Бұрнағы тілмен айтсақ, саудагер, көпес, бүгінгі тілмен айтсақ бизнесмен, олигарх Дональд Трамптың әлемдегі ең қуатты ел, АҚШ билгін қолына алуы, жаһан жұртына ойда жоқта көптеген қиындық ала келді. Оның жоғары,төмен сөйлеуі, тіпті әлсіз мемлекеттерге әлімжеттік жасай бастауы соның бір көрінісі.
Украина Ресей соғысында өз жерін қорғап жатқан украиндарды (қаржылай, барлау, әскери көмектерді тоқтату) тұқыртып, басқыншылық жасап отырған мемлекетті «агрессор» ретінде танымай тайқып кетуі, Трамптың бұрынғы АҚШ саясатын 180 градусқа өзгертіп жатқанын байқауға болады. Ол, ол ма, Солтүстік Америкадағы әріптес, одақтастарымен қырғи-қабақ болуы тіптен сорақылық. Айтқымыз келгені Мексика мен Канада. Бұл үш ел арасында 1992 жылы Еркін сауда келісімі жасалды, ол 2018 жылға дейін жұмыс істеп келді. Ал, сол 2018 жылы бірінші мәрте АҚШ президенті болып тұрған Трамп Еркін сауда келісімін жаңартып, USMCA (United States—Mexico—Canada Agreement) дегенді құрды. Бұл жөнінде, «Үш мемлекет арасындағы жаңа сауда келесімі әріптестігіміздің мызғымас көрінісі» деп бағалап еді, сол кезде Трамп. Содан бері бұл елдер арасында жүздеген миллиард долларлық сауда айналымы жүзеге асты. АҚШ тізгінін екінші мәрте қолына алған Трамп енді келіп сол әріптестеріне қарсы сауда һәм тарифтік соғыс ашып отыр. Былайша айтқанда, 4 науырыздан бастап Канада мен Мексикадан импортталатын тауарларға 25 пайыздық баж салығы салынды. Әлбетте, Трамптың бұл әлімжеттігіне қарсы Мексика мен Канада да қарап қалған жоқ. АҚШ тауарларына қарсы салық енгізуді қарастырып жатыр. Бір сөзбен айтқанда Трамп өзі құрған USMCA келісімінің көрін өзі қазды. Сондай-ақ Трамп Қытай тауарларына 20 % баж салығын енгізді. Ресми Пекин «АҚШ пен кез-келген соғысқа» даяр екендерін жариялай отырып, АҚШ – тан келетін бір қатар азық-түлік түрлеріне 15 пайыздық салық салды. Осылайша АҚШ әлемдегі бір қатар елдерге қарсы сауда, тарифтік соғыс ашты. Текетірестер басталды. АҚШ президенті 2 сәуірде тағыда бір қатар елдердің тауарларына баж салығын салатынын айтып жатыр. Мұның арты не болмақ? Әрине, жақсылыққа алып келмесі хақ. Әлемдік сауда жүйесінде іркілістер пайда болмақ. Ол өз кезегінде экономикалық дағдарыстар туғызуы бек мүмкін. Айтпақшы, Трамп «сауда соғысын» ашқан күннің ертеңіде – ақ АҚШ – тағы ірі компаниялардың құнды қағаздары құлдырап, 3,4 триллион доллар зиян шекті. Трамптың әпербақандығы өзге емес, өз еліне соққы болып тиді. Бұл басы. Әлі алда саяси, әскери һәм экономикалық үлкен текетірестер күтіп тұр. «Екі түйе сүйкенсе арасында шыбын өледі» демекші, біз сияқты әлсіз –әлжуаз мемлекеттердің жайы не болмақ? Демек, Ақорда осының бәрін таразыға тарта отырып, «жаңбыр, жаңбырдың арасынан құрғақ шығатын» жол қарастырғаны жөн –ау.