пе?» дүдәмал сұрақтар туындап қалған. Қысқасы Тоқаев атап көрсеткендей билік дағдарысы туындаған еді. Ал, мұның кесірі халықтың әлеуметтік тұрмысына, экономиканың дамуына кері әсер берді. Тіпті Қаңтардың қанды оқиғасына алып келді деуге болады. Шүкір, қазір жағдай тұрақталды. Алға «әділетті, дамыған, өркениеттің көшіне ілескен Қазақстан болу» мақсаты қойылды. Назарбаев тұсында сыртқа кеткен миллиардтаған қаржы елге қайтарылып, маңызы бар салаларға жұмсала бастады. Мемелкет қазынасын пышақ үстінен үлестіріп алғандар биліктен шеттетілді. Қамалды. Ішкен-жегендерін қайта «құсты». Біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Әрине, Назарбаевтың отыз жылдық дәуірінде әбден шырмауықтай баттасып, тамырын тереңге жайған жемқорлықты қысқа уақыт ішінде қопарып тастау мүмкін емес. Бірақ оған қарсы ымырасыз күрес жүріп жатыр. Осы орайда, Назарбаев тілге тиек еткен, дәл сондай болып билікке қайтып келсем деген Махатхир Мохамад кім еді? Білмеген жұрт үшін аз-кем тоқтала кетейік. Махатхир Мохамад Малайзия-ның 4-ші және 7-ші Премьер-Министрі. 1981 жылы билікке келіп, 2003 жылы доғарысқа кеткен. Алайда 2018 жылы премьерліктің тізгін қайтып алып, 2020 жылы орнын өзгеге босатқан. Былайша айтқанда, 93 жасында билікті қолына алып, 95 жасында одан кетті. Махатхир Малайзияның мешеу экономикасына таңқаларлық «төңкеріс» жасаған адам. Шикізат «отаны» атанған елді әлемнің ең алдыңғы заманауи техникамен технологияны экспорттайтын мемлекетке айналдыра білген іскер басшы. Соның тұсында Малайзия «Азия жолбарыстарының» бірі атанды. Даму қарқыны жөнінде әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі. Ал, біз ше? Махатхир Мохамад Малайзия билігінде 24 жыл болды. Ұзақ отырсада елді өркениет көшіне қосып кетті. Малайзия соның тұсында әлемді таңқалдыратын даму жолына түсті. Ал, Назарбаевтың отыз жылдық ел басқару тұсында Қазақстан сол деңгейге жете алды ма? Жоқ. Ел байлығы тоналды. Алаш баласына тиселі байлық Назарбаевтың айналасына топтасқан 162 адамның қолына шоғырланды. Қазақстан сол шикізат «отаны» болып қала берді. Бұны қалай даму деп айта аламыз. Назарбаев Қазақстанда экономикалық һәм саяси ел таңқаларлық «төңкеріс» жасай алмады. Демек, Назарбаевтың «Махатхир Мохамад секілді билікке қайтып келемін» деген есек дәмесі енді болмауы тиіс.